Қоғамдағы отбасы құндылықтарын насихаттау әрі оны дәріптеу мақсатында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын жалғасын тауып келеді.
Елдің өркенін өсірер өнегелі шаңырақтарды үлкен-кішіге үлгі ететін осынау байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан махамбеттік Калыковтар отбасы жүлделі І орынды иеленген болатын. Татулықты ту етіп, тамыры тереңге жайылған мерейлі әулетті осынау жеңісімен құттықтап, олар жайында газетке жариялауды жөн көрдік.
Калыковтар көпшілікке кәсіпкер отбасы ретінде жақсы таныс. 2001 жылы ауданда Зинелғабит Калыковтың бастамасымен «Танаис К» құрылыс компаниясы құрылған болатын. Содан бері жеке кәсіпкердің тұрғын үй, әр түрлі ғимараттар салып, құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысып келе жатқанына биыл 23 жыл толып отыр.
- «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, адам адал жолмен нәпақа табуға талаптанса барлық игілікке жол ашылып, берекелі болады. Отбасымда әкем де, анам да қарапайым еңбек адамдары еді. Ата-анадан алған үлгіміз бен бойымызға сіңірген жақсы қасиеттер бізді биікке жетеледі. Бір үйде өсіп-өнген 3 ұл, 4 қыз бәріміз де өмірден өз орнымызды таптық. Үлкен ағам физика-математика ғылымдарының профессор-докторы болса, екінші ағам Алматы қаласында құрылыс компаниясын басқарады. Қыздар жағы болса мұғалім, бухгалтер, банк саласы мамандықтарын меңгеріп, елге қызмет етті. Менің де жеке кәсіпкерлікке бет бұрғаныма жиырма жылдан асыпты. Содан бері тынбай еңбек етіп келемін. Еңбегімнің жемісін отбасым, өз елім көріп жатса, маған соның өзі зор бақыт. Әркім өз отбасын осылай таза еңбекпен асыраса, жас мемлкетіміздің іргетасының нығаюына да үлкен қолдау болмақ. Отан от басынан басталады демекші, үлкен бизнес шағын отбасылық кәсіптен бастау алады. Ел еңсесін көтеріп, қазақ елінің абыройын әлемге паш ету үшін әрбіріміз қажырлы еңбек етуіміз керек, - дейді отағасы Зинелғабит Калыков.
Жергілікті халықтың ұсыныс-тілегіне құлақ түріп, жаңа істі қолға алған Калыковтар отбасының бұрынғы құрылыс базасы 50-60 адамдық «Танаис» кафесі болып қайта ашылды. Ол бүгінде бірнеше жылдан бері ел игілігі үшін қызмет етуде. Өз тұтынушыларына жайлы атмосфера мен сапалы қызмет ұсынуды мақсат еткен кафенің барлық жұмыстарына жауапты отанасы Зульфия Калыкова.
- Қазіргі таңда кәсіпкерлер көп. Десе де, отбасылық кәсіпті игеріп кеткендер аз. Көпшіліктің сұранысына сәйкес «Танаис» кафесі есігін айқара ашты. Әр түрлі мерекелер, туған күндерін атап өтуге арналған кафемізде қонақтарымыздың жайлылығы үшін жазғы демалыс алаңын да жасақтаған болатынбыз. Алайда 2020 жылы бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияның салдары бізге де ауыр тиді. Біз ғана емес, көптеген кәсіпкерлердің жұмыстары туралап қалғаны рас. Күні кеше көктемгі тасқын су да бізді айналып өткен жоқ. Егін-мал шаруашылығын жүргізуге арналған жеріміз, кейбір құрал-жабдықтарымыз су астында қалды. Сондай сын сағаттардан аман-есен өтіп, жұмысты қайта жандандырудың өзі үлкен күш-жігерді, уақыты талап ететіні белгілі. Бірақ қанша қиындық болса да, бір-бірімізді демеп, әрқашан қолдауымызды аямаған емеспіз, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Бұл жандардың жарасымды шаңырақ болғанына биыл отыз үш жылға тарта уақыт болды. Сол кезде екі жастың отау құруы ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келген екен. Осы жылдар ішінде отбасында 3 қыз, 1 ұл өмірге келді. Тұңғышы Мейрамгүл экономист маманы, Гаухар атты ортанышы қыздары мұғалім, Замира болса шаштараз мамандығын таңдаған. Үйдің кенжесі Мұхамеджан Атырау мұнай және газ институтының 2 курс сутденті. Бүгінде қыздары өз теңдерін тауып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырған жайы бар.
- Мейрамгүл қызымыз Атырау қаласында тұрады, жолдасы Мирасбек Молдағалиев тепловоз машинисі болып қызмет атқарады. Гаухардың жолдасы Ербол Идирисовты көпішілік білетін шығар. Театр және кино әртісі, аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысы. Ал, Замира қызымыз махамбеттіктерге есімі етене таныс Чечиндер әулетінің келіні. Михайл екеуі шаңырақ көтеріп, бүгінде екі қыз, бір ұлдың ата-анасы атанып отыр. Күйеубалдарымның қай-қайсысының бізге деген құрметі ерекше. Оларды бір-бірінен бөліп-жармай, сыйлаймын. Себебі, Пайғамбарымыздың өзі күйеубаласын ерекше құрметтеген. Мен үшін үш қызым бір төбе болса, үйдегі кенжем Мұхамеджаным бір төбе, - дейді Зинелғабит ағамыз.
Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туа бітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық.
- Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз бар емес пе? Балаларымызды ата-баба дәстүрімен, ұлттық құндылықтарға жақын етіп, еңбек сүйгіштікке баулыдық. Ата тегін, руын біліп өсуіне ерекше көңіл бөлдік. Жастайынан спортқа, білімге жақын етіп өсірдік. Бұл тұрғыда жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, Мұхамеджан ұлымыз бокстан аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан әр түрлі дәрежедегі орындарды еншіледі. Көпжылғы еңбектің нәтижесінде бокстан “Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат” спорттық атағы берілді. Тіпті, күйеубалдарымыз мен қыздарымыздың , жиендерімнің де жетістіктерін жіпке тізіп атап шығуға болады. Біздің отбасымыздың қағидасы, осы өмірге келгесін өз еліңе, жеріңе, отбасыңа зор үлесіңді қосу. Балаларымыздың қай-қайсысы да осы қағидамен өмір сүріп, қоғамға өз үлестерін қосуда. Абай атамыздың: “сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан” деген нақыл сөзін үнемі айтып отырамыз, - дейді Зульфия апай.
«Танаис К» құрылыс компаниясының иесі З.Калыков бастаған құрылысшылар бригадасы кезінде Махамбет ауылының кіреберісінен қаз-қатар бой көтерген бес үй, «Алтын балық», «Жас дәурен» т.б. балабақшалар, аудандық сот ғимараты, «Тәуелсіздік» орталық алаңының құрылыс жұмыстарын жүргізген. Ауданның өсіп-өркендеуі жолында, әсіресе, құрылыс саласының дамуына ерекше үлес қосқан берекелі шаңырақтың иесі, ардақты әке, жиендерінің сүйікті атасы Зинелғабит Калыковтың жетістіктері жайлы атап өтпесек болмас.
Ол Ақтоғай селолық округі әкімі аппараты және село тұрғындары атынан село орталығынан 30 орындық балабақша үйін және селолық округ аппаратының кеңсе үйін салып бергені үшін, “Жауқазын” балалар бақшасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ел игілігіне жасаған жұмыстары үшін, аудандағы тәрбие ордасы - балабақшалардың ашылуына қосқан үлесі мен еңбегі үшін Алғыс хаттармен марапатталған. «Үздік мердігер», «Жыл адамы» атағын алған, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” және “Махамбет ауданына 90 жыл” мерекелік медальдарымен марапатталған. Сол сияқты жары Зульфия Халықова да ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлік саласының өркендеуіне қосқан үлесі үшін көптеген Алғыс хаттарды еншілеген.
- Мемлекет мерейінің биік болуы да отбасының ынтымақ-бірлігіне тікелей байланысты. Келешегіміздің жарқын болып, алға қойған мақсаттарға жетудің кепілі де отбасындағы өзара түсіністік пен татулық тамырының тереңге бойлауында жатыр. Бүгінде отбасылық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде жандандырып, үлгілі әулеттерді насихаттап отырғаны көңіл қуантады. Мерейімізді өсірген осы бір байқауға қатысқанымызға қуаныштымыз әрі ұйымдастырушыларға шын жүректен алғыс айтамыз, - дейді Калыковтар отбасы.
Көптеген өнегелі шаңырақ иелері арасынан бірінші орынды иелену Калыковтар отбасы үшін бұл зор мәртебе. Бұл атақ оларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, осындай жарасымды жанұяға қарап өзге де отбасылар бой түзеп, мерейі үстем отау болуға ұмтылатыны анық.
Б.САПАРОВА