«Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет». Дәл осындай атаумен ауданда Мемлекеттік қызметшілер күні аталып өтті. Халықтың сенімі мен мемлекеттің тұрақтылығы жолында қызмет етіп жүрген бұл сала мамандарының кәсіби мерекесі.
2002 жылдың 20 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 57 сессиясы 23 маусымды «Мемлекеттік қызмет күні» деп жариялау туралы резолюция қабылдады және БҰҰ - ға мүше мемлекеттерді осы күнді атап өтуге шақырды.
Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев арнайы қатысып сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, ел алдындағы еселі еңбектерін де атап өтті. Осы ретте қызмет жолында жоғары көрсеткіштері үшін облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен Махамбет аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы Фируза Арыстангалиева марапатталды. Сонымен қатар салтанатты шарада бір топ мемлекеттік сала мамандары ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының, аудан әкімінің алғыс хатымен де марапатталды. Жуырда мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық спартакиадада аудан намысын абыроймен қорғап, жүлдегер атанғандардың марапаты да осы жиында табысталды.
Аудан басшысынан кейінгі құттықтау сөзі Махамбет аудандық Мәслихат төрағасы Қайыржан Мәжиевке жолданып, ол да өзінің үзеңгілес әріптестеріне, кейінгі жас мамандарға ақжарма тілегін арнап, қиындығы мен жауапкершілігі мол салада халықтың сеніміне нұқсан келтірмей жұмыс жасауға шақырды және бір топ сала қызметкерлерін аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хатымен марапаттады.
Ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан айтқандай, «Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Осы орайда білімі мен білігі, ақылы мен мінезі сай келген, мемлекеттік қызметке жылдарын арнаған жандардың да мереке қарсаңында мерейі арта түсті. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің АОД басшысы Нұрлан Еркебаевтың қатысуымен өткен Атырау қаласындағы салтанатты жиында махамбеттік мемлекеттік қызметшілер де марапатқа ие болды. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевқа «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі табысталып, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ажар Қабдолова ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің Алғыс хатымен марапатталды.
Тәуелсіздігіміз тұрақталғалы бері елімізде мемлекеттік басқарудың, мемлекеттік қызметтің оңтайлы моделі құрыла бастады. Осыған сай, Президенттің Жарлығымен жыл сайын әкімдердің ел тұрғындарына есеп беруі қолға алынды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылуда. Мемлекеттік қызмет жүйесі барынша ашық ұйымдастырылып, қоғаммен байланысы нығая түсті. Нәтижесінде ел тұрғындарының проблемаларын дер кезінде шешуге, қажеттіліктерімен уақытында қамтамасыз етуге жол ашылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен біліктілігін арттыру, талантты жастарды мемлекеттік басқару ісіне жұмылдыру мақсатында Мемлекеттік қызмет академиясында білім алуға жағдай жасалып, жыл сайын Президенттік жастар кадр резерві іріктелуде. Қарқынды даму жолына түскен Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің беделі әлі де артып, халқына адал қызмет ететіндердің қатары көбейе береді деп сенеміз.
А.САТАЕВА.