Махамбеттік өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу өткізді

Махамбет ауданында өткен жылы үш мәрте дала алқабындағы құрғақ шөптің жануы орын алса, биыл бір оқиға тіркелген.

Осыған орай орман шаруашылығы мекемелерінің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында «Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөнінде мекеме» коммуналдық мекемесі орман, дала өрттерін сөндіру бойынша тактикалық оқу-жаттығу жиынын өткізді.

o

«Оқу-жаттығудың мақсаты – дала, орман өрттерінің алдын алу және өрт бола қалған жағдайда мекемелердің дайындығын пысықтау болып табылады. 2019 жылғы өрттердің қайталанбасы үшін оқу-жаттығуды өткізіп отырмыз. Өрт қауіпті кезеңнің басталуына орай аудан тұрғындарынан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз»,- дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ізбасар Сақыпқалиев.

o

Оқу-жаттығу басталмас бұрын әуелі орман шаруашылығы мекемесінің және төтенше жағдайлар бөлімнің басшылары аудан әкімінің орынбасарымен бірге сап түзеген мекеме қызметкерлерінің қажетті құралдармен-жабдықталу жайын қадағалап шықты. Кейін негізгі жұмысқа көшті.

ort240620-6

Алдын ала әзірленген бағдарлама бойынша 101 нөміріне аудан іргесіндегі Сарытоғай ауылы тұсында дала құрғақ шөбінің жанып, орман өртіне ұласу ықтималдығы туралы хабар түсті. Өрт өрши түсіп, орман алқабына қарай бет алады. Төтенше жағдай қызметінің жеке құрамы арнайы көліктерімен шарпыған жалын ортасына жетіп, оны ауыздықтауға кірісті. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен жарты сағат бойы арпалысты. Жалпы аумағы бір гектар жерді шарпыған дала өртін сөндіруге 6 мекеме, 10 бірлік техника және 50 адам жұмылдырылды. Жаттығуға жұмылдырылған тракторлардың көмегімен өрттің бағытындағы жер жыртылып, қарсы от қою жөнінде шешім қабылданды. Нәтижесінде өрт дер кезінде сөндіріліп, орман алқабы тілсіз жаудан аман қалды. Жалынды ауыздықтау кезінде бір адам зардап шегіп, оған шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, аудандық емханаға жеткізілді.

o

Оқу-жаттығудың барысын бақылаған комиссия төрағасы өрт сөндіруге қатысқан барлық мекеме қызметкерлеріне алғыс білдіріп, іс-шараның жоғары деңгейде өткендігін айтып, төтеншеліктердің өрт оқиғасы барысындағы іс-әрекетін жоғары бағалады.

ort240620-7

«Бұл жаттығуда жылдамдықпен қатар тактикалық кәсіби шешімдердің де ауадай қажет екені даусыз. Өрт сөндіру кезінде қатардағы жеке құрамды тәжірибелік тұрғыдан машықтау, өрт шыққандығын анықтаған жағдайдағы іс-әрекеті, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт сөндіруге ерікті жеке құрам қызметкерлерінің төтенше жағдайға дайындығын және өртті өшіру тәжірибесін анықтау – осы іс шарадағы негізгі қойылатын талап.Сіздерге қызмет барысында тек қана сәттілік тілеймін»,- деді аудан әкімінің орынбасары З.Жаңабайұлы.

«Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөнінде мекеме» коммуналдық мекемесінің директоры Өркен Қапановтың айтуынша, ауданда 12430 гектар мемлекеттік орман қоры бар екен.

- Орман қауіпсіздігін бақылап, өрттің алдын алу біздің басты міндетіміз болып табылады. Сәуір айынан бастап қарашаның біріне дейін өрт қауіпті кезең болып саналады, осы уақыттарда тілсіз жауды болдырмау маңызды. Оқу-жаттығу жұмыстарынан бөлек бүгінгі таңда ауданда өрттің алдын алу бойынша жол бойларында 80 километр минералды жолақтарды жырту жұмыстары да жүргізілді,- дейді мекеме басшысы.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT