Махамбет ауданында соңғы жылдары кәсіпкерлік саласына бет бұрған жандардың саны артып келеді.
Бірі түрлі Үкімет тарапынан берілетін көмектерді, яғни төмен пайыздық несиелерді, қайтарымсыз гранттарды пайдалана отырып іске асырса. Енді бірі табан ақы, маңдай терімен тапқан қаражаттары арқылы кәсіп иесі атануда. Жеке кәсіпкер Альберт Есенбаев 10 жылдан бері бизнесті дамытуда табысты еңбек етіп келеді. Бұған дейін аудан орталығынан дәріхана, көлік жөндеу орталықтарын ашқан болатын. Енді міне, шағын маркет ашып, тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтымақ ниетте.
Қасиетті Рамазан айының қарсаңында ашылған нысанның ерекшелігі – денсаулыққа аса зиянды темекі және алкогольдік өнімдер мүлде сатылмайды. Жаңа нысанның ашылу салтанаты барлық карантиндік талаптарды сақтай отыра өткізілді. Жергілікті атқарушы орган, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысып, кәсіпкердің бастамасына сәттілік тіледі.
-Шағын маркет үш адамды жұмысқа алып отыр. Бұл жобаның құны – 13 миллион теңге. Бұл ауданда іске қосылған 8-ші кәсіпкерлік нысан. Әлі 7 жоба күтілуде. Шағын маркеттің бір ерекшелігі – пост терминал қондырылған. Бұл ашылып жатқан сегізінші кәсіпкерлік нысан, кәсібің өрлей берсін,-деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Жексенбай Пазулов.
Ашылу салтанатының соңында кәсіпкер А.Есенбаев та сөз алып:
- Шағын маркет ашылды деп қаумалап келген жұртшылыққа алғысым шексіз. Үкімет елімізде кәсіпкерлерге үлкен қолдаулар көрсетіп келеді. Дүкен игілігін халық көруге жазсын. Жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлік бөлім, палата да қолдау көрсетіп жатқанына ризамыз,- деді ол.
Одан әрі келген халық дүкен ішін аралап, сауда жасауға кірісті.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА