Қазгидрометтің болжамды деректері бойынша алдағы өрт қауіпті кезеңде республиканың батыс бөлігінде температураның +30ºС дейін жоғарлайтыны болжанады. Осыған орай орман шаруашылығы мекемелерінің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында Махамбет аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме орман, дала өрттерін сөндіру бойынша оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Оқу-жаттығудың тактикалық жоспарына сәйкес 101 нөміріне аудан іргесіндегі Сарытоғай ауылы тұсында дала құрғақ шөбінің жанып, орман өртіне ұласу ықтималдығы туралы хабар түсті. Өрт өрши түсіп, орман алқабына қарай бет алады. Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі мен өрт сөндіру бөлімі қызметінің жеке құрамы арнайы көліктерімен шарпыған жалын ортасына жетіп, оны ауыздықтауға кірісті. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен жарты сағат бойы арпалысты. Жалпы аумағы бір гектар жерді шарпыған дала өртін сөндіруге 6 мекеме, 8 бірлік техника және 60-қа жуық адам жұмылдырылды. Жаттығуға жұмылдырылған тракторлардың көмегімен өрттің бағытындағы жер жыртылып, қарсы от қою жөнінде шешім қабылданды. Нәтижесінде өрт дер кезінде сөндіріліп, орман алқабы тілсіз жаудан аман қалды.
Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің директоры Алтынбек Асқаровтың айтуынша, ауданда соңғы алты жылда орман өрті тіркелмеген.
– Оқу-жаттығу жиыны Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевпен бекітілген 2023 жылдың өрт қауіпті маусымында өңірде орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шара жоспарына сай өткізілуде. Бүгінде Махамбет ауданы көлемінде 12 430 гектар мемлекеттік орман қоры бар. Осы ормандағы қауіпсіздікті бақылап, өрттің алдын алу біздің басты міндетіміз болып табылады. Сәуір айынан бастап қарашаның біріне дейін өрт қауіпті кезең болып саналады, осы уақыттарда тілсіз жауды болдырмау маңызды,- дейді А.Асқаров.
Аудан бойынша орман өрттері біраз жылдан бері тіркелмегенімен, аптап ыстықта дала өрттері орын алып тұратыны жасырын емес. Айта кетейік, бүгінде Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөнінде мекемесінде 41 қызметкер бар.
Елімізде Үкімет бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға, елдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталаған іс-шаралар атқарылуда. Бұл жұмыстарды атқару үшін бюджеттен жылына 13,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Мемлекет Басшысының 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд астам ағаш, елдімекендер мен қалаларда 15 млн ағаш отырғызу және Арал теңізінің құрғаған табанында 1,1 млн гектар аумақта сексеуіл екпелерін отырғызу жөнінде жұмыстар қолға алынуда.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ