Махамбет ауданында COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинациялау шарасы басталды.
Оған Ресейде шығарылған «Спутник-V» (Гам-КОВИД-Вак) вакцинасы қолданыла отырып, алғашқы 10 адамға екпе берілді. Оның 8-і аудандық ауруханының қызметкерлері болса, 2-еуі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары. «Спутник-V» вакцинасы 18 жасқа дейінгі балаларға ұсынылмайды, себебі вакцинаны осы жас тобына қолдану әлі зерттелмеген. Вакцинаны тек ҚР кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады.
- Вакцинация кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтары вакцинацияланып, одан әрі иммундауға жататын халықтың қалған топтары қамтылатын болады. Бірінші кезекте жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, АМСК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері вакцинамен қамтылады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызметкерлерді қамтиды. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтарын, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерін қамтиды.
Қазақстанда вакцинация ерікті түрде жасалады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабына сәйкес кез-келген медициналық рәсім, оның ішінде вакцинация егілушінің тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Елімізде вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін негізде ұсынылатын болады, - дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлшат Ажигалиева.
- Ауданға ресейлік «Спутник V» вацинасының 30 дозасы келіп түсті. Бір флаконда 5 доза болса, флакон ашылғаннан кейін екі сағаттың ішінде 5 адамға салып үлгеру керек. Бірінші кезекте біздің өзіміздің қызметкерлерге егу шарасы жүргізілуде. Вакцинациядан бұрын дәрігерлер науқасты тексеріп, толық тарихын, оның ішінде аллергологиялық мәліметтерін жинайды. Температураны, қысымды және импульсті де өлшейді. Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, вакцинация жасалады,-дейді аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Болат Қалиев.
Вакцина алғаннан кейін бақылау бөлмесіне орналастырылады. Вакцинаны алғаш болып қабылдағандардың бірі – аурухананың бас медбикесі Үнзира Бисенғалиева.
- Дәл қазіргі уақытта өзімді жақсы сезініп тұрмын. Тұрғындардың, қызметкерлердің, денсаулығына профилактика ретінде жүргізіліп жатқан іс-шараны қолдаймын,-дейді бас медбике.
Айта кету керек, вакцинация 2 кезеңмен жүзеге асырылады, алдымен бірінші компонент 0,5 мл мөлшерінде, содан кейін екінші компонент сол дозада 0,5 мл (21-42 күннен кейін) салынады. 21 күннен кейін вакцинация алғандарды екінші кезеңге шақырады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ