Махамбеттік фотограф Д.Орынбасаров: «Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді»

Той-бизнесте асаба, музыканттардан бөлек, маңызды рөлдің бірін атқаратындар фотографтар екені белгілі.

Бұл салада жүргеніне 6-7 жыл болған махамбеттік фотограф Дәулет Орынбасаров той тұрмақ, қарапайым тапсырыстардың өзі тоқтап қалып, біраз шығын келтіргенін айтады.

- Наурыз айында төтенше жағдай жарияланған уақытта бір айдың көлемінде аса қиындық көрмей, еш алаңдамай жүре бердік. Кейін жалға алған ғимараттың ақшасын төлеу, алдын ала алып қойған төлемақылардың ақшасын қайтару секілді мәселе туындағанда ғана ойлана бастадық. «Қырсық бір айналдырғанды - шыр айналдырады» демекші, сонымен қатар сол уақытта доллардың да бағамы көтеріліп кетпесі бар ма?! Яғни қажетті материалдарды шетелден алатын болғандықтан, олардың бағасы күрт жоғарылады. Содан амалсыздан жалға алып отырған орыннан кетуге тура келді. Төтенше жағдай біткеннен кейін ақырындап тапсырыстар ала бастадық. Мектеп бітірушілердің коллаждары, тойлардың алдын ала фототүсірілімдерін жасай бастадық. Оның өзінде санитарлық талаптарды сақтай отырып жасадық. Бірақ кейін карантин ұзарту шаралары басталған уақытта тапсырыстар толық тоқтап қалды,- дейді фотограф.

Жерлесіміз алдымен тойға мораторий жарияламастан бұрын тойдың форматын біріздендіріп, 400-500 адамды жинап, той өткізуді қойып, шағын форматқа көшуді қолдап отыр.

- Төтенше жағдай аяқталып, 30- 40 адаммен іс-шара өткізуге рұқсат етілген мезгілдегі тойлар - ең керемет өткен тойлар дер едім. Өйткені, ол тойда ет-жақын туғандарың жиналады, басы артық, өмірі көрмеген адамың жоқ. Оның үстіне қазір халықтың көбі несиеге той жасайды. Нақты жинақ қаражаты болмаған соң қарызға ұлын үйлендіріп, қызын ұзатып, басқа да қуаныштарын атап өтеді. Жұрт тойдан түскен сый-сияпат есебінен қарызды жабамыз деп ойлайды. Меніңше, халық ендігі жерде аста-төк тойдың орнына ықшамдап, шағын ортада қуанышты атап өтуді үйренгені дұрыс секілді,- дейді кейіпкеріміз.

Дәулеттің негізгі мамандығы - педагог, дәлірек айтқанда информатика пәнінің мұғалімі. Жақын арада мамандығы бойынша жұмысқа орналасқалы жатыр екен. Бірақ бір салада тоқтап қалмай, алдағы уақытта мемлекеттік қызмет саласында да еңбек ету жоспарында бар көрінеді. «Жиған-тергенін тойда шашатын қазақтарға көрпесіне қарай көсілетін уақыт келді» деген Дәулеттің пікірімен келісуге болатындай-ақ.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT