Ауылға балабақша қажет

 Аудан әкімінің бекіткен кестесіне сәйкес округ бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындау мақсатында Бақсай ауылдық округі әкімі Қайыржан Мәжиев ауыл тұрғындары алдында есеп берді.

Бүгінгі таңда округтің Көздіқара мен Есмақан елді мекендерін газбен қамту мәселесі ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мәселен, Көздіқарада газ желісі ағымдағы жылдың мамыр айында іске қосылса, Есмақанға «АЛТ-СтройПроект» ЖШС жобалау сметалық құжатын жасап, сараптамадан өткізді. Биыл қаражат бөлінсе, құрылысы жүргізілмек. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекттік бағдарламасы бойынша жұмыссыздарды тұрақты жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, қоғамдық жұмысқа тарту және жұмыспен қамтудың белсенді формаларымен әр ай сайын ауылдық округ тұрғындарына мониторинг жүргізіп, аз қамтылған отбасыларын кедейліктен шығаруға шаралар алынып отыр. «Бизнес бастау» жобасымен оқудан өткен 16 жұмыссыздың 8-і 37 млн. 200 мың теңге несие алып, жеке кәсіпкер атанды. Жаңадан 28 жұмыс орындары ашылды. 53 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, жоғары оқу орнын бітірген 2 маман жастар тәжірибесінен өтті. Ауылдық округтегі экономикалық белсенді халық саны 1570 адам болса, 14 тұрғын жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші болып тіркеуде тұр. Жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр. Жұмыс жасағанымен табысы аз, отбасы табысын біріне-бірін жеткізе алмай жүрген 8 отбасы мемлекет тарапынан 1 млн 840 мың 689 теңге жаңа нұсқадағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылса, ауылдағы «Қуатов», «Сәрсенов», «Жарасов» шаруа қожалықтары мен «Қаракөз» мейрамханасы мұқтаж адамдарға үнемі демеушілік көрсетіп келеді.

Ауылдағы жалғыз білім ошағына 2016 жылы күрделі жұмыстары жүргізілгенімен, қаражат жетпеуіне байланысты, ішкі су желісі мен кәріз жүйесі жасалмай қалған. Бірақ мектепке «Ақбұлақ» бағдарламасымен жүргізілген таза су кіріп тұр. Сондай ақ, мектептің электр желілері ескірген, толықтай жаңалауды қажет етеді. Мектеп пен интернаттың ауласын жарықтандыру мәселесі де бар. Интернатқа телефон желісі мен интернет жүргізілген. Енді оқушылар сабаққа дайындалатын бөлмені компьютер, интерактивті тақтамен қамтамасыз ету қажет.

Балабақша шаруашылық жолымен 55 жыл бұрын салынған, ескі ғимаратта орналасқан. Асханасы апатты жағдайдағы ғимаратта орналасқандықтан былтыр үш айға соттың шешімімен жұмысы тоқтатылыпты. Бүгінде «Райхан гүлі» бөбекжайында 3 топта 65 бала тәрбиеленуде. Ал 63 сәби балабақша кезегінде тіркеуде тұр. Соған орай Таңдай ауылына типтік жобадағы 250 орындық балабақша қажеттілігі туындап отыр.

Таңдайлықтардың ауылдағы дәрігерлік емханаға жоғары білімді дәрігер маманы келсе деген тілегі бар. Томан елді мекеніндегі медициналық пункт жабылды. Ал, Көздіқара елді мекен тұрғындары медициналық пункт ашуды сұрап отыр.

«Көкжелек көп болса ауылдың сәні. Әрбір үйдің ауласына ағаш отырғызып, бақша салуын биыл да қадағалайтын боламыз», - деді округ әкімі баяндамасында.

Бір қуантарлық жайт, ауыл тұрғындарының көптен бері көкейде жүрген өтініші қанағаттандырылып облыс әкімінің қолдауымен, «ЭнергоМост», «Батыс Альянс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің демеушілігімен ауыл ішіндегі каналдан өтетін көпір салынып, пайдалануға берілген.

Жыл ішінде 7 қылмыстық іс тіркелсе, ізі суытылмай 3 қылмыс ашылыпты. Қылмыстың көбі өріске шығып, жоғалған малдар болып отыр. Жасөспірімдермен жұмыс жасайтын ювеналдық полицияның жұмысын қанағаттанарлық деп айта алмайтынын жеткізді әкім. «Себебі, мектеп оқушыларының қолдарына темір сияқты қауіпті заттар ұстап, топтанып төбелесіп бір-біріне жарақат салуы жастар тәрбиесінде үлкен олқылықтар жіберіп отырғанымызды айғақтайды», - дейді.

Тұрғындар арасынан мінберге шығып тілегін айтқан ауыл ардагері, кәсіби емес медиатор Мұрат Есжановтан басқа сұрақ қоюшылар да, ұсыныс-тілек білдірушілер де болмады. Бұл әкім жұмысына халықтың көңілі толғандық деп топшыладық.

Дайындаған: Б.Сапарова.

Инфографика

Өткен жылмен салыстырғанда 487 шартты мал басына өсім бар.

2378 бас мүйізді ірі қара, 715 бас түйе,

758 бас жылқы 8747 бас қой-ешкі малдары бар.

Есепті кезеңде 20 шаруашылық: 84 гектар картоп,

133 гектар көкөніс, 80 гектар бақшадан өнім алды,

260 гектарға тамшылатып суару технологиясы қолданылды

Округтегі шаруашылықтарға мемлекеттен бөлінген субсидия 10 млн 919 871 теңге

Егін шаруашылығына - 4 млн. 517 мың 271 теңге,

мал шаруашылығы өніміне - 958 мың 600 теңге,

мүйізді ірі қара малын сатып алуға 450 мың теңге, мүйізді ірі қара малының селекциясына 4 млн. 994 мың теңге.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT