Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Асхат Аймұратовтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте күн тәртібіндегі төрт негізгі мәселе қаралды. Жиында аудан мекемелерінің күзгі-қысқы кезеңге дайындығы, әлеуметтік және мәдени нысандардың жылыту жүйесі, бөлінген қаражаттың игерілуі және «Таза Қазақстан» акциясының орындалу барысы бойынша нақты баяндамалар тыңдалды.
БЮДЖЕТ БЕКІДІ. ЖҰМЫС БАСТАЛДЫ
Ең алдымен сөз алған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Шакимов 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады:
«Қазіргі таңда аудан бойынша мектептер, бала бақшалар, мәдениет үйлері мен көп қабатты тұрғын үйлерді жылыту үшін 121 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде 68,5 млн теңгесі аудандық бюджеттен. Бұл қаражатқа отын, генератор, қазандықтар мен күрделі жөндеу жұмыстары қарастырылды», – деді бөлім басшысы.
А у д а н б о й ы н ш а 2 1 к ө п қабатты тұрғын үйдің үшеуі орталықтандырылған жылумен, қалған 18-і автономды қазандықтармен жылытылады. Мектептер мен балабақшаларға қатты отын жеткізіліп жатыр. Генераторлар мен қосымша жылыту құрылғылары да алынуда.
МӘДЕНИЕТ НЫСАНДАРЫ
БАҚЫЛАУДА
Келесі баяндамада аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Дүйсембаев аудандағы мәдениет үйлері мен кітапханалардың жылыту жүйесіне дайын екенін жеткізді.
«Бөлімге қарасты 24 нысанның 12-сі – мәдениет үйі, 12-сі – кітапхана. Қазіргі таңда 4 нысан орталықтандырылған жүйеде, қалғандары автономды түрде жылытылады. Қазандықтарға техникалық тексеріс жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі, генератор, сигнал беру құрылғыларына қажетті қаражат бөлінді», – деді Ж.Дүйсембаев.
Сонымен қатар, автономды нысандарға қажетті 120 мың теңге өрт сигналын ұстауға, 180 мың теңге генераторларға және 104 мың теңге энергетикалық сараптамаға жұмсалмақ.
БІЛІМ – БАСЫМ БАҒЫТ
Аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева өз сөзінде: «Білім беру ұйымдары үшін күзгі-қысқы дайындық өте маңызды. 15 мектеп пен 16 бөбекжай-бақшаға ағымдағы жөндеулер жасалып, кейбір нысандарда күрделі жөндеу мен реновация жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді.
Жалпы 24 млн теңге мектептерге, 14,3 млн теңге бөбекжайларға бөлінді. «Жауқазын» мен «Көктем гүлі» бөбекжайларында толық күрделі жөндеу жүріп жатыр. Еңбекшіл және Қызылүй орта мектептерінде 80-114 мың теңгелік жаңғырту жобалары іске қосылды. Қаражатқа есік, терезе, шатыр жабындысы мен жылу жүйесі жаңартылып, кітапхана мен жаңа кабинеттер ашылуда. Қосымша құрал-жабдық ретінде дизельдік генераторлар, пештер, электр плиталары мен қосалқы жылыту құрылғылары алынған. Күзгі-қысқы дайындық паспортын алу үшін комиссия құрылып, тексеріс басталды.
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП КЕПІЛІ
«Таза Қазақстан» акциясының орындалу барысы бойынша Асылхан Шакимов қайта сөз алып, санитарлық тазалық, көгалдандыру, тұрмыстық қалдықтарды жинау және инфрақұрылымдық жоспарлармен таныстырды.
«Сәуір-маусым аралығында өткен тазалық айлықтарына 1780 адам қатысып, 50 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы саны 4325 түп ағаш отырғызылып, 462 қоқыс контейнері орнатылды. Бұл жұмыстар алдағы күзде де жалғасады», – деді ол.
Бюджеттен тазалыққа 189,8 млн теңге бөлінген. Оның ішінде ең ірі қаржы Жалғансай (115,9 млн тг), Ақтоғай (16,0 млн тг), Есбол (16,5 млн тг) ауылдық округтеріне бағытталды. Қалған округтер де қажетті техникамен қамтылуда. Аудан бойынша заңсыз қоқыс алаңдарын жою мақсатында 7 орын белгіленіп, экология департаментіне жолданған. Сонымен қатар, болашақта жаңа полигон құрылысын жүргізу мақсатында инженерлік-инфрақұрылым бойынша жобалар әзірленіп, конкурс жарияланған.
Аппараттық кеңес соңында аудан әкімі міндетін атқарушы А.Аймұратов сала жетекшілеріне жұмысты жүйелі ұйымдастырып, барлық нысандарды қысқа толық әзір етуді, қаржыны тиімді игеруді және тазалықты тұрақты назарда ұстауды тапсырды.
Қ.БАҒЫТ