- Ауданымыздағы қысқы спорттың дамуына көңіліңіз тола ма?
– Қысқы спорт жалпы облыс бойынша кенже қалып келе жатқан спорт түрі екені жасырын емес. Қысқы спорттың бірі бұл хоккей. Өзім бала жастан осы ойынды ойнағанды ұнатамын. Өйткені, хоккей – нағыз ер жігіттердің ойыны. Бұрын қаладағы «Мұнайшы», «Энергетик» командаларында ойнасам, қазіргі уақытта «Сұңқар» командасының құрамында ойнаймын. Бұл ойын ауданымызда кенже қалып келе жатқаны қынжылтады.
Оған басты себеп – лайықты мұз айдынның және хоккейге қабілеті бар балаларға арналған спорттық киім мен құрал-жабдықтың мардымсыздығы. Үлкен мұз айдынын салу үшін мемлекеттік органдар, спорт федерациясы, спорт комитеті бар, жергілікті әкімдік тарапынан үлкен қолдау керек. Әзірге спорт бөлімі және кәсіпкерлер бар, бәріміз жабылып, бірнеше автокөлікпен су құйып, жасаған спорт мектебінің алдындағы шағын мұз айдынын місе тұтып жүрміз. Негізі талапқа сай, ыңғайлы, тормен қоршалған болуы тиіс.
Бес жылдан бері аудан мектептеріндегі хоккей ойнауға әуес жасөспірімдердің басын біріктіріп, команда құрып, сол командамызбен облыстық жарыстарға да шығып жүрген жайымыз бар. Бірақ балалардың арнайы киім-кешегі мен құрал-жабдығы жетіспейді. Баласының талабын қолдайтын әр ата-ана шама-шарқы келсе, баласын спорттық киіммен қамтамасыз етсе де жөн болар еді. 2017 жылы Атырау қаласындағы колледж, мектептер арасында өткен қысқы спорттың хоккейінен жүлделі 1 орынға ие болдық. Бұл жарысқа мен 12 бала апарған едім. Оларға хоккейдің қыр-сырын үйретіп, күн-түн демей, жаттықтырдым. Әйтеуір, маңдай терін төккен еңбегіміз еш кетпеді.
Ауданымызда талантты балалар жетерлік. Тек оларға лайықты қолдау қажет.
Теміржан ТӨЛЕУОВ,
хоккейден әуесқой жаттықтырушы,
Арман ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.