Махамбетте азық-түлік қай дүкенде арзан?

Ағымдағы жылдың 16 наурызы мен 15 сәуір аралығында елімізде төтенше жағдай жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді» деген еді.

«Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бұған қажетті қорымыз қалыптасты, қаражат бар. Осы орайда азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аудартқым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді», - деді мемлекет басшысы халыққа үндеуінде. Алайда, бұл хабар тараған сәттен бастап небары екі аптаға жетпейтін уақытта ел ішінде қарбалас басталып, халық дүкен сөрелерінде тамақ қалдырмай жапа тармағай ала бастады. Осыны ұтымды пайдаланған кәсіпкерлер де әлеуметтік маңызы бар азық-түліктен бастап,тұрмыстық құралдарға дейін бағасын көтеріп сатуға көшті. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен шалады»демекші, елде қауіпті індет тарап, халыққа жан қайғы болып жатқанда, пайда табуды ойлап әлек болғандары қалай?

Тиімді баға тек жәрмеңкеде

Бағаны бақылап, күнделікті мониторинг жасап, облысқа жеткізіп отырған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы О.Мырзабаевтың айтуы бойынша:

-Азық-түліктер бағасының жалпы қымбаттауының себебі - осы уақытта тұрғындардың ажиотаж жасап, тағамдарды жаппай сатып алуында болып отыр. Сұраныстың жоғары екенін сезген көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер арасында азық-түлік бағасын негізсіз өсіру фактілері тіркелді. Қазіргі таңда біз Махамбет ауданы бойынша 86 дүкеннің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне мониторинг жасап, орташа шекті бағасын шығарып отырмыз. Алайда, жәрмеңкедегі әлеуметтік маңызы бар тағамдар азық-түлік дүкендерінен 5-10% -ға төмен бағамен сатылуда. Сондықтан шама келгенше қажеттіні жәрмеңкеден алуға тырысқан жөн. Оның бағасы негізсіз өссе, уағдаластықты бұзғандарға әкімдік шұғыл шара қолданады. Жалпы тұрғындар бағаның өсімі жөнінде жедел ақпарат орталығына, төменде көрсетілген нөмірге хабарласып, шағымдана алады.

Махамбет ауданы бойынша байланыс нөмірі: 7-90-12

Ең арзан дүкен анықталды

Журналистік зерттеу барысында біз де аудан орталығында орналасқан халық көп баратын, бірнеше азық-түлік дүкендері мен шағын маркеттерді аралап, бағаларды көзбен көріп қайттық. Қолымыздағы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тағамдар тізіміндегі ұн, сұйық май, қант, макарон өнімдері және картоп, сәбіз, жуа, сүт бағаларының қымбаттап тұрғаны бірден байқалды. Мәселен, 50 кг бірінші сұрыпты ұн -8000 мың теңгеге көтерілсе (жоғарғы сұрып-9000 тг), 5 л сұйық май - 2000, 5 кг қант -1600, 2,5 % сүт-240-250 (3,2% сүт-270-300), тауық еті-900, 5 кг ақжарма күріш-1800 тг, жұмыртқа-35 тг, макарон 2кг-500 тг, картоп 1кг-160 тг, сәбіз- 160 тг, жуа- 160тг, қырыққабат – 130, печенье 2 кг - 900-1300 теңгеден таба аласыз. Бағаны бұрынғы қалпында сақтап, халықтың жағдайына түсіністікпен қарап отырған кәсіпкерлердің барын да атап өткіміз келеді. Мәселен, «Молшылық» дүкенінде 5 кг күріш-1250 болса, сәбіз бен жуа – 120, 2 кг макарондар - 450, «Саяна» азық-түлік дүкенінде жоғарғы сұрыпты 25 кг-дық ұн-4700 болса, картоп-130, «Диарда» 5 л сұйық май-1900, печенье түрлері-500-ден басталады. «Әділжанда» жұмыртқа-27 теңге, ал, 50 кг жоғарғы сұрыпты ұн 8800. «Дәулет нанда» - бірінші сұрыпты 50кг ұн – 6600 ( жоғарғы сұрыпты 8850тг). Арзан дүкендер көшін бастап тұрған әзірге «777». Мұнда бәрі арзан, әрі қолжетімді. Қант -1250, макарон-400, сұйық май-1800, сүт көтерме бағада 220, бөлшек саудада-230, жоғарғы сұрыпты 25 кг ұн-4000, тауық еті-780 тг.

Аталмыш дүкеннің иесі, кәсіпкер – Айгүл Тұрсынбаева:

-Қаладағы көтерме сауда қоймаларында баға тұрақсыз екені рас. Бірақ, осы салада көп жылдық тәжірибесі бар маман ретінде мен бұрыннан жұмыс жасап келе жатырған сенімді жеткізушілерім барын жасырмаймын. Қаладағы бағаға 5-10 теңге қосылды екен деп, халықты қанаудың қажеті жоқ. Саудагерлер өзі де ұтылмайтын, тұтынушыны да шошытпайтын бағаны қойып, осындай қиын уақытта елмен бірге болуы керек деп санаймын. Азық-түлік бағасын барынша өсірмеуге тырысып жатырмыз-, дейді.

Кәсіпкердің бұл сөзін сауда жасаушы тұрғындар да растап, басқа дүкендерге қарағанда осы жерде тамақтың арзан екенін жарыса айтып жатты.

Қаладағы қойма қымбат па?

Ал көптеген кәсіпкерлердің, дүкен иелерінің айтатыны: «Баға қаладағы қоймаларда шарықтап тұр. Күн сайын құбылып өзгеріп жатыр. Сондықтан, бізде арзанға сата алмаймыз. Үстіне аз ғана пайда көріп отырмыз» деген бір әңгіме.

Ақ Жайық газетінің тілшісі, әріптесіміз Нұрбейбіт Нұғыманның жүргізген журналистік зерттеуінде қаладағы көтерме сауда қоймалары шоғырланған «Дина» базарындағы бағалар мынадай: Көтерме бағада картоп -110, қырыққабат-100, жуа-100, сәбіз-110, қызылша-100 теңге. Қанттың 5 кг- 1200 ден келіп тұр, 1250-ден сатып отырмыз дейді саудагерлер. Ал, 25 кг Цесна ұнының көтерме бағасы – 5780 теңге. Мұндағы сатушылардың сөзінше, тауар Ресейден қымбаттап келіп жатырған көрінеді. Алайда, Атыраудан 1250 ден көтеріп салған қантты 1800-ден сату, картопты 110-нан көтеріп алып, 160-тан сату қаншалықты дұрыс? Жалпы елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға соңғы жылдары көп көңіл бөлініп жатыр. Тіпті елдегі төтенше жағдайда Мемлекет басшысы алдымен осы кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, жеңілдіктер қарастыруды тапсырған еді.

Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Жексенбай Пазуловтың айтуынша:

- Еліміздегі төтенше жағдай кезіндегі ахуал ескеріліп, кәсіпкерлердің осы жылғы жер салығы, мүлік салығы келесі жылға шегерілуі тапсырылды. Сонымен қатар несиесі барлар 3 айға төлемді тоқтатуға құқылы. Ал, жұмысы уақытша тоқтаған кәсіпкерлер қарамағындағы жұмысшыларға соңғы жылдың 3 айындағы зейнетақы жарнасын аударған болса, ақысыз еңбек демалысына жіберілген қызметкерлеріне мемлекет 42500 теңге төлеп отырады. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің жанынан арнайы штаб құрылып, зерделеді. Алдымен кәсіпкер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне арызын беру қажет. Ауданымызда бағаны тұрақтандыру мақсатында жұмыстар жасалынуда. Соның бір айқын дәлелі - «Дәулет нан» наубайханасымен меморандумға отырып, аудан орталығынан тиімді бағамен ұн, нан өнімдерін сататын бірнеше нүктесін ашып, мүмкіндік жасап отырғанымыз. Алдағы уақытта жеке шаруа қожалықтарымен сүт өнімдерін қолжетімді бағада сататын нүктелер ашуға келісім жұмыстарын жасаудамыз. Жоғарыда аталған азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына байланысты тіркелген фактілер бойынша аудан әкімінің жанынан құрылған жедел топ өз жұмысын атқарып, бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге әкімшілік шара қолданатын болады.

Саудаңызды дамытатын да, сізді саудагер ететін де әуелі Алла, сосын халық. Тұтынушы болмаса, сатушы да болмас еді. Сондықтан, осындай қысылтаяң шақта күнделікті азық-түлігімізді барынша тиімді бағада сатқан дұрыс-ау.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521