Оның ұстаздық жолға келуінде қанмен берілген қасиеттің бары анық. Оның ең жақын, ет жақын адамдары осы саланың нағыз майталмандары. Газетіміздің бүгінгі санында ауданға, облысқа белгілі ұстаздар династиясына айналған Жайлашевтар әулеті жайлы жазуды жөн санадық.
Жуырда ғана осы әулеттің қызы, А.Байтұрсынұлы атындағы мектептің ұстазы Гүлден Жаңабайқызының жемісті, жеңісті жолы туралы мақала жариялағанбыз. Республикалық байқаудан жеңімпаз атанып келген жерлесіміздің өз саласында үздік болуы да бекер емес. Заманында Гүлденнің атасы Жайлашев Қайреден есімді қарттың інілері Нұреден мен Жақсылық, қарындасы Ақсұлу да ауданның білім саласының дамуына зор үлес қосып, оқу-ағарту саласында еңбек еткен жандар. Тіпті заманында Жақсылық атасына аудан халқы «Махамбеттің Макаренкосы» деген ат беріп, ерекше құрмет көрсеткен. Өнегелі ұстаздың ерекше қасиеті дарыған ұрпағының бірі Жанаргүл Жақсылыққызы көп жылдар Д.Төленов атындағы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып, еңбек етіп келеді. Аға мұғалім Ж.Жайлашевтың білім беру саласындағы қызметі әр жылдары лайықты түрде бағаланып, медальдармен, КСРО және Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздігі құрметті атақтарымен, салалық кәсіподақ ұйымының мақтау грамоталарымен марапатталды. Ол қоғамдық-саяси жұмыстарға да білек сыбана кірісіп кететін жан еді. Халық депутаттары аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде елдің тәуелсіздігін нығайтуға зор еңбек сіңірді. Нұреден атасынан тараған ұрпақтары Самат ағасы, Гүлнәр, Эльмира сынды апалары да ұстаздық жолды таңдап, лауазымды қызметтер атқарды. Бүгінде ауданның ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жайлашев Самат Нұриденұлы біраз жыл аудандық білім бөліміне басшылық етсе, жары Қапия да математика пәнінің еңбек сіңірген маманы болды. Ал осы әулеттің тағы бір қызы Эльмира Нұреденқызы Қосарал орта мектебінде басшылық қызметін жалғастыруда.
Жасы торқалы тоқсанға жақындап қалған Қайрошева Ақсұлу апайымыздың еңбек жолы, ұстаздық жолы бүтін бір тарих деуге болады. Сонау 1959-1992 жылдар аралығында Фурманов орта мектебінде физика пәнінен сабақ беріп, талай шәкірттің ғылым жолында зейінін ашқаны үшін Қазақ ССР-ның мақтау грамотасын, «Еңбек ардагері» медалін, «Оқу ісінің үздігі», Қазақ ССР-ның «Өз ісінің үздігі», «Оқу-ағарту ісінің үздігі» медальдарымен марапатталған. 1992 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан ұлағатты ұстаз төрт баладан тараған ұрпақтың қызығына бөленіп, Есбол ауылында тұрып жатыр. Осы орайда, қос әулеттен де ұстаздық қасиет қанына дарыған Гүлденнің нағашы ата-әжесі де Ақтөбе өңіріне танымал, оқу-ағарту ісінің үздік қызметкерлері болғанын атап өтпеске болмайды.
Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген екен. Расында осындай елге сыйлы ұстаздардың ортасында дүниеге келіп, солардан тәлім-тәрбие алып, болашаққа бой түзеген Гүлден Жаңабайқызы да бүгін шәкірттеріне үлгі боларлықтай маман екені рас. Облыс көлемінде отбасылық ансамблімен танымал Гүлденнің ата-анасы Жайлашев Жаңабай мен Жаленова Мәншүк те Гурьев педагогикалық институтының музыка факультетін бітіріп, еңбек жолдарын ұстаздықпен бастаған жандар. Анасы Мәншүк зейнетте болса да З.Ещанова атындағы өнер мектебінде шәкірт тәрбиелеу ісін жалғастыруда. Апасы Жауқазын ағылшын тілі пәнінен дәріс берсе, сіңлісі Динара Қ. Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінде әрі ұстаз, әрі концертмейстер болып, еңбек етуде. Жайлашевтар халықтық - отбасылық ансамблінің бір мүшесі Гүлден де өнерден құралақан емес. Жастайынан пысық, алғыр, білімге құштар, өнерлі болып бойжеткен Гүлден Жаңабайқызы туралы әріптес аға-апалары лайым жақсы пікірде.
Қашанда жаңашылдықты жаны сүйетін Гүлден Жаңабайқызы уақытын шәкірт тәрбиелеуге ғана емес, мектептің әкімшілік қызметіне де арнап, жұмысын абыроймен атқарып келеді. Он сегіз жылдық педагогикалық қызметінде ауданның білім саласына елеулі үлес қосты. Оның шәкірттері Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарын аяқтап, бір-бір маман иесі атануда. Үлкен қызы Сұпығалиева Тойжан да орта мектепті алтын медальмен бітіріп, анасының ұстаздық жолын таңдады. Жуырда өзі жүлдегер атанып келген республикалық «Педагогикалық идеялар» фестивалінің де ауылдық, аудандық, облыстық үш кезеңінен жеңімпаз атанып, бірнеше жылдан бері ағылшын тілі сабағында өзінің қолданатын, жеке құпиясы, жаңа идеясы, яғни математика-логикалық формуласымен бөлісті. Мектеп кезінен математикаға жақын өскен Гүлден ағылшын грамматикасына математиканы байланыстыру арқылы оқушыларға ағылшын грамматикасын түсіндіру жолын жеңілдететін методиканы қолданып келеді. Ауданның білім беру саласына осындай қомақты қанжығаны 2002 жылы тәжірибелі педагог Айгүл Сұлтанғалиева салған еді. Араға 23 жыл салып, үлкен жетістікті Гүлден әріптесі жалғап отыр. Осы ретте Гүлден Жаңабайқызының жетістігіне шын қуанып, мерейін асырып, қарсы алған А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Жұмабике Бөлекқалиқызының ұжымды бір жұдырықтай жұмылдыра білгеніне де тәнті болдық.
Өз ортасында жас та болса, беделді, білікті маман, отбасында бір әулеттің түтінін түзу ұстап отырған сыйлы келін, көп балалы ана Гүлден Жаңабайқызының ұстанымы – қарапайым ауыл балаларына білім арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып беру, бағыт көрсету. Осы ұстаным жолында ұлтқа қызмет еткен ұстаздар династиясын жалғастырушы маманның әлі талай биіктерді бағындырары сөзсіз.
А.САТАЕВА