Еліміздің ертеңі жан-жақты дамыған, білімді, бәсекеге қабілетті әрі дені сау ұрпақтың қолында екендігі айқын. Болашақ ұрпағымыздың қамын басты назарда ұстаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында балаларды қолдау бағытында пәрменді бастамалар көтеріп келеді.
БІРЖОЛҒЫ ТӨЛЕМ ТЕК 5 ЖАСТАН
Өткен жылдан бастап елімізде 18 жасқа дейінгі балаларға инвестициялық түсімнен жыл сайын төленетін жарнасы бар «Ұлттық қор - балаларға» жобасы қабылданса, биылдан бастап мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесімен бірге балаңыздың болашағы үшін қаражат жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіліп, оған жуырда Президент қол қойды.
«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі арқылы 5 жасқа толатын балаңыз үшін есепшот ашып, мемлекеттен біржолғы төленетін бастапқы білім беру капиталына ие болуға мүмкіндігіңіз бар. Біржолғы төлем 60 айлық көрсеткіш көлемінде (235 920 теңге) болса, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға бұл төлем көлемі екі есеге көп. Айта кетейік, бағдарламаның шартына сәйкес біржолғы төлем тек бес жасында шоты ашылған балаларға ғана қарастырылған. Жасы 5 жастан асқан балаларыңыз үшін де шот аша аласыз. Алайда біржолғы төлем төленбейді. Сондықтан ерте қамдансаңыз қапы қалмасыңыз анық.
ЕСЕПШОТТЫ ҚАЙДАН АШАДЫ?
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай «Келешек» шоттарын екінші деңгейдегі банктерде және балаларға арналған мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушылары болып табылатын сақтандыру компанияларында ашуға болады. Олар: «Отбасы банкі», «Халық Банкі», «Jusan Вапк», «Нұрбанк», сондай-ақ «ВТБ Банк». Бұдан басқа, «Келешекті» енгізумен «Bank RBK», «Еуразиялық банк», «Bereke Bank» және «Қазпошта» ұлттық пошта операторы да жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің шеңберінде 5 сақтандыру компаниясымен ынтымақтастық жүзеге асырылады. Ынтымақтастық тек жұмыс істеп тұрған тұрақты қаржы ұйымдарымен ғана жүзеге асырылады.
ЖЫЛ САЙЫН ЖАРНА
ТӨЛЕНУІ ТИІС
Ата-ана баласының шотына жыл сайын 24 АЕК (айына 8 мың теңге шамасында) мөлшерінде, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары үшін жылына 12 АЕК (айына 4 мың теңге шамасында) ең төменгі жарна төлеуі тиіс. Жарнаны ай сайын немесе жылына бір рет төлесе де болады. Егер бұл талап орындалмаса, мемлекет бастамашылық жасаған бастапқы капиталды қайтарып алады. Яғни егер жыл сайынғы жарна енгізілмесе, балалардың білім алуына арналған депозитке мемлекеттік сыйақы қосылмайды.
Айта кетейік, баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекеттен де қаражат түсіп отырады. Яғни жыл сайын 5% мемлекеттік сыйақы, ал халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін 7% мемлекеттік сыйақы сонымен қатар банктердің немесе сақтандыру компанияларының сыйақысы көзделген.
Осылайша, ата-аналардың жинақтаған қаражаты мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын, жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықты, инвестициялық табысты (банктердің сыйақысын), сондай-ақ «Ұлттық қор-балаларға» жобасы шеңберінде қалыптастырылған жинақтарды ескере отырып, сапалы білім алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.
ЖИНАҚТАЛҒАН ҚАРАЖАТТЫ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАДЫ?
Ғылым және жоғары білім вице- министрі Талғат Ешенқұловтың мәлімдеуінше, 18 жасқа дейін балалардың шотында шамамен 3,6 миллион теңге жинақталуы мүмкін.
– Жинақталған қаражатты колледждер мен университеттерде оқу үшін, Қазақстанда немесе шетелде білім алу үшін пайдалануға болады. Егер бала мемлекеттік білім грантын алса, жинақталған қаражатты басқа деңгейдегі білім алу үшін пайдалану мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар бұл қаражатты үшінші тұлғалардың салымдарына аударуға, сыйақы алу үшін оны жинақтау шарттарымен алуға, немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалануға болады, – деп мәлімдеді вице-министр Талғат Ешенқұлов.
ҚАЗІРДЕН ҚАМДАНСАҚ, ҰТАРЫМЫЗ КӨП
- Мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Келешек» бағдарламасы ұрпағымыздың келешегі үшін жасалып жатқан игі бастама деп білемін. Бұған дейін осындай бағдарлама болған жоқ. Жоғары оқу орнының кейбір студенттері оқу ақысын төлей алмағандықтан, оқудан шығарылып жататын жағдайлар да болды. Ал бұл бағдарлама баланың мектеп табалдырығын аттамастан болашақта білім алуына аз-аздан қаржы жинауға мүмкіндік беріп отыр. «Теңіз тамшыдан құралады» демекші, баламыздың кішкентайынан бастап жинаған қаражатымыз ол мектебін аяқтағанша үлкен сомаға айналады. Бұл бағдарлама біздің қаржылық сауатымызды арттырып, ақшамызды оңды-солды жұмсамай, тиімді басқаруға септігін тиігізеді. Қаржылық сауатсыздықтың кесірінен алаяқтарға алданып, үлкен көлемдегі ақшаларынан айырылып қалғандары қаншама?! Болашақта білім алуына қажетті қаражаты жиналған баланың өзі қалаған жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі бар. Тіпті шетелде білім алуына да болады. Көкірек көзі ояу, білімді, жан-жақты, озық ойлы жастарымыз елімізді білім мен ғылым саласындағы жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосады деп сенемін. Сондықтан біз, ата-аналар, мұндай мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып, балаларымыздың болашағы үшін қазірден әрекет етсек, ұтарымыз көп болады, - дейді аудандық мәслихат депутаты Эльмира Еспусинова.
Б.САПАРОВА