МӘМС: бірыңғай пакет және жаңа мүмкіндіктер

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Бүгінде ел халқының 82 пайыздан астамы сақтандырылған. Дегенмен шамамен 3,3 миллион азамат МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында келер жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакеті енгізіліп, сақтандыру жүйесіне бірқатар маңызды өзгерістер енбек.

Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген түзетулерге қол қойып, сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау моделіне көшуді тапсырды. Бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, халықтың әлеуметтік осал топтарын толық қамтуға бағытталған. Аудандық емхананың МӘМС бойынша жауапты маманы Бақыт Ақниязованың айтуынша, бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізілгенімен, кепілдендірілген қызметтер қысқартылмайды. 

– Қызмет түрлері жойылмайды, тек қаржыландыру көзі өзгереді. Барлық сақтандырылған азаматтар, оның ішінде қант диабеті, церебральды сал ауруы сияқты созылмалы дертке шалдыққан науқастар бұрынғыдай медициналық көмек алып, қажетті дәрі- дәрмекпен қамтылады,- дейді ол. 

Өзгерістердің бірі – кейбір аурулар бойынша қызметтердің МӘМС пакетіне ауысуы. Мәселен, балалардың церебральды сал ауруына қатысты қызметтер енді міндетті сақтандыру есебінен көрсетіледі. Бұл аталған санаттағы балалардың сақтандырылған мәртебесіне әсер етпейді. Мемлекет олардың жарналарын толық өтейді. Бақыт Ақниязованың түсіндіруінше, бала 18 жасқа толғаннан кейін де оның мәртебесі қорғалған. Егер денсаулығына байланысты мүгедектік рәсімделсе, мемлекет жарнаны төлеуді жалғастырады. Ал жұмыссыз ретінде тіркелсе немесе D және E санаттарына жатса, жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. Студенттер үшін де жарна мемлекет тарапынан өтеледі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар айына 4250 теңге көлемінде жарна төлеуі тиіс. 

Келер жылдан бастап МӘМС жарналарын есептеудің жоғарғы шекті мөлшері де өзгереді. Жұмыс берушілер үшін 40 ең төменгі жалақыға дейін болса, жұмыскерлер үшін 20 ең төменгі жалақыға дейін белгіленеді. Осылайша 2026 жылдан бастап жоғары жалақы алатын азаматтар мен олардың жұмыс берушілері көбірек жарна төлейтін болады. Сонымен қатар сол жылы дәрі-дәрмектің ең төменгі қорын қалыптастыру үшін 20 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Тағы бір маңызды жаңалық – D (дағдарыстық) және E (шұғыл) санатындағы азаматтардың жарналары енді жергілікті бюджет есебінен төленеді. 

– Бұл санаттарға тұрақты жұмысы жоқ, соңғы үш айда зейнетақы жарналарын аудармаған аза¬маттар жатады. Олардың мәртебесі «Цифрлық отбасы картасы» арқылы автоматты түрде анықталады. Қосымша құжат жинаудың қажеті жоқ, — дейді Бақыт Ақниязова. 

Ресми тіркелген жұмыссыздардың да жарналары жергілікті бюджеттен өтеледі. Нәтижесінде келер жылдан бастап шамамен бір миллион адам МӘМС жүйесіне қосылады. Сонымен бірге бес жыл қатарынан жарна төлеп келген азамат жұмысынан айырылған жағдайда, оның сақтандырылған мәртебесі алты ай бойы сақталады. Бұрын бұл мерзім үш аймен шектелетін. Алты айдан кейін де жарна төленбесе, азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, медициналық көмекті МӘМС аясында ала алады. Жалпы енгізіліп жатқан өзгерістер халықты сақтандыру жүйесімен толық қамтуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. 


Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT