28-маусым Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы «Жайық шұғыласы» газетінің ұжымын арнайы құттықтап келді. Аудан басшысы сексен жылдан астам тарихы бар, ауданның айнасы, халық үнінің жаршысы, ресми ақпарат көзі болып саналатын басылымның тыныс-тіршілігімен танысып, ұжымның еселі еңбегін жоғары бағалады.
- Бүгін міне, ақпарат саласы мамандарының төл мерекесімен құттықтай отырып, аудандық басылымның бастамаларын үнемі қолдайтынымызды жеткізгім келеді. Ұядай ғана ұжым болсаңыздар да, білдей ауданның газетін шығарып, халықты жаңалықпен құлақтандырып отырсыздар. Әлбетте, қолына қалам ұстағанның бәрі журналист емес. Сіздерді осы саланың оқыған-тоқыған кәсіби маманы деп білеміз. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың баспа бетінде сауатты түрде жариялануына да көңіліміз толады. Жұмыстарыңызға сәттілік, толағай табыстар тілей отырып, қаламдарыңыз мұқалмасын, жазарларыңыз таусылмасын-деп аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев ақжарма тілегін арнап, ұжымға арнайы алғыс хат пен естелік сыйлығын табыс етті.
Аудан әкімі аппаратының басшысы А.Мұқанғалиев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Аруев та әріптестерді мерекемен құттықтап, ұжымға сәттілік тіледі. Редакциямыздың жаңа ғимаратында жасақталып жатқан мұражай бөлмесін де аралап, аудан басшысы өз ұсыныстарын да білдірді. Газеттің бас редакторы Балнұр Сапарова да өз кезегінде қонақтарға алғысын білдіріп, «ел алдында атқарып жатқан еңбегіміз елене берсін!» деген тілегін айтты.
Иә, талай белді тұлғалар еңбек етіп, қолтаңбасын қалдырып кеткен «Жайық шұғыласының» бүгінде аға буыны құрметті зейнетке жетіп, қатарымыз жас мамандармен толығуда. Журналистер өзгерсе де, газеттің бағыты, жолы өзгерген жоқ. Әр бейсенбінің санында шығып жатқан жаңалықтар легі, ауданның тыныс-тіршілігі, бұқараның базынасы, әдебиет пен мәдениеттің жарқын жетістіктері оқырманның сұранысы мен талап-тілегі де ескерусіз қалған емес. Осы орайда ақпарат саласының айдында жүрген барша әріптестерімізді кәсіби мерекемен құттықтаймыз. Әрдайым ақпарат айдының алдыңғы шебінде арқалағанымыз алтын болып, елдің алғысына бөлене беріңіздер!
А.САТАЕВА