Махамбетте «Заң мен тәртіп» акциясы аясында турнир өтті

Махамбет ауданында «Заң мен тәртіп» республикалық акциясы аясында бірқатар тәрбиелік және спорттық шара ұйымдастырылуда. Солардың бірі – оқушылар арасында және ауданаралық деңгейде өткен понд-хоккейден турнир. Аталған жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, оларды салауатты өмір салтына баулу, сондай-ақ тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеу.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан прокуроры Әділет Нұрбаев сөз сөйлеп, акция аясында өткізілетін мұндай шаралардың жастар тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.

– «Заң мен тәртіп» қағидаттарын жастардың санасына сіңіру – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі. Спорт – жасөспірімдерді тәртіпке, жауапкершілікке және мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейтін тиімді құрал. Осындай шаралар арқылы біз жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың дұрыс өмірлік бағыт таңдауына ықпал етеміз. Бұл – құқықбұзушылықтың алдын алудың да маңызды тетігі. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан прокуроры.

Жарысқа аудандық білім беру ұйымдарының командалары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің “ALIMAY” командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Е.Ағелеуов атындағы орта мектеп иеленсе, үшінші орын аудан мектептерінің оқушыларынан құралған құрама командаға бұйырды. Айта кету керек, жарысқа қатысқан оқушылардың барлығы – Махамбет ауданындағы ересектерден құралған “ALIMAY” командасының түлектері.

Турнир қорытындысында үздік командалар мен ойыншылар арнайы марапаттарға ие болды. «Заң мен тәртіп» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған бұл шара жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың заңға құрметпен қарап, тәртіпті басты құндылық ретінде қалыптастыруына оң әсерін тигізді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT