Қазақстандықтар биылғы сайлауда ерекше белсенділік танытатындығы туралы айтылған еді.
Қай сайлауда болмасын өздерінің даусын беруге, таңдауын жасауға асығатын махамбеттіктер де сайлау учаскесінің алдында кезекке тұрды. Махамбет балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында орналасқан №216 сайлау учаскесінде 1338 сайлаушы тіркелсе, дәл қазіргі уақытта 700-ге жуығы өз таңдауларын жасап үлгерген.
- Барлық партия да бұл сайлауға тыңғылықты дайындықпен келгендігі анық. Себебі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде қаладан бастап шалғай ауылға дейін барып, өздерінің бағдарламасымен таныстырып, сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды. Биылғы сайлау өз ерекшеліктерімен есте қалатындығы анық. Өйткені партиялық тізім бойынша дауыс беру және әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастырылған. Мұның өзі бұрын-соңды болмаған. Мұндай ерекшелік еліміздегі сайлауда демократиялық процестердің өсуіне және дамуына сеп болмақ. Партиялық тізімге сәйкес депутаттық корпусқа саяси көзқарасы қалыптасқан, еліне жанашыр азаматтар келеді деген сенімдеміз,-дейді ауыл тұрғыны Ермек Сабиров.
Сайлауға тәуелсіз байқаушы ретінде тіркелген Биғайша Еркинованың айтуынша, өрескел заңбұзушылықтар тіркелмеген.
- №216 сайлау учаскесі тәртіпке сай таңғы сағат 07-00-де өз есігін айқара ашты. Өзім, сайлаудың әділ өтуіне көз жеткізгім келіп байқаушы ретінде тіркелдім. Әзірге сайлау заң аясында және әділ өтіп жатқандығын айтқым келеді,-дейді байқаушы.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ