Бүгін, 12 мамыр күні Махамбет ауданында №11 өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, сондай-ақ облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, жеке құрам өкілдері мен азаматтық қорғау саласының ардагерлері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында бөлім бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Айдос Нұрғалиев жеке құрамды сапқа тұрғызып, министрге баяндама жасады. Министр құтқарушыларды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өрт сөндіру қызметінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Мемлекеттік Гимн орындалып, министр, облыс әкімінің орынбасары және ардагерлер сөз сөйлеп, бөлім қызметкерлеріне жылы лебіздерін білдірді. Одан кейін лентаны қию рәсімі өтті.
Қонақтар жаңа бөлімнің техникалық жағдайымен танысып, байланыс пункті, демалыс және ұйықтау бөлмелерін аралап көрді. Министр тілектер кітабына қолтаңба қалдырды. Шара соңында жасыл-желекті көбейту мақсатында ағаш отырғызылып, қатысушылармен естелік суретке түсті.
Жаңа өрт сөндіру бөлімі аудан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосатынына сенім мол.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ