20 отбасыға көмек көрсетілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 8 сәуірдегі «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында:
«Кәсіпкерлер, сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді. Менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін» деген болатын.
Осы орайда қайырымдылық пен жомарттықты ту еткен жергілікті азаматтарымыз да бірлесіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. Солардың бірі – Махамбет ауданының Құрметті азаматы, жеке кәсіпкер Бағыт Габдуллин. Ол ауданға қарасты Бақсай, Жалғансай ауылдық округтеріндегі көмекке зәру аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызілікті қарттарымызға азық-түлік табыстады. Жалпы саны 20 отбасыға көмек көрсетілді.
Қамқорлықты сезінгендер де өз тараптарынан жылы лебіздерін де арнап жатты. Азық-түлікті үлестіруге «Nur Otan» партиясының аудандағы филиалының өкілдері, еріктілер мен ауылдық округ мамандары атсалысты.
«Жеке кәсіппен айналысып отырғаннан кейін, елдегі жағдайға байланысты Республика бойынша өтіп жатқан акцияға өз үлесімізді қосқымыз келді. Мен Ұлы Отан соғысынан кейін туғандардың бірімін. Сол уақыттарда жалаң аштық та болды, киіп жүрген киімнің өзі бүтін болған жоқ. Сондай қиындықтар бізді ерте есейтті. Жалпы қазіргі қиындық сол соғыстан кейін халық басынан кешірген ауыртпашылықтың қасында түк те емес. Сол үшін ешқандай уайымға салынбай, қолымыздан келгенше бір-бірімізге қолдау білдіруіміз керек. Тәртіпке бағынып, талапты орындайтын болсақ, біз бұл індетті де жеңеміз»,- дейді Бағыт Қабдолұлы.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ