Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жанар-жағармайдың шекті бөлшек сауда бағалары белгіленген-ді. Бензин, дизель және сұйытылған газдың бағаларына 180 күнге мемлекеттік реттеу енгізілді. Қазіргі таңда Махамбет ауданында АИ-92 маркалы бензин литріне 170 теңгеден, дизель отыны 230 теңгеден сатылуда. Ал аудан орталығындағы газ бекеттерінде сұйытылған газ бағасы – литріне 50 теңге. Сұйытылған газ бағасының төмендегеніне көлік жүргізушілері риза болғанымен, қарапайым тұрғындар наразылығын білдіруде.
«БАҒАНЫ ҚАДАҒАЛАСА ЕКЕН...»
Қазір Махамбет-Атырау бағытындағы жеке таксилердің құны – 1000 теңге. Базар мен вокзал маңынан басқа мекенжайға барғыңыз келсе, 1500 теңгеңізді дайындай беріңіз. Бұл бағаларды ешкім оларға бекітіп берген жоқ, өзара келісіп алған ортақ баға. Тұрғындардың пікірін білмек мақсатта, әлеуметтік желі арқылы сұрау салғанбыз. Көпшілігі газ бағасының төмендегенін алға тартып, жолақыны да соған сай төмендетсе деген тілектерін жеткізді. Бір сөзбен айтсақ, такси бағасының өсуін негізсіз санайды. – Халық бейбіт шеруге не мақсатпен шықты? Сұйытылған газ бағасын түсіруді талап еткен болатын. Ол талап орындалды. Енді такси қызметін де түсіру керек. Литріне 50 теңге болатын газды пайдалана отырып, мына тұрған қалаға 1000 теңгемен жолаушы тасымалдау деген қисынға келмейді деп есептеймін. Бастама көтеріліп жатыр. Аяқсыз қалмаса екен,- дейді ауыл тұрғыны А.Күнтазиева.
– Сұйытылған газ бағасының арзандауына байланысты такси бағаларын түсіруді қолдаймын. Бұрынғы бағаға түссе дұрыс болар еді. Такси қызметін жиі пайдаланатындықтан көлік жүргізушілеріне де айтып көрдім.
«Біздің балаларымыз газ ішпейді, сондықтан түспейміз» деп жауап береді. Бағаны қадағалау керек шығар,- дейді Мөлдір есімді ауыл тұрғыны.
«КӨЛІКТІҢ БӘРІ ГАЗБЕН ЖҮРМЕЙДІ»
Такси қызметіндегілер де екіұдай пікірде. Бірі халықтың сөзін сөйлеп, төмендетуді қолдаса, енді бір тобы азық-түлік бағасының қымбаттығын, бензинмен жүрген көліктердің де көп екендігін алға тартты. Кейбір азаматтар бензин бағасын түсірсе, жолақыны да төмендетуге болатындығын айтады.
- Газдың бағасы 50 теңге болып бекітілгеннен кейін «Атырау-Махамбет» арасындағы таксидің бағасын 800 теңгеге түсіру туралы ұсынысты ашық түрде жеткіздім. Шындығына келгенде, халықтың арқасында осындай жағдайға жеттік қой. Бірақ ұсынысым қолдау таппады. Жақында көлігіме сұйытылған газ баллонын қондырып, қалаға 800 теңгемен қатынайтындар үшін Whatsapp-та жаңа топ құрғым келеді,- дейді Жаңгелді есімді көлік жүргізушісі.
Жолаушы тасымалымен айналысып жүргеніне 25 жылға жуықтаған ауыл тұрғыны Теңелбай Бисенғалиев такси қызметінің жолақысын түсіруге келіспейтіндігін, қымбатшылық қалтадан қағып тұрғанда ондай қадамға бармайтындығын жеткізді.
- Азық-түлік, киім, құрылыс материалдарының күннен-күнге қымбаттап жатқанын жұрт жақсы біліп отыр. Көліктің қосалқы бөлшектерінің бағасы да шарықтап кетті. Біз де такси қызметінде жанұямызды асырау үшін жұмыс жасап келеміз. «Біреу келіп, сенің қазаныңа ас салмайтыны» секілді бәрі өз күндерін көру үшін осы қызметте жүр. Осы жүргенде бір айда тапқан нәпақамыз 200 мың теңгеге де жетпейді. Газ арзандағанмен, бензин қымбат күйінде қалып отыр,- дейді Т.Бисенғалиев.
РЕСМИ ТІРКЕЛГЕН 36 КӘСІПКЕР БАР
Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметі бойынша Махамбет ауданында такси қызметімен айналысатын, ресми түрде тіркелген 36 кәсіпкер бар. Оның 9-ында ғана патент бары белгілі болды. Салық органдарына тіркелу үшін азаматтар жеке куәлігімен ХҚКО-ға барып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Дегенмен, такси жүргізушілері тапқан табысынан жырып салық төлейтіні белгілі болса да, олардың қанша мөлшерде пайда тауып отырғанын анықтау қиынға соғып тұр.
- Егер де олардың айлық табысы 60 мың теңге, яғни ең төменгі жалақыдан аспайтын болса, бұл сомаға салық салынбайды. Бұл дегеніңіз олар жеке тұлға ретінде осы қызметті әрі қарай атқара алады деген сөз. Бірақ табысы 60 мың теңгеден асатын болса, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек. Сонымен қатар патент бойынша немесе басқа да салықтық режимді таңдап, сол бойынша ары қарай өзінің кәсібін жүргізе береді,-дейді аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Рашид Қайырғалиұлы.
Заңсыз такси қызметінің елімізде белең алғаны бұрыннан белгілі. Ал оны заңдастырғаннан кім ұтады, кім ұтылады? Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеннен кейін такси жүргізушілері салық төлеп отырғандықтан өз бағаларын көтеріп жіберуі де мүмкін. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, барынан айырылыптының» кебін киіп кетпеске кім кепіл?!
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК АЗДЫҚ ЕТІП ТҰР
Махамбеттен қалаға қатынайтын қоғамдық көліктің құны – 400 теңге. Дегенмен, 27 орындық жалғыз автобустың аздық етіп, тұрғындарды толық қамти алмай отырғандығы да жасырын емес. Аудандық ТКШ, ЖК, автомобильдер жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының айтуынша, алдағы уақытта маршруттың санын арттыру немесе көп орындық автобус шығару бойынша жұмыстар жасалуда. Сарытоғай ауылынан қозғалатын автобустан орын таппай қалған жұрт амал жоқ, такси қызметіне жүгінуіне тура келеді. Өткен жылы Алға, Ақжайық ауылдарынан Атырауға қатынайтын автобусты іске қосқан «Ақжайық» автопаркі басшылығы биыл Сарайшық пен Жалғансай ауылдарына да қоғамдық көлікті шығаруды жоспарлап отыр. Жалғансай ауылдық округінің әкімі Ғибрат Мырзағалидың сөзінше, бұл өз кезегінде Сарайшыққа туристерді көптеп тартуға және «ауадан» бағаны алып, қойып отырған такси қызметіне тоқтау салуға септігін тигізбек.
– Такси қызметімен айналысуға мәжбүр адамдар да, вахталық әдіспен жұмыс жасап келіп, демалысында таксиге шығатындар да бар. Газдың бағасының түскеніне қарамастан такси бағасы бәз баяғыша. Ауылдың көлік жүргізушілері бағаны өздері қойып отыр. Салық комитеті, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесу өткізіп, бұл мәселе талқыланды. Алдағы уақытта қалаға маршрут шықса, такси қызметі сап тыйылар еді,-дейді ауыл әкімі.
P.S. Такси бағасының көтерілуі қымбатшылықтан қиындық көріп жүрген қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғып тұр. Бірақ такси жүргізушілері де сол халықтың бір бөлшегі. Олар да жанұяларын асырау үшін «таңның атысы, кештің батысы» тыным көрмейді. «Қасіретті қаңтар» оқиғасының нәтижесінде газ бағасы 50 теңгеге түссе де олар жолақыны түсіргісі жоқ. Такси қызметін бақылап, қанша табыс түсіріп отырғанын қадағалайтын және халыққа да, таксишілерге де тиімді бағаны бекітетін арнайы құзыретті орын құрылмаса бұл мәселе шешімін таппайтын түрі бар.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ