«Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов «BRIMSTONE Sulphur Provider Company» компаниясының негізін қалаушы Эфе Мунип Нурдоғдумен кездесіп, химия өнеркәсібі саласына қатысты жобаларды талқылады», - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткеніндей, еліміздің батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құруға ерекше назар аударуда екенін атап өтті. Осы бағытта Атырау өңірінде бірқатар ауқымды жоба қолға алынып, инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Өз кезегінде түрік инвесторы Атырау облысында күкірт бетонитін өндіретін өнеркәсіп орнын ашуға дайын екенін жеткізді. Инвестиция көлемі шамамен 10 млн АҚШ доллары болатын жоба 50-дей тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
«Қазақстанда күкірттің жеткілікті қоры бар. Алайда, біз үшін де, жалпы ел үшін де шикізатты терең өңдеуді ұйымдастыру, дайын өнімді күкірт бентониті түрінде шығару және экспорттау әлдеқайда тиімді. Логистикалық тұрғыдан алғанда, Атырау облысы бұл жобаны жүзеге асыру үшін өте ыңғайлы инвестициялық алаң. Осы жерден Қытай, Еуропа және Ресей сынды ірі нарықтарға шығудың әлеуеті зор»,- деді Эфе Мунип Нурдоғду.
Оның айтуынша, Түркияның Измир қаласындағы зауыттары күкірт және ілеспе өнімдерін Еуропа елдеріне шығарады. Олардың өнімдері ауыл шаруашылығы саласында әсіресе, сортаң әрі тұзды жерлерге таптырмайтын табиғи тыңайтқыш ретінде қолданылады.
Облыс әкімі салаға жауаптыларға жобаны жүзеге асырудың жолдарын қарастыру үшін тиісті тапсырмалар берді.
Айта кетелік, түрік инвесторлары «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ ұйымдастырған сапары шеңберінде «Теңізшевройл» компания өкілдерімен шикізатпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты да келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, олар жобаны іске асыру үшін перспективалы инвестициялық алаңдарды қарап шықты.