Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласының даму бағытына айрықша тоқталды. Президент бұл саланың қоғам өміріндегі орнына жоғары баға беріп, оның ел болашағы үшін маңызын нақты әрі терең айқындап берді. Расында да, мәдениет – мемлекеттің еңсесін көтеретін, ұрпақты тәрбиелейтін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды сала.
Мәдениет тек сахна мен кітапхана, өнер ордалары ғана емес. Ол – халықтың жаны, елдіктің айнасы, ұлттың рухани коды. Әрбір ән мен күй, әрбір әдеби туынды, әрбір мәдени шара – келер ұрпаққа аманат. Сондықтан мәдениетті дамытуға салынған қаржы – елдің ертеңіне, болашағына жасалған зор инвестиция.
Мемлекет басшысының Жолдауында мәдениет қызметкерлерін қолдау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, шығармашылық ізденіске мүмкіндік беру мәселелері ерекше атап өтілді. Бұл – мәдениет майталмандарына деген үлкен сенімнің белгісі әрі елдің рухани дамуындағы жаңа серпін болмақ.
Қорытындылай келе, мәдениетті өркендету – ұлттың болашағын айқындайтын басты міндеттердің бірі. Ұлттық бірегейлігімізді сақтау, жастарды тәрбиелеу, қоғамды біріктіру жолында мәдениеттің рөлі ерекше. Біз осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқарғанда ғана Мәңгілік Елдің рухани іргетасы нығая түспек.
Ж.Дүйсембаев,
Махамбет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы