Тілге тірек болып, қоғамда маңызға ие болып отырған саяси науқан – бұл ауыл әкімдерінің сайлауы.
Ел президентінің шешімі бойынша ауыл әкімдерін халық сайламақ. Осы үрдістің алғашқы «қарлығаштарымен» кездескен Н.Жұмахметұлы ең алдымен үгіт-насихат жұмысының маңызды екендігін атап өтті. Негізгі құжат – әлеуметтік-экономикалық жағынан көтеруге бағытталған сайлауалды бағдарламасы. Тұрғындармен кездесу кезінде «Nur Otan» партиясынан үсынылған кандидаттар көшбасшы партияның сайлауалды бағдарламасын негізге алмақ.
Сонымен қатар биылғы ауыл әкімдерінің сайлауындағы үміткерлер күрделі кезеңде, яғни пандемия уақытында халықпен байланысты онлайн режиге ауыстырды.
- Бұл демократиялық үрдіске, шешімге біздер үлкен маңыз беруіміз қажет. Бұл үрдістің еліміздің ішкі және сыртқы саясатында алар орны ерекше. Осы бағытта «Nur Otan» партиясынан ұсынылған ауылдық округ әкіміне кандидаттармен кездестім. Көкейіндегі түйіткілді сұрақтар, басқару жүйесіндегі тетіктер жөнінде өзімнің тәжірибемнен кейбір ұсынымдарымды айттым. 25-ші шілде күні сайлау өтіп жатқан әрбір ауылда сайлау құқығына ие сайлаушылар, ауыл тұрғындары ауыл әкімін өздері таңдап, тікелей дауыс береді. Бұрын мұндай сайлау болған емес. Бұрын жанама дауыс беру арқылы, былайша айтқанда аудандық, қалалық депутаттардың дауыстарымен ауылдық округ әкімдері сайланатын. Биылғы әкімдер сайлауында барлық жааупкершілік ауыл азаматтарының өзінде. Ауыл тұрғындарын, сайлау құқығына ие азаматтарды өз қалауларына сәйкес үміткерлерге дауыс беруге шақырамын, - дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Жұмахметұлы.
Солардың ішінде, Ақжайық ауылдық округіне әкіміне «нұротандық» үміткер, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Ақтұрлан Ерманов та үгіт-насихат жұмысын бастады. Алғашқы шарасына қатысқан Н.Ожаев сайлаушылар алдында кандидаттың бойындағы артықшылықтар, ерекшеліктер, жұмыс тәжірибесін жеткізді.
- Ауылдың тыныс-тіршілігімен жете таныспын деп айта аламын. Ақжайық ауылы аудан көлеміндегі ауылдармен салыстырар болсақ, жағдайы жақсы. Жолы, газы, жазғы-қысқы су желісі бар. Бірақ жақсарғанның үстіне жақсарғанды тілейміз ғой. Бүгінгі таңда 200 үйдің құрылысына жер учаскесі бөлінді. Осы аумақтарға инфрақұрылым толықтай жүргізілсе деген ой бар. Ескі Ақжайық ауылында жарық, жол жүргізілмек көшелер бар. Осы олқылықтарды ретке келтірсем, ауылға сапалы балалар ойын алаңын салдырсам деген ой бар,-дейді ауыл әкіміне кандидат, «Nur Otan» партиясының мүшесі А.Ертұрлыұлы.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес ауылдық округ әкімдеріне үміткерлер 14 шілде күні кешкі сағат 18:00-ден кейін үгіт-насихат жұмысын бастады.
Үгіт-насихат шаралары Атырау облысының «қызыл аймақта» болуына байланысты санитарлық талаптарға сәйкес жүргізіледі.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ