Шаруаларды да, шенділерді де сарсаңға салып тұрған субсидия соңғы жылдары біреуге бар, біреуге жоқ болып, ақыры өзекті мәселеге айналып шыға келді.
Елімізде субсидияның 47 түрі бар болса, биыл оның 24-іне ғана қаржы қарастырылған. 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз»,- деді.
ЖҮЙКЕНІ ЖҰҚАРТҚАН ЖҮЙЕДЕГІ ЖҮЙЕСІЗДІК
Ресми мәліметтерге сүйенсек, мемлекет қаржысы ауыл шаруашылығы сала-сында көп ұрланған. Бес жыл ішінде бұл салада 960 қылмыстық іс қозғалып, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың жартысынан астамы, яғни 54 пайызы – субсидияны талан-таражға салуға қатысты істер. Өткен жылдың өзінде Атырау облысында субсидиялауға қатысты 2 қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта заң бұзған азаматтарға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Соңғы бес жылда субсидияларға шамамен 2 трлн теңге бөлінгенмен, өкінішке қарай, оның көп бөлігі діттеген жерге жұмсалмапты.
– Фермерлер өтінімдерді қабылдаудың қашан басталатыны туралы ақпарат қолжетімсіздігін айтуда. Бізге түскен шағымның көбі осыған қатысты. Субсиди¬ялар «кім үлгерді, сол алды» қағидаты бойынша әділетсіз бөлінеді. Ал өтінімдерді қабылдау мерзімі қаражат бөлінген күнге тікелей байланысты. Демек, қаражаттың қашан түсетіндігі туралы инсайдерлік ақпарат сатылуы мүмкін. Салдарынан субсидияны белгілі бір топтар ғана алады. Шаруалар өтінім беретін Qoldau жүйесінде кезекке тұрудың ашықтығы қамтамасыз етілмеген. Бұдан бөлек заң бойынша өтінім беруге қатысты қызметтердің бәрі тегін болса да, түптеп келгенде осы үшін ақша алатындар бар. Себебі, нормативтік база қиындатылып жазылған. Оны қарапайым фермер түсінбейді. Осы күнге дейін субсидиялау қағидаларына 47 рет өзгеріс енгізілген. Бірақ жаңа нормаларды түсіндіру жұмыстары бірде-бір рет жүргізілмеген, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.
Ауыл шаруашылығы министрі Президенттің тапсырмасына сәйкес субсидиялау қағидаларына жаңа жобалар әзірлеп, талқылану үстінде. Алдағы наурызда субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасы Үкіметтің қарауына енгізіледі. Бұдан бөлек министрлік субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірледі. Ақпараттық жүйенің көрсетілетін қызметтері субсидия алушылар үшін тегін болады. Ол Ақмола облы¬сында қанатқақты режімде тестілеуден өткізіледі.
ҚОЛДАУ ӘР ӨҢІРДІҢ АХУАЛЫНА ҚАРАЙ БЕРІЛУІ ҚАЖЕТ
Мемлекет басшысы субсидия мәселесін әр жиналыс сайын көтеріп, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге нәтижелі жұмыс жасауы қажеттігін айтудан-ақ айтып келеді. «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сармановтың сөзінше, субсидия әр өңірдің жағдайына байланысты қаралуы керек.
- Әр өңірдің шаруашылығы әртүрлі деңгейде дамуда. Мысалы, қысқы мал азығын дайындауға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеуге берілетін субсидия Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан об¬лыстары үшін қажеті шамалы. Оларда қыстың уақытында мал қолға тұрмайды, шөп дайындамайды. Ал біздің облыстың шаруаларының төрт түлігі қыс бойы қолда тұрады. Біздің ұсынысымыз – қысқы мал азығын, яғни жем мен шөпті дайындауға субсидияны қарастыру. Осыған дейін «Ірі сабақты мал азықтық дақылдары» деп, шабылған шөпке беріліп келді. Қостанай, Шығыс Қазақстаннан тасымалданатын жем жолға кететін шығынды есептеп кел¬генде екі есе бағада сатылатыны бар. Соған орай жем мен шөптің бір бөлігін субсидияласа деген ұсынысымызды бердік. Ал осы қысқы мал азығы жем мен шөп дайындауға кеткен шығындардың бір бөлігін субсидиялауды жергілікті атқару орындарының құзыретіне берілу қажеттігі туралы да ойымызды айттық. Мысалы, өңірде қуаңшылық бола қалған жағдайда пайызын көтеруге болады. Шөп бітік шығып, шаруагерлердің жинап алуына қиындық келтірмеген жағдайда пайызын түсіруге мүмкіндік бар,- дейді сарапшы.
Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тетігін жетілдіру бойынша жаңа қағидаларына ұсыныс жан-жақтан берілуде. Сарапшының айтуынша, субсидияны беру қағидаттарының көптігінен Атыраудың 30-40% шаруагерінің субсидияға қолдары жете бермейді.
- Бірінің жер көлемі аз, бірінің төрт түлігі асыл тұқымды болмай шығады. Шөп шабатын техникалары жоқтары да, техника сатып алғандығы жөніндегі анықтамасы жоқтары да бар. Осындай себептермен көп шаруалар субсидияны ала алмай жүр. Сондықтан да субсидияны алу жеңіл әрі ашық болуы керек. Сондай-ақ, техникаға да субсидия алу оңай шаруа емес. «Ауыл шаруашылығы техникаларын субсидиялау» деп беріледі де, оның атаулары көрсетілмейді. Көліктің субсидиялауға жататындығын не жатпайтындығын қағида бекітіліп кеткеннен кейін белгілі болып жүрді. Мәселен, «УАЗ» көлігіне субсидия бар да, «Газель» автокөлігіне қарастырылмаған. Себебін сұрасақ, «Газельдің» коммерциялық жүк тасымалына пайдалануы себепті берілмейді екен. Сондықтан да ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға арнайы техникалардың атауларын анық қылып көрсетіп белгілеуді ұсындық,-дейді М.Сарманов.
«ӨНІМ ӨНДІРМЕЙ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫМАЙДЫ»
Азық-түлік бағасының негізсіз шарықтауына өндірушілер мен өнімді тұтынушылар арасындағы делдал- алыпсатарлардың мол пайда тапқысы келетіні де әсер етпей қоймайды. Оңай олжа көздеген делдалдар үстеме бағаны өсірген сайын халықтың жалақысы да азық-түлік пен басқа тауарларды ғана сатып алуға жетеді. Мемлекет басшысы айтқандай, егер нарықта азық-түлік тауарлары жеткіліксіз болса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді. «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Атырау облыстық филиалы төрағасының сөзінше, тұтынушы болса төрт түліктен де, қияр, қызанақ секілді көкөністерден де сатып құтылуға тырыспай, керісінше олардан өнім өндіруге ұмтылу қажет.
- Мысалы, 1 келі қиярды цехқа апарып, түрлендірсе қанша пайда келер еді?! Келісі 200 теңгеден сатқан қияр цехтан шыққаннан кейін 2000 теңге болады. Сол себепті өнім өндірмей, ауыл шаруашылығы дамымайды. Табыс өңделген өндірісте бо¬лып тұр. Ол үшін шаруа қожалықтары орын тепкен ауылдық округтерде өндіріс орындарын салуымыз немесе шалғайдағы малшылар мен егіншілердің отырған жерлерін «өндіріс орындары» деп атауымыз керек. Менің есебімше, Атырау облысында мал басын 4-7 есеге дейін көбейтуіміз, егін алқаптарын 7-10 есеге дейін көбейтуіміз қажет. Сонда ғана біздер ішкі нарықты қамтамасыз ететін жағдайға жетеміз. Осы кезде ғана азық-түліктің бағасы төмендейтін болады. Бірақ ол орындарды инфрақұрылыммен жабықтауды қолға ала алмай отырмыз. Көп шаруашылықтарда газ, жарық, су жоқ. Ішіп отырған шай¬ына құятын сүтті, жеп отырған етті жазғы уақытта мұздатқышына сақтай алмай отырған шаруаға «өнім өндіруіңіз қажет» деп қалай айтасың?- дейді М.Сарманов.
Сарапшының сөзінше, жаңадан қаралып жатқан субсидия беру қағидасында шаруагердің мал азығына немесе алған техникасына субсидия берілсе, өнімді төмен бағада сатуы қажеттігі басты назарда болады. Осы жерде субсидияның тиімділігін көруге болар еді. Шаруагер өз өнімін не шетелге қаншадан өткізсе де, жергілікті халыққа төмен бағада сатуға мүдделі болады.
ТАЛАПТЫҢ ҮДЕСІНЕН ШЫҒУ ОҢАЙҒА СОҚПАЙДЫ
Бейбарыс ауылдық округіне қарасты аумақта орын тепкен «Тасқалиев» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Тасқалиевтың шаруашылығын бастағалы бес жыл өтсе де, субсидияға бірде-бір рет қолы жетпеген.
- Субсидия алуға біріншіден төрт түлігімнің саны жетпейді, екіншіден, асыл тұқымды емес. Ірі қараның саны 50 басқа жету керек екен. Ондай мөлшерге жеткізу үшін ең алдымен өз-өзімді жемшөппен қамтамасыз ете алатындай жағдайға жетіп алуым керек. Өткен жылы 5 гектар жерге люцерн егіп, соған субсидия сұрағанда, «люцерн еккен аумақ кішкентай, тұқымыңның өзін 350 мыңға алыпсың. Әрі кетсе 11 мың береміз»,- деді. Сол ақшаны алу үшін қырғын қағаз жинауым керек екен. Жазда екі су айдайтын насосым өртеніп кетіп, адам таппай, әрең деп шығарған 5 гектар люцерн үшін азғантай ақша бермекші. «Ондай ақшаның керегі де жоқ» деп, қолды бір сілтедім. «Тұқым са¬палы болсыншы» деп Қарағанды зерттеу институтының Алматыдағы филиалынан арнайы алдырып жүргендегі еңбегім үшін қайтаратын ақшасы мардымсыз. Арзан бағадағы тұқымды сатып алып, еге салу да қолдан келетін еді ғой. Субсидия төленетін болғандықтан ресми тасымалдаушылармен келісімшартқа отырып, жасап жүргендегі еңбектің бағалануы осындай күйде. Осыдан кейін субсидияға кім жолағысы келеді?! Субсидияны бергенде дұрыстап бөліп беру керек. Субсидия алудың талабы қатаң. Бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ шаруашылықты ең бірінші бастаған кәсіпкерге субсидия беріп, аяқ алысын байқап көру керек қой. Қазіргі субсидия беру талабынан кез келген қарапайым шаруа шыға бермейді,- дейді А.Бақтығалиұлы.
Былтыр Қызылқоғадан әр рулонын 9000 теңгеден сатып алған шөпке шаруагер 1 млн 300 мың теңге жұмсапты. Бірақ ешбір шөп тасушы электронды шот-фактура бермеген. Расында, далада шөп шауып жүргендерден ондайды талап ете де алмайсыз. Сондықтан жем-шөптің субсидиясы шаруаларға тимейді. Субсидияға қол жеткізу үшін ширақ қимылдап, алып қалуға тырысу керегі тағы бар. Әйтпеген күні құр қаласыз. Далада малдың артында немесе егіннің қамымен жүрген шаруа компьютерге қадалып отыра ма, әлде малы мен егінін қарай ма?! Ірі шаруашылықтарда бұған арнайы мамандар қарастырылған. Ал орта, шағын деңгейдегі кәсіпкерлерде ондай жоқ.
– Шаруалар өтініш беретін Qoldau жүйесіне қосылу үшін 32 080 теңге төлеу керек. Ол жүйенің өзіне өзгеріс көп енеді. Компьютермен күнделікті жұмыс жасап отырмаған соң кейде өзгерістерді білмей қалып жатамыз. Егістік алаңымда жарық та, газ да жоқ. Егер шаруашылықтың жылдық табыс көлемі 200 миллион теңге көлемінде болған жағдайда ғана жарық жүргізуге мүмкіндік болады екен. Жыл сайын осындай көлемде табыс таба алатын болсам жарықты да, газды да ешқандай мекеменің есігін қақпай-ақ, өзім қондырып алмаймын ба?! Инфрақұрылым мәселесі шешілмей, шаруашылықты дамыту мүмкін емес,- дейді шаруашылық жетекшісі.
Шаруашылықта су мәселесі ғана шешімін тапқан. Төлемнің 20 пайызын фермердің өзі төлесе, 80 пайызын Үкімет төлейді. Шаруагер Асқар Тасқалиевтың шаруашылықтардың жайына немқұрайлы қарайтын жоғарыда отырған жауапты мамандарға өкпесі қара қазандай. Бағдарламалардың аяқталғаны туралы да, берілетін көмектер жөнінде де кеш естіп, қолдаудан қағылып жүргеніне ренішін білдірген фермер «ауданның ауыл шаруашылығына жауапты тұлғалар шаруалардың жоғын жоқтап, тиісті орындарға мәселелерін жолдап отырғаны жөн болар еді» деген пікірде.
– Күн панелін алуға байланысты бағдарлама 2020 жылға дейін ғана болған. «Оны алу үшін шаруашылық ба¬сында қора-жай, құдық болу керек» деген соң 1,5 жыл көлемінде талаптарын орындап, күн панелі орнататындарға хабарласқанымда, кеш қалғанымды айтты. Маған бұл бағдарламаның аяқталар уақытын ескерткенде қажетті соманы тауып, қондырып алуым қажет еді. Күн панелін қондырушылар сол уақытта 12 дана артық қалғанымен олардың сатылып кеткендігін хабарлады. Осындай жағдайда ауыл шаруашылығы бөлімі жергілікті шаруалармен байланысып, сатып алуына септігін тигізсе де болар еді ғой. Шаруашылықтарды аралап, жағдайымен танысып жатқан ешкім жоқ. Мәслихат арқылы жылына кемінде бір шаруашылыққа қолдау ретінде қаражат қарастырса жөн болар еді. Егер ешқандай қолдау болмаса ауыл шаруашылығы сала-сына кім келгісі келеді? Шаруагерге бар көмекті жасағаннан кейін ғана салықты көбейтуді, ет пен сүт өнімдерін арзан бағада сату талабын қойса болады,- дейді шаруагер.
БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫНЫ ӨЗГЕ МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНУШЫЛАР БАР
Өткен жылы 50 гектар жерге картоп, көкөніс егіп, жұмысшылардың болмауы себепті оның жартысынан көбін жинай алмай қиналған Жалғансай ауылдық округіне қарасты аумақтағы «Рамазан» шаруа қожалығының басқарушысы Ақылбек Бикеевтың сөзінше, мемлекеттен көмек алудың шаруаға келтірер пайдасынан проблемасы көп.
- Шаруашылықты бастағанымызға 10 жылға жуықтаса да бір тал алма ағашына да, жылыжайға да, жарыққа да, кем дегенде тамшылатып суаруға арналған шлангке де субсидия алмадым. «Субсидия алғандар бір нәрсе екті» дегенге өз басым сенбеймін. Мемлекеттің қаржыландыруы арқылы алынған көп техникалар өзге мақсатта пайдаланатын жағдайлары жиі кездеседі. Соңғы екі жылда жұмысшы болмай, өнім жинау қиынға соқты. Қажетті ақшасын төлеп, шеттен жұмысшы алдырып жұмысқа кірісе бергенде оларды кері елдеріне жіберді. Өткен жылы 6 гектар картоп, 7 гектар пияз, 8 гектар сәбіз жиналмай, сол күйі қалып қойды. Көктемде егін салып бастағанымда облыстан келген жауапты тұлғалар жұмысшыны жазда тауып беру туралы уәде беріп, орындамай кетті. Бәрі де пандемияны алға тартып, сөзден жалтарды. Одан қалса су, газдың тарифы қымбаттап кетті. Қыста жылыжайды қосқанымда, қате есептегендіктерінен газдың бағасы бір айда 400 мыңнан бір шығарды. Бірақ оны соттасу арқылы кері қайтарып алдым. Мемлекеттен ешқандай көмек болмаса, шаруашылықты жасағың да келмейді екен,- дейді кәсіпкер.
Екі жыл бойы 400 тонналық қоймасы бос қалып, шығынға батқан шаруагер қожалыққа 1,5 км жерден газ, 2,4 км жерден жарық жүргізген. Ауылдағы суды 1,8 км жерден кіргізіп отыр. Ал Көздіқара елдімекенінде орналасқан «Жарасов» шаруа қожалығының жетекшісі Бағытжан Жарасовтың сөзінше, жем-шөп қоры жеткілікті болғанымен техника мен маманның аздығы мәселе болып тұр.
- Өз шаруашылығымдағы төрт түлікті қыстан аман-есен шығаратындай қажетті деңгейде шөп бар. Тек шөпті оруға келгенде қажетті маманның болмауы, техникалардың жетпеуі қолды байлайды. Шаруа қожалығымда барлық инфрақұрылым жүргізілген. 200 гектар шабындық жерім бар. Қыстың көзі қырауда сиыр мен қойды қорада ұстасақ, түйе мен жылқыны далаға жібереміз. Ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның шаруаларға жетуін бақылауға алу керек шығар. Әйтпесе күні бойы тыным көрмей, далада малдың артынан жүрген шаруа компьютерге телміріп отырмайды ғой. Сондықтан субсидияға құжат тапсыруға берілетін уақыттан қалып қоя береміз. Жерде шөп жоқ, жазда қуаңшылық орын алады. Ауыл шаруашылығында кездесетін мәселелер әлі де бар,- дейді шаруашылық жетекшісі.
ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДЕН СҰРАНЫС ЖОҚ
Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын Махамбет көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінде қазіргі таңда 125 студент білім алуда. Оның 114-і 2 жыл 10 айлық мерзімде оқыса, 11-і 10 айлық мерзімде оқуда. Колледждің өзге коммерциялық оқу орындарынан ерекшелігі – студенттердің «Еңбек» бағдарламасына сәйкес оқытылуында. Сти¬пендиясы уақытылы түсіп тұрса да, жайлы жатақханасы мен тегін тамағы бар болса да көп жағдайда кей ата-аналар өздерінің күндерін әрең көріп отырғандарына қарамастан баласын қаладағы жеке меншік оқу орындарына беруге талпынады.
– Рас, қазіргі кезде мамандықтарына сай студенттерді топтарға бөліп, оны толтыру қиын. Бүгінгі күні жеке меншік колледждер мектеп бітірушілерді емтихансыз қабылдайтындықтан бәрі соған қарай бет бұрады. Десе де, І семестрден кейін ол студенттің стипендияда қалуы не қалмауы сұрақ күйінде қалады. Содан ата-анасы қарызданып, қауғаланып оқытқан баласы кейін жұмысқа орналаса ала ма, жоқ па, ол да болашақтың еншісінде қалып отыр. Баланың санасынан «бастық болу» туралы түсінігін алып тастап, мәжбүрлеп оқытуды қою керек. Механиктер де, трактористер де жұмыссыз қалып жатқан жоқ,- дейді колледж директоры Жанболат Сұлтанғалиев.
Иә, елімізде техникалық, ауыл шаруашылығы мамандары тапшылығы әлі де сезілуде. Агроном, мал дәрігері, азық- түлік және азық-түлік емес өнімдерінің технологы болуға ұмтылыс жоқ. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсия Рсалиеваның өзі бір кездері СПТУ-да шоферлік мамандығын оқып, кейіннен совхоздың тракторын тізгіндеген. Айтуынша, жұмыс берушілер тарапынан колледж студенттерін жұмысқа алу жөнінде сұраныс келмейді.
– Совхоздағы жұмысты қоя тұрып, 5 жыл Алматыдағы қыздар пединсти¬тутына оқуға түстім. Оны аяқтаған соң осы колледжге қызметке орналастым. Бүгінгі күні колледжді тәмамдаған жас мамандарға өзінің дипломынан бөлек тракторшының куәлігі, жүргізушілікті оқығандығы жөніндегі куәлік, сондай-ақ өзінің қалауы бойынша дәнекерлеуші, электриктің 3 айлық курсынан өткендігі жөнінде куәлік беріледі. Оның үстіне кол¬леджде оқыған 2 жыл 10 ай уақыт еңбек өтілі ретінде кітапшасына жазылады. Сол арқылы өздері қалаған жұмысына орна¬ласуда артықшылықтарға ие болады. Шаруа қожалықтарға жұмысқа бармауының көптеген себептері бар. Біріншіден беретін айлықтары аз, екіншіден далалық жерде инфрақұрылым жоқтың қасы. Сонымен қатар шаруашылық иелері, жұмыс берушілер тарапынан сұраныстың болмауы да себеп болуы мүмкін. Қолында дипломы мен куәлігі бар колледж түлегі көп жағдайда вахталық жұмысты хош көреді,- дейді Ә.Сембайқызы. Өткен күзде Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің «Ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандығы бойынша оқитын студенттер аудандағы шаруа қожалығының егіс өнімдерін жинауға көмектесіп қана қоймай, шаруагерлерден тәжірибе жинақтады. Бұл да жас мамандардың ауыл шаруашылығына бет бұруына, қызығушылығын арттыруына сеп болар деген үміттеміз.
ТҮЙІН
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сы¬байлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Бірақ жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес». Иә, Мемлекет басшысының бұл сөзінің жаны бар. Алайда ауыл шаруашылығының аяғына тұсау салып тұрған үлкен мәселе – осы салаға бөлінетін субсидия мен басқа да мемлекет қаржылай қолдау көрсету кезінде жасалатын сыбайлас жемқорлық әрекеттері. Дегенмен ауыл шаруашылығын дамытуға субси¬дияны қалай, қанша берсе де елімізде ет пен сүттің бағасы қымбаттамаса, арзандап жатқан жоқ. Парадокс!
Қ.АЙТҚАЛИЕВ