Аудандық сот төрағасының ұсынысымен, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен ашық әкімдік ғимаратынан отбасылық кеңес беру кабинеті ашылды. Отбасылық құндылықты сақтауды мақсат еткен жаңа кеңсенің ашылу салтанатына билер және аналар кеңесі мүшелері, үлгілі отбасылар, медиаторлар, білім ордаларындағы психологтар, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу және халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары қатысты.
Жаңа кабинеттің лентасын қию рәсімі аудандық Билер кеңесінің топ жетекшісі Сағынғали Шотпақов пен аудандық Соттың төрағасы Айтжан Досмағамбетоваға жолданды. Салтанатты шарада алғашқы болып, сөз алған аудандық сот төрағасы Айтжан Досмағамбетова отбасылық кеңес беру кабинетін ашудағы басты мақсат араздасқан ерлі-зайыптыларды татуласуға шақыру, тегін психологиялық көмек беру, отбасылық дауларды мейлінше бітімгершілікпен шешу, балалардың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне ықпал ету екенін айтты.
– Сот төрағасы болып, ауданға келгеннен кейін неке бұзу статистикасының жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын көрдім. Осыдан кейін мұның себебін зерделеп, ажырасудың алдын алу үшін осындай кеңес беру орталығы керек деген тұжырымға келдім. Осы ұсынысымды білдіргенде ойланбастан қолдау көрсеткен жергілікті атқарушы органға алғысым шексіз. Ата-бабаларымыздың заманында ажырасу деген ұғым мүлде болмаған. Күйеуі өлген жесірді әмеңгерлікпен қайынағасына немесе қайынінісіне қосқан. Ал қазіргі кезде қыз жақтың ата- анасы тарапынан «ішіме сыйған бала сыртыма да сияды» деген жаңсақ пікір онсыз да алып-ұшып тұрған жастардың екі жаққа кетуіне жол ашып тұрғандай. Отбасылық кабинеттің мақсаты – отбасылық дауларды сотқа жеткізбей татуластыру,- деді Айтжан Бағытжанқызы.
Аудандық Билер кеңесінің төрағасы Сағынғали Шотпақов жаңадан ашылып жатқан орталықтың жұмысына билер кеңесі де өз үлесін қосатынын жеткізді. Шара барысында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Жібек Мұғауова жас отбасы Батырбек Үмбеталиев пен Гүлзира Әлібекқызына жаңа туған сәбиінің туу туралы куәлігін табыс етіп,аналық ақ тілегін арнады. Махамбет ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Болған Масалимова да жаңа кабинеттің жұмысына сәттілік тіледі.
Баян СҮЙЕУОВА