Әлеуметтік сала ардагері

Елімізде қарттар мен аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен балаларды қорғаудың нақты жүйесі қалыптасқан. Осы жолда халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан сала қызметкерлерінің еңбектері ұшан-теңіз. Ауданымыздың әлеуметтік саласының әлеуетін арттыруға өз үлестерін қосып, көмекке мұқтаж азаматтардың мемлекет қамқорлығы мен қолдауынан тысқары қалмауы жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан жандар жетерлік. Соның бірі, осы салада жиырма бес жылдық еңбек өтілі бар еңбек ардагері – Алмажай Қартжанова Байқуатқызы.

Әлеуметтік саланың қыры мен сырын терең меңгерген көп жылдық тәжірибесі бар маманның еңбек жолы кейінгі жас буынға үлгі- өнеге. Әңгімемізді кейіпкеріміздің өмір жолы­нан бастасақ.

Алмажай Қартжанова 1963 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жо­лын 1980-1981 жылдары Ақтөбе қаласында №3 наубайханада 2 дәрежелі жұмысшы бо­лып бастайды. Еңбек ете жүріп, осы №3 наубайхананың жолдамасымен 1982-1987 жыл­дары Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсіп институтында білім алады. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Ақтөбе қаласындағы №1 наубайханаға бақылаушы-жинақтаушы бо­лып жұмыс жасайды. Арада біраз жыл өткен соң, тұрмыс құрып, Махамбет ауданына қоныс аударады. Мұнда келген соң да мамандығы бой­ынша қызмет табылып, ауылдағы наубайханаға лаборант боп орналасады. Алайда, жұмыстың тоқтауына байланысты барлық қызметкер қысқартуға ұшырайды. Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, сол арқылы «Шебер» шеберханасына қызметке ор­наласады. Ол қызметінен өз еркімен босатылып, 1999 жылы аудандық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің І дәрежелі маманы қызметіне қабылданады. Араға бес жыл салып, Алмажай Қартжанова бөлімнің жетекші маманы болып тағайындалды. Оның аудан әкімінің қаулысымен осы бөлімнің бас маманы қызметіне ауыстырылғаны бұл 2010 жыл болатын. Міне, содан бері осы лауазымдық міндетін абыройлы атқаруда.

- Қоғамда көп елене бермейтін әлеуметтік саланың арқалайтын жүгі ауыр. Тікелей халықпен жұмыс жасайтын болғандықтан оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, аз қамтылған отбасылар, ардагерлер өз мұқтаждықтарын айтып, бізге жүгінеді. Олардың әрқайсысына көңіл бөліп, сөзіне құлақ асып, сұрағына сы­пайы түрде жауап беру – біздің міндетіміз. Бұл сала төзімділік, сабырлылық, мейірімділікті та­лап етеді. Ең бастысы – ниеттің таза болуы маңызды. Ниеті таза адамның жұмысы да са­палы, нәтижелі болады. Бөлімде әр маманның атқаратын қызметі бар. Бөлімнің бас ма­маны ретінде менің жұмысым – әлеуметтік көмектерді төлеу және тағайындау. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін тағайындау, мүгедектігі бар балаларды үйден оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуге берілетін көмек, ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария са­ласы мамандарына коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша мамандарға әлеуметтік көмек тағайындау. Шет мемлекеттердің аймағындағы ұрыс қимылдарына қатысушы ардагерлері мен Чернобыль апатына қатысушыларына әлеуметтік төлем тағайындау. Сонымен қатар жекелеген мұқтаж азаматтардың санатына төленетін біржолғы әлеуметтік көмек бойынша да төлем тағайындалады. Бұрын құжаттарды жинақтап, аяқтай әкеліп тапсыратын болса, қазіргі таңда үйде отырып-ақ жіберуге мүмкіндік жасалып отыр, - дейді Алмажай Қартжанова.

Жауапкершілігі мол саланың ауыр жүгін қиынсынбай, ұзақ жылдар бойы бірге жемісті еңбек еткен әріптестерін де еске алып өтті.

- Жұмыс орны – адамның екінші үйіндей ғой. Осы екінші үйімде ең жақсы естеліктерім қалды. Алғаш бөлімге аяқ басқанда жұмысқа қабылдаған сол кездегі басшым марқұм Қайырғалиева Гүлмаш апай болатын. Білікті де білімді, өз ісінің майталманының мектебінен өттім десем артық болмас. Оған қоса осы саланың ардагерлері Түйшиев Тілекқабыл, Бердімұратова Гүлиза, Сапиева Зура сынды аға-апайларыммен әріптес болдым. Сонымен қатар, басшымыз Ажар Қабдолова, Алия Сейло­валар болып, олармен де ынтымақтастықта абы­ройлы қызмет еттік. Солардың көрсеткен бағыт- бағдарын басшылыққа алып, сенім үдесінен шығуға тырыстық. Осындай жақсы адамдармен өткен әр күніме, атқарған жұмысыма ризамын, - дейді кейіпкеріміз көзіне жас алып.

Алмажай апайдың жиырма бес жыл бойы еңбек еткен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бүгінде алты қызметкер бар. Жоғарыда аты аталғандардың ішінде Алия Сейлова басшының орынбасары бо­лып, қызмет етуде. Ол кісіге хабарласып, әріптесі жайында пікір білдіруін сұраған едік.

- Қай саланың болмасын қыры мен сыры, қатпарлары бар. Сол қатпарларды тегіс білетін, өмірлік мектептен өткен алдыңғы толқын тәжірибесі мол еңбек иелерінің үлгісі мен тәрбиесі жас толқынға ауадай қажет. Әлеуметтік салада шеберлігі шыңдалған білікті маманның бірі ол біздің Алмажай апай. Мен ол кісімен көп жылдан бері жақсы таныспын. Мінезі жайлы, адамгершілігі мол, артық сөзі жоқ, өз ісіне өте мұқият, ортаға сыйлы қарапайым жан. Мемлекеттік қызметшіге тән қасиет пен қабілетке ие. Сондай ақ отбасында сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әже атанған ол бүгінде зейнеткерлік жасқа шығып, еңбегінің зейнетін көруде. Әріптесімізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, шаңырақ шаттығын тілейміз, - деген жылы лебізін білдірді ол.

Еңбек жолы үлгі-өнегеге толы жанның отбасылық өмірінен де азды-кем мәлімет бере кетсек. Алмажай Қартжанова 1987 жылы махамбеттік Марат Жұмаханов есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, Еркебұлан, Ғалия, Жадыра атты ұл-қыздарының ата-анасы атанады. Жол­дасы ұзақ жылдар бойы жол саласында еңбек ет­кен, өкінішке қарай 2016 жылы дүниеден озды. Артында қалған ұрпағы өсіп-өніп, ержетіп, ұлы ұяға, қыздары қияға қонып, немере-жиендері өмірге келуде.

Алмажай Байқуатқызының ауданның әлеуметтік саласындағы ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағасын алды. 2023 жылы «Үздік әлеуметтік сала қызметкері» атағын алса, әр жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің, аудан әкімінің «Алғыс ха­тына» ие болып, «Махамбет ауданына 90 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тақты.

Кейіпкеріммен әңгімелесу барысында ұққаным – ол өзінің кіршіксіз көңілі, ақжарқын мінезімен кез келгенді баурап алатын қасиетке ие. Асылында бұл халықпен тығыз байланыс- та жұмыс жасайтын әрбір әлеуметтік сала маманының бойынан табылуға тиіс қасиет болса керек.

Редакциядан: Бет қатталып жатқанда жағымды жаңалық келіп жетті. Алмажай Қартжанова қарттар күніне арналған ша­рада облыстық ардагерлер алқасының төағасы М.Өтешовтің қолы қойылған Махамбет Өтемісұлы атындағы «Дауылпаз» медалімен марапатталды.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT