ӨТКЕН ЖҰМАДА МАХАМБЕТ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНАН ХАЛЫҚ КӨПТЕН КҮТКЕН ХОККЕЙ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ. ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ ЖОҚ МҰНДАЙ ХОККЕЙ КОРТЫН “ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ” ЖОБАСЫ АЯСЫНДА БЕЛГІЛІ КӘСІПКЕР ТАРТУ ЕТТІ. АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН, «ALIMAY” ЖШС-НІҢ БАСШЫСЫ, СПОРТ ЖАНАШЫРЫ, 2024 ЖЫЛДЫҢ «ҮЗДІК КӘСІПКЕРІ», АУЫЛЫМЫЗДЫҢ БЕДЕЛДІ АЗАМАТЫ АНДАШЕВ ЕРЛАН АМАНГЕЛДІҰЛЫНЫҢ ДЕМЕУШІЛІГІМЕН САЛЫНҒАН АЛАҢНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТІП, АЛҒАШҚЫ ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ ДЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев арнайы қатысып, халыққа құттықтау сөзін арнады.
-Бүгін міне, ауданымызда типтік жобадағы хоккей алаңының ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Жалпы ауылымызда соңғы жылдарда бірқатар спорт кешендері ашылуда. Әйтсе де, ардагерлеріміздің арманын орындап, осындай мұз айдынын салып берудің орайы келмеген-ді. 2023 жылы ауданда өткен «Туған жерге тағзым» форумы аясында Ерлан Амангелдіұлы осы хоккей кортын салып беруге уәде еткен еді. Бүгін міне, сол уәдесін орындап, ауыл жастарының салауатты өмір салтын дамытуға өз үлесін қосуда, – деп аудан әкімі өз атынан, барша махамбеттіктердің атынан кәсіпкерге алғысын айтты.
“Туған жерге тағзым” атты ауданда өткен жерлестер форумына алпысқа жуық әр салада қызмет ететін Махамбетте туып-өскен азаматтар мен кәсіпкерлер қатысқан-ды.
Сол форумда аудан әкімі алдағы жоспарлы жобаларды көпшілікке ұсынып, жоба аясында жерлес кәсіпкерлерді туған жерді көркейтуге үлес қосуға шақырды. Аталған ұсыныстар нәтижесінде балаларға арналған ойын алаңы, кіші аяқ доп алаңы, хоккей алаңы, бассейн, қонақ үй салу, әлеуметтік қолдау, балалар аттракциондық паркін салу сынды өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды. Ауылымызда ашылып жатқан хоккей алаңы сол екіжақты келісімінің жемісі десек болады.
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша» деп айтқан еді. Осы ретте «Alimay» ЖШС-нің атынан өзім туып-өскен Махамбет ауылына хоккей алаңын сыйға тартуды жөн санадым. Заманауи үлгідегі корт темір және стеклопластикалық материалдан жасалған. Оны арнайы тапсырыспен Ресейдің Киров қаласындағы зауыттан алдырдық. Мұз айдынының жалпы аумағы 80 шаршы метрді құрайды. Құрылысы өткен жылдың қазан айында басталып, 2 ай көлемінде аяқталды. Сонымен қатар, алаңның төрт жағынан да арнайы жарық шамдар орнатып, ауыл халқы және хоккейшілер түнгі уақытта да мұз айдынында сырғанау үшін жағдай жасадық. Біздің бала күнімізде хоккей қақпасын қолдан жасап, Жайық өзенінде жарыс ұйымдастырушы едік. Бүгінгі дамыған заманда оның өзі халықаралық стандартқа сай зауытта арнайы өндіріледі екен.
Қазір ауа райының күрт жылынуына байланысты, бұрынғыдай Жайық өзенінің үстінде хоккей ойнау аса қауіпті. Сондықтан, ауыл халқы, жастары мен балалары осы мұз айдынында қауіпсіз сырғанап, спортпен шұғылданса дейміз. Алдағы ақпан айында осы жаңа кортта хоккейден облыстық турнир өткізу жоспарлануда. Оған Аққыстау, Құрманғазы және Атырау қаласынан командалар күтілуде,-дейді жылдың үздік кәсіпкері Ерлан Андашев.
Сыйымдылығы 50 адамдық әуесқойларға арналған хоккей кортының барлық құрал-жабдығы Ресейден алынған. Соққы мен суыққа төзімді пластикалық материалдан жасалған алаңда екі команда емін- еркін ойнай алады. Кешегі өткен ашылу салтанатында ауылымыздың әуесқой ардагер спортшылары мен жастардан жиналған құрама қатысып, мұз үстінде әдемі ойын өрнегін көрсеткен болатын. Сол ойынды тамашалай отырып, өмірінің 40 жылдан астам уақытын осы спорт түріне арнаған ардагер спортшы Темірхан Төлеуов ағамызбен тілдестік:
Шыны керек, біз осы күнді өте көп күттік. Біраз жылдан бері, облыс, аудан әкімдеріне, тіпті “Amanat” партиясына да барып осындай ашық мұз алаңын салып беруді сұрап жүрміз. Бүгінде спортсүйер қауымның сол тілегін орындап, Ерландай жомарт азамат үлкен игі іске мұрындық болып отыр. Ендігі міндет – жас ұрпақты осы спорт түріне баулып, болашақ чемпиондарды ауылдан тәрбиелеп шығару” дейді ардагер спортшы.
Тәжірибелі спортшы Темірхан Төлеуов 2015 жылдан бері ауданның хоккей құрамасын дайындауды қолға алып, шәкірт тәрбиелеу ісіне ден қойды. Ұлы Әли Төлеуовпен бірге облыстық «Энергетик» құрамасында өнер көрсетіп, чемпион атанған болатын. Ағамыздың ендігі арманы - осы мұз алаңын құр қаңыратпай, мектеп оқушыларын, жас жеткіншектерді ата- анасы қолдау білдірсе, хоккейге баулу.
“Туған жерге тағзым” жобасы аясында жүзеге асырылған бұл ашық алаң “Alimay”-дың ауданға арнаған алғашқы тартуы емес. Бұған дейін кәсіпкер компания атынан Махамбет ауылының орталығынан құны 15 млн-дық заманауи спорт алаңын ашып берген еді. Одан бөлек Ерлан Андашевтың баспасөзге жазылу кезеңіндегі “Жайық шұғыласына” қолдауын да ерекше атап өткіміз келеді. Бүгінгі ашық аспан астындағы мұз айдынының ашылу салтанатына да құр келмеген ол германиялық Bauer брендінің хоккей таяқшасы мен шайбасын ауыл құрамасына сыйға тартты. Махамбеттіктердің салауатты өмір салтын сақтап, қысқы спорт түрімен машықтануына арналған алаң енді халықтың игілігіне қызмет етпек.
А.САТАЕВА