«2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2019 жылы алда тұрған міндеттер» туралы тұрғындар алдында есеп беру кезегі Жалғансай ауылдық округінің әкімі Кенжебай Садықовқа келді.
Ауыл әкімінің баяндамасы ауылшаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстардан басталды. Жалпы округте 13300 га ауылшаруашылығы жерлерінің егістік алқабы - 1739 гектарды алып жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 19,4 пайызға азайған. 12 шаруашылық 45,5 га жерге картоп, 46,6 га көкөніс, 17га бақша, 10 га жеміс-жидек, 20га екпе шөп (жоңышқа) өсіріп, бір кәсіпкер демалыс орнын, енді бірі қонақүй ұйымдастырса, 5 кәсіпкер мал шаруашылығын, 1 кәсіпкер құс өсіру жұмыстарын жүргізіп отыр. 2 шаруашылық тамшылатып суару әдісін пайдалануда. Жыл ішінде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 2 шаруашылыққа тұқым, тыңайтқыш сатып алуға 361,0 мың теңге мемлекеттік субсидия берілген. Ауылдық округ бойынша барлығы 15 кәсіпкер тіркелген. Өткен жылы округке қарасты ауыл шаруашылығы мақсатындағы 61 жер учаскесінің, яғни 3367 га кері қайтарылса, 2463 гектарды құрайтын 38 жер учаскесі өз мақсатында пайдаланылмай отырғандығы белгілі болды.
Округте 2017 жылдың аяғында 507 мүйізді ірі қара, 1577 қой-ешкі, 106 жылқы, 309 құс есепке алынса, осы жылдың аяғында 558 бас мүйізді ірі қара, 1588 бас қой-ешкі, 142 бас жылқы, 330 бас құс тіркелген. Мал бағуда көптеген қиындықтар барын жасырмады. Мәселен, шөп дайындайтын шабындық жердің тапшылығынан шөпті шеттен сатып аламыз деген уәжін айтты.
Жалғансай ауылында 232 отбасы, барлығы 1250 халық есепте тұр. Барлық халықтың 120- зейнеткер, еңбек жасындағы белсенді 626 адамның жұмыспен қамтылғандары 586 адамды құрады. 66 адам өз бетімен кәсіп етеді. Жыл басынан жұмыссыздық есебінде 26 адам болса, оның ресми тіркелгені -16. Ақылы қоғамдық жұмысқа 15 жұмыссыз жіберілді. Жыл басынан 40 жаңа жұмыс орыны жоспарланып, оның ішінде 1 тұрақты, 42 уақытша жұмыс орындары болып орындалды. ЖК «Аида»3 әлеуметтік жұмыс орнын ашты. Жұмыссыздық деңгейі жыл соңында 4,1 пайызды көрсетіп отыр.
- Ауылдық округтегі 16 көше жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжатамасын жасақтауға 18511,0 мың теңгеге қаржыға сұраныс жолданды. Қаржысы шешілген жағдайда орындалатын болады. Жаңа мөлтек ауданға электр желісін жүргізу мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өтті. Өздеріңізге белгілі жаңа дәрігерлік амбулатория желтоқсанда айында пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл өзін-өзі басқару шотынан жергілікті қоғамдастықтың шешімімен бөбекжайға балалар ойын алаңы салынды. Бөбекжайдың материалдық базасы жыл сайын жақсаруда, - деген округ әкімі К.Садықов, аудан әкімінен бөбекжай ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша бюджеттен 1 млн 153 000 теңге бөлініп, Отаров көшесінің Жалғансай дәрігерлік амбулаториясының жаңа ғимараты бетіне 9 дана түнгі жарық шамдары орнатылып, бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Нақтырақ айтсақ, М.Қырымқұлова көшесінің балабақша жағына көше шамдары орнатылады. Тұрғындардың ауласындағы бақшаларын жазғы су желісі мен көше жарығын, санитарлық тазалық жұмыстарын жеке кәсіпкер Самиғолла Құбашев үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Су тазарту қондырғысы жеке кәсіпкер Қуаныш Меңдіғалиевқа сенімді басқаруға беріліп, таза су тұрғындарға (Жалғансай, Бақсай) кестемен беріліп отыр. Күні бүгін таза ауыз суды Бақсай округінен 134 тұрғын үй, Жалғансай округінен 213 тұрғын үй және мекемелер пайдаланып отыр.
Жыл ішінде 124 адамға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттамалар толтырылып, заңды шара алынып, айыппұлдар өндірілген.
Әкімнің халық алдындағы есебі тыңдалған соң кезек тұрғындарға берілді. Ауыл тұрғындары, бір топ зейнеткер Б.Қабышев, Ж.Отаров, С.Қуанышев, А.Шариповтардың көшені жарықтандыру, мал ұрлығы, жайылымдық жердің тапшылығы, канал мәселелері төңірегіндегі сауалдарына сала мамандары тиісті жауаптарын берді.
Тұрғындарды әбігерге салып отырған бүгінгі мәселелердің бірі мал арасындағы бауырқұрт ауруы болып отыр. Бұл жөнінде аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Мұратбек Сидеғалиев жауап берді.
- Көктемде су тасыған уақытта сайларға сулар бөлініп қалады. Су ағыны болмағаннан кейін жаз айларында ауа райының ыстығынан сайлардағы су шіри бастайды. Осы кезде жайылымда жүрген малдар сайдағы суларды ішкеннен кейін ішіне бауырқұрт жұмыртқалары енеді. 3-4 ай өткеннен кейін бауырын құрт жеп, соның әсерінен мал өлім құшады. Ауруды алдын алуға қарсы егілетін арнайы дәріні жыл сайын сұраныс беріп алдыртып, ауылдарға бөліп отырмыз. Биылғы жылы сұранысымыз қанағаттандырылмады, - дейді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы.
Аталған аурудың алдын алу бағытында аудан әкімі Ж.Ахметов ветеринария бөлімі мамандарына нақты тапсырмаларды жүктеді.
Жиын барысында жастар мәселесі, оның ішінде жастарды ауылдық елді мекендерге жұмысқа тарту төңірегінде де өзекті ойлар ортаға салынды.
Балнұр Сапарова