Әлеуметтік қызметкер – бұл жай ғана маман емес, ол жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз қамқорлығы арқылы қарт адамдарға қызмет ететін, мүгедектерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға баға жетпес көмек көрсететін жандар. Шынында біздің қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқаты көбінесе халықты әлеуметтік қорғау деңгейіне, әлеуметтік кепілдіктерге байланысты. Сала мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында Сарайшық ауылында орналасқан №1 арнаулы қызметтер көрсету орталығының директоры Гульнара Зинеденова туралы айтпақпыз.
Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданының тумасы Гульнара Хисметуллақызы он жылдық мектепті аяқтағаннан кейін Гурьев педагогикалық институтына түсіп, жоғары білім алады. Алғашқы еңбек жолын Атырау гуманитарлық колледжі директорының орынбасары қызметінен бастаған ол әлеуметтік салаға 2000 жылдары келді. «Атырау қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне» қарасты «Өмірлік қиын жағдайларға қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық» мекемесіне маман ретінде қызметке орналасып, кейін мекеме басшысы лауазымына дейін көтеріледі. 2011-2017 жылдар аралығында «Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасының №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры қызметін атқарады. Қазіргі қызметіне яғни №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры лауызымына 2017 жылдың наурызында тағайындалыпты.
– «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары» алғаш осы салада бастау алған кезінде жұмысты жаңа форматта ұйымдастыру қажеттілігі туындады. Ол кезде №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында еңбек жолымды бастаған кезім болатын. Ол мекемеде ерекше балалар тәрбиеленеді. Жаңа жобаның алғаш бастау алуы қиындау болатыны рас, сол кезде аздап түсінбеушіліктер болып жатты,- дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде өзі басшылық жасап отырған орталық ұжымы өз қызметінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» №263 бұйрығын басшылыққа алып, қызмет алушыларға 8 түрлі қызмет көрсетеді.
– Қызмет алушыларға үй жағдайына жақындатылған жағдай жасап, сапалы қызмет көрсету – орталықтың басты мақсаты. Қызмет алушылардың барлығының денсаулығында кінәраті болғандықтан медициналық қызметтің дер кезінде көрсетілуін үнемі қадағалап отырамын. Қазіргі уақытта орталықта 310 қызмет алушы бар. Бәрінің де мүгедектігі бар, психоневрологиялық аурулардан басқа бала күннен ақыл-ойы дамымаған мүгедектер, сал ауруымен ауыратын және деменция түріндегі диагноздармен стационар негізде жатып, қызмет алады. Орталықта қызмет алушылардың тұруына барлық жағдай жасалған. Орталықтың материалдық-техникалық базасы жылма- жыл толықтырылып отыр,- дейді №1 арнаулы қызметтер көрсету орталығының директоры Г.Зинеденова.
Орталық директорының сөзінше, кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп, мұқтаж жандарға көмек беруге әзір тұратын – әлеуметтік қызметкерлерге Үкімет тарапынан қолдау көрсетілген. Әр қызметкер заңнамаларға сәйкес лауазымына, еңбек өтіліне қарай тиісті жалақыларын мезгілінде алып, жылына бір рет сауықтыру ақысына ие болады.
– Әлеуметтік қызметкерлерді - мұқтаждың мұңын бөліскен мейірімді мамандық иелері деп айтқым келеді. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді пенде атаулының алуан- алуан тағдыры, түрлі ғұмыр жолы бар. Біреудің пешенесіне денсаулықтың кемдігі, енді екіншісінің жазмышына жалғыздық жазылады. Оларға көмек көрсететін жандар – әлеуметтік қызметкерлер. Менің ойымша, олар мейірімді, қайырымды,төзімді, қажырлы, әрдайым көмек қолын соза білетін елгезек жан болуы керек деп есептеймін. Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында әріптестеріме көзге көрінбейтін сауапты жұмыстарына табандылық, төзімділік, отбасыларына амандық тілеймін,- деді орталық директоры.
Кәсіби маманның әлеуметтік жұмыс саласындағы ерекшелігі – ол мемлекет пен оның әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтары арасында делдал рөлін атқарады. Олардың қызметінің негізгі мазмұны – адамдарға қамқорлық жасау. Бүгінде №1 арнаулы қызметтер көрсету орталығында қызмет алушыларды оңалту мақсатында психолог, қараңғы сенcорлық кабинет, дефектолог, емдік дене шынықтыру, еңбекпен емдеу, мәдени, массаж, физиокабинет, лаборатория кабинеттері жұмыс жасайды. Арнайы бейнекамералар, пандус, жедел шақыру түймесі, дабыл қағу құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар қызмет алушылардың жеке қызығушылықтары және қауіпсіздік шаралары үшін толық жағдай жасалынған.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ