Махамбетте волейболдан аудан әкімінің кубогы сарапқа салынды

8-10 ақпан күндері ересектер арасында волейболдан «Махамбет ауданы әкімінің Кубогы» үшін облыстық ашық турнир өтті.

Жарыстың мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және ауыл спортын дамыту, волейбол спортына деген қызығушылықты арттыру. Тартысты додада қаладан және 7 ауданнан келген құрамалар өзара  бақ сынасты.

Екі күнге созылған жарысқа облыстың ардагер ойыншылары мен волейболдан Қазақстан Республикасының жоғары лигасында  мұнайлы өлкенің намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылары да өнер көрсетті. Сайыстың алғашқы күнінде топтық кезеңдер өтсе, келесі күні жартылай финал мен финалдық ойындар өткізілді.

Жеребе арқылы екі топқа бөлініп, сынға түскен командалар арасынан Махамбет пен Құрманғазы ауданы, Атырау қаласының «Suleimen NSS» командасы және Қызылқоға ауданының волейболшылары жартылай финалда жолықты. Ақтық бәсекеге жолдама алған жерлестеріміз атыраулықтардан айласын асыра алмады. Алғашқы партияда алаң иелері жеңіске жетсе, қалған екі партияда «Suleimen NSS» командасы өз шеберліктерін көрсетіп, жеңісті жұлып алды.

Осылайша, Атырау қаласының командасы «Аудан әкімінің кубогін» төбелеріне көтерді. Күміс жүлде махамбеттіктерге бұйырса, қызылқоғалықтар қоланы қанағат тұтты.

– Облысымызда волейбол спорты қарқынды түрде дамып келеді. Жастардың қызығушылығы өте жоғары деңгейде. Республикалық жарыстарға да қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Бүгінгі турнирге қатысушы командалардың бәрі де мықты. Осалы жоқ. Жарысты ұйымдастырған Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев пен бізді қолдаған «NSS» компаниясына және Ибрагим Шияпұлына өз алғысымызды білдіреміз,- деді «Suleimen NSS»  командасының бас бапкері Биғали Жұмағазиев.

«Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен Құрманғазы ауданы командасы марапатталды. Құрманғазылық Саят Сыдиков «Үздік қорғаушы», махамбеттік Рүстем Мусин «Үздік байланыстырушы», қызылқоғалық Жандос Тумуғалиев «Үздік шабуылшы», атыраулық Ануар Шеркешбаев «Үздік ойыншы» атанды.

Барлық жеңімпаздарға арнайы кубок пен медаль және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Айта кету керек, волейбол спорты Махамбет ауданында қарқынды дамып келеді. Жуырда жасөспірім қыздар арасындағы қысқы Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатысып, мол тәжірибе жинақтады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521