Махамбетте дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

Ауданда пандемияның екінші толқынына байланысты 10 төсектік орын жасақталып, 45 300 дана бетперде, бір реттік медициналық қолғап, шприц, 6 дана жасанды тыныс алу аппараты, 20-ға жуық концентрат, 5 түрлі дәрі-дәрмек қоры алынып, шұғыл түрде әрекет ететін бес мобильді топ құрылды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Махамбет аудандық филиалында өткен партияның бақылау комиссиясының кезекті отырысында айтылды.

Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Марат Оразұлы ашып, соңғы кездері аудандық ауруханада бес басшы ауысқанын, індет алғаш таралған кезде дәрі-дәрмек тапшылығы сезіліп, жедел жәрдем мезгілінде жетпей, біраз адам шығыны болғанын атап өтті.

Жұмысқа кіріскеніне бір айдай болған аудандық аурухана басшысының орынбасары Е.Қуанов пандемия кезінде дәрігерлер де, халық та қиын жағдайды бастан кешкендерін, дәрі-дәрмек тапшылығы сезілгенін, әлі де кадрлар жоқтығы қолбайлау болып тұрғанын, ауданда бас дәрігерлер жиі ауысқанын тілге тиек етті. Ауруханаға жасалған жөндеу сын көтермейтінін, үшінші қабаттағы әйелдер босанатын жерді салқын болса да көшіре алмайтындарын, күрделі жөндеуді жүргізген мердігердің ісіне қол сұғуға болмайтындығын, ота жасау, хирургия әлі жасалмағанын айтып, көмектесуді сұрады. Сонымен қатар дәрігерлерге берілетін өтемақының өзі алынып тасталғанын, енді жұқпалы дертке шалдыққан қызметкері үшін мекеме басшысын жазаға тарту көзделіп отырғанын, атап өтті. Сондай-ақ ПТР-тест те емханада алынатынын, нәтижесі бір тәулікте шығатынын айтты.

- Ауру қатты өршіп тұрған кезінде науқастарды аралау салдарынан елімізде 12853 дәрігер жұқпалы індет жұқтырды, көбі өмірден озды. Оның ішінде Атырау облысы да бар. Сондықтан үй аралап, дәрігерлердің науқасты қарауына мүлдем болмайды. Жөтелі, кызуы болса, әр адам үйінде қалсын. Өз басым науқас жанның дәрігерді іздеп, ауруханаға келуіне мүлдем қарсымын. Ол адам ауырды ма, үйінде қалып, үйіне жедел жәрдем шақыртсын. Әр учаскеге бөлінген мобильді топ арнайы барып, өздері қарайды. Науқас жанды ауруханаға әкеліп, дәрігерлік көмегін ұсынады, ПТР-тесттен өткізеді. Мынандай пандемия кезінде үй-үйді дәрігерлік тексеріп, аралауды тоқтата тұрған дұрыс дер едім. Қазақта «ауруын жасырған өледі» демей ме? Ауырғанын жасырып, «мен тұмауратып қалдым» дейтіндер бар арамызда. Ауырса, міндетті түрде дәрігерге қаралғаны дұрыс. Маусым айында 100-ге жуық адам ауырып, оның 10-ы аудандық ауруханада көз жұмған. Екінші толқынға дайындығымыз жақсы, 10 төсектік орын дайындап қойдық. Енді провизорлық стационар деген болмайды. Пандемияда емхана онлайн болса да жұмыс жасай береді. Үшінші қабатта лаборатория, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, әйелдер босандыру бөлімі орналасқан. Интенсивті кислород бар, концентратты алып жүруге болады. Оның 20-ы орталықта болса, 10-ы ауруханада тұрады, - деді Е.Қуанов.

Аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев Ақтоғай дәрігерлік емханасына да тыныс алу аппаратымен бір интенсивті палата керек деген ойын қосты. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Р.Әженовтің «Медицина халыққа қолжетімді ме? Ауруханаға жатқан адамдар дәріні әлі үйден әкеле ме? Дәрі қоры жеткілікті дәрежеде ме? Бұл мәселе қалай шешілуде?» деген сұрағына емханада 500 адамға жететін дәрі қоры барын, жалпы ауруханада үш дәріхана барын, егер дәрі жетпесе резервке, облысқа жүгінеміз деген жауап қайтарды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Сабиров қызу түсіретін дәрілердің тегін таратылуы жайында сұрақ қойса, Бейбарыс ауылдық округінің бас маманы Тілек Сағындықов Талдыкөлдегі дәрігерлік емханада фельдшер, медбике жоқ екенін айтып, сала мамандарымен көмектесуді сұрады. Сонымен қатар бұрынырақта салынған, жол бойында тұрған ауданаралық өкпе аурулары ауруханасы туралы сауал да түсті. Ол бұрын республикалық деңгейдегі Махамбет туберкулез ауруханасы ауданаралық аурухана ретінде салынғанын, оның ауданға енді қажеті жоқтығын, онда бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, енді ол облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы болатынын қаперледі.

Бірінші мәселені мәслихат хатшысы М.Оразұлы қорытындылап, бүгінде денсаулық саласы ең өткір тұрған мәселе екенін, алдымен халықтың сауаттылығын арттыруды, партияның бақылау комиссиясы ауруханаға күрделі жөндеу жүргізуді, дәрі-дәрмек мәселесін қаперде ұстайтынын мәлімдеді. Екінші мәселе, яғни бастауыш партия ұйымдарынан «Nur Otan» партиясы жарнасын жинау тақырыбында өрбіді. Бұл жөнінде «Өнерпаз» мәдениет үйі бастауыш партия ұйымының төрағасы Б.Мыңбаев баяндама жасап, өткізілген шараларға тоқталды. Бақылау комиссиясының отырысын аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев қорытындылады.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT