Махамбетте жаңа наубайхана ашылды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Махамбет ауданында жаңа нысан жұмысын бастады.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Махамбет ауданында жаңа нысан жұмысын бастады.

Көпбалалы ана, ауыл тұрғыны Мерует Сансызбаева кәсіпкерлерді қолдау бағытында жасалып жатқан бірқатар жеңілдіктер барын естіп, жаңа іс бастауға бел буған. Әр шаңырақтың дастарханынан табылатын, астың «атасы» саналатын нан пісіруді кәсібіне айналдыруды көздеп, өзі тұратын өңірден халыққа қажетті наубайхана ашты.

Бастапқыда өз үйінен түрлі тәттілер, торт пісіріп бастап, кейін жеке наубайхана салуды мақсат еткен көпбалалы ана жанұясымен ақылдаса келе, азық-түлік дүкені мен наубайхананы қатар тұрғызады. Жақсыны көрмекке деп, біз де «Уали» деп аталатын жаңа нысанға бас сұққанбыз. Буы бұрқырап пештен шыққан нанның иісі аңқып, келушілердің де қатары артқан, лезде өтіп кетіп жатыр.

nan21220

- Қазірдің өзінде тәулігіне шамамен 100-ге жуық нанды пісіріп отырмыз. Нанға дрожжаны қоспай, ашытқының өзімен ғана пісіреміз. Ұнды судың өзімен ашытқан кезде, иістеніп, бұзылмайды және денсаулыққа пайдалы. Әзірге сұранысқа ие, жоғары сұрыпты нанды пісіріп сатып отырмыз. Алдағы уақытта бірінші сұрыпты нанды да, түрлі тәттілерді дайындау ойда бар,- дейді Мерует Сансызбаева.

duken21220

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалы арқылы «Ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы шеңберінде 7 пайызбен 4 жылға 3 млн. теңге несие алған кәсіпкер еңбегінің ақталатынына көзі жетіп, соңғы үлгідегі нан пісіретін пеш, нан илейтін машиналар мен тағы басқа жабдықтарды сатып алады. Жеке кәсіпкердің сөзінше, қадағалаушы-бақылаушы орган өкілдері наубайхананың барлық талаптарға сай салынып, заң бұзушылықтардың орын алмағандығын айтқан.

- Наубайхананы ашпас бұрын түріктің атақты «Social» кулинарлық курсын онлайн оқып, нан илеудің, пісірудің түрлі тәсілдерін меңгердім. Ең алдымен кәсібімізді ыңғайлап, халықтың сұранысына сай қызмет атқарғаннан кейін, қосымша жұмыс күшін алу қажеттігі туындайтыны анық. Отбасылық кәсіп болғандықтан енем, жолдасым, балаларым мен ағайын-тумалардың көмегімен істі жүргізіп отырмыз. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілер көмек көп. Оны тек тиімді түрде пайдалану қажет,- дейді жеке кәсіпкер.

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, ауданымыздың дамуына өзінше үлес қосып жатқан жандардың қатары күн санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Өзінің туған жеріне жанашырлық танытып жүргендерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT