МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ IV ОТЫРЫСЫНДА ТУРИЗМ САЛАСЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРУІ ТИІС ЕКЕНІН АТАП ӨТТІ. ОНЫҢ АЙТУЫНША, ТУРИЗМ – ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ИНВЕСТОРЛАР ҮШІН ТАРТЫМДЫ САЛА.
ҮШ ІРІ ДЕСТИНАЦИЯ – БОЛАШАҚТЫҢ БАҒЫТЫ
Қазақстан географиялық тұрғыдан қолайлы жерде орналасқанына, түрлі табиғи аймақтары мен бай тарихи- мәдени мұрасына қарамастан туризм саласының әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отыр. Президент туризмнің келешегі зор үш өңірін айқындады: Бурабай, Маңғыстау курорттық аймағы, Алматы тау кластері. Осы дестинациялар бойынша 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Ол жоспар табиғи ресурстар мен туристік әлеуетті тиімді пайдалануға негізделген тұрақты инфрақұрылым құруды көздейді. Сонымен қатар Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі аймақтары да туристік тартымдылығы жоғары өңірлер ретінде аталып отыр. Қазір бұл үш аймақта жаңа әуежайлар құрылысы басталды.
Атырау облысында да туризм қарқынды дамып келеді. Өңір мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, этнографиялық, балалар мен жасөспірімдерге арналған бағыттар бойынша әлеуетке ие. Қазіргі таңда облыста 6756 қонақты қабылдай алатын 128 орналастыру орны жұмыс істейді. Өткен жылдың алғашқы тоғыз айында 112,4 мың турист келген (94 мыңы – ішкі, 18 мыңы – шетелдік). Облыста 200-ден астам туризм субъектісі бар, олардың қатарында 48 туристік компания мен 2 санаторий-курорттық мекеме бар.
Туристер қызығатын орындар: Тұздыкөл (Индер ауданы), Лотос алқабы (Қиғаш өзені, Құрманғазы ауданы), Ақкегершін бор тауы (Жылыой ауданы), Нарын құмы (Исатай ауданы), Сарайшық қалашығы (Махамбет ауданы) және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты (Атырау маңы). Десе де туризмді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілмесе, біржақты тірліктен нәтиже шығару екіталай. Дамуға қажетті үш негізгі фактор: туристік аймақтарға апаратын жол сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту – демалыс орындары мен қызмет көрсету орталарын заманауи ету және жарық, су, тазалық – туристер алаңдамайтындай жағдай жасау.
ТАУЛАРМЕН ҚАУЫШҚАН ТАРИХ: АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ – ДЕРБЕНТ
Наурызда Ресейдің автономиялық республикасы – Дағыстанның табиғаты мен тарихына толы өңірлерін аралап, ұмытылмас әсерге бөлендім. Дағыстан – «Таулы ел» деген мағына береді: түркі тіліндегі «дағ» – тау, парсы тіліндегі «стан» – ел. Атырау қаласынан таңертең шыққаннан Астрахан шекарасына жетіп, ол жерден тексеруден өтіп, Дағыстанға жетеміз дегенше біраз уақыт кетті. Атырау мен Дағыстан Республикасы аралығындағы көлік жолы 1000 шақырымға жуықтайды. Тақтайдай тегіс жол, тұмса табиғат, саф ауа бізді күтіп алды.
Саяхатымыздың алғашқы күні Дербент қаласына аялдадық. Бұл қала – әлемдегі ең көне қалалардың бірі, тарихы 5000 жылдан асады. Каспий теңізінің батыс жағалауында, Суходол өзенінің бойында, Рубас өзені сағасының солтүстігінде орналасқан. ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұрасы қатарындағы Дербенттің басты көрікті жерлерінің бірі – Нарын-Қала бекінісі. Бұл бекініс ежелгі дәуірден бері сақталып, бүгінгі күнге дейін өзінің маңыздылығын жоғалтпаған. Шамамен осыдан 15-16 ғасыр бұрын қамал жаудан қорғану үшін таптырмайтын жер болса, қазір туристер мен жергілікті жұрттың сүйікті демалыс орнына айналған. Ішінде моншалар, қоршау болғандағы керекті су қоймалары және ежелгі құрылыстардың қирандылары сақталған.
Табасаран ауданы: табиғат пен тарихтың үйлесімі.
Келесі бағытымыз Табасаран ауданы болды. Мұнда шағын үйлерге орналасып, ауданның тарихи және табиғи көрікті жерлерін араладық. Сапарымыздың ең әсерлі нүктелерінің бірі – Табасаран ауданында орналасқан «Жеті бауыр және бір қарындас» бекінісі болды. Бұл – VII–VIII ғасырларда салынған, халықты жаулаушылардан қорғаған көне қорған. Жартасты биіктікте орналасқан бұл қамалдың көрінісі ғана емес, тарихы да ерекше. Бекіністің архитектурасы таңқаларлық: төрт бұрышына төрт мұнара қойылған, қабырғалары қалың әрі биік, ал ішкі жағы қарауыл жолдары мен шағын тұрғын бөлмелерден құралған. Қабырғаларының биіктігі 8-10 метрге дейін жетеді.
Бекіністің бұлай аталуы туралы аңыз көп. Соның бірінде Парсы елінің көсемінің арбауына түсіп қалған қыз оған көмектесіп, ағаларының қару- жарағын тұзды суға салып қояды. Мұны білген ағайындылар опасыз қарындасын таспен ұрып өлтіреді. Парсылар бекіністі басып алған соң бес ағайынды дұшпан қолынан өлсе, екеуі қашып үлгереді. Осыдан кейін ағайындардың жеңілгенінен хабардар болған Табасаран халқы жиналып, басқыншыларға тойтарыс беріп, олар шегінуге мәжбүр болды. Аңыздың тағы бір нұсқасында қыздың өзі ақылды, сұлу, тәрбиелі болып сипатталады. Парсы көсемі оған үйленгісі келеді де, оны тұтқынға алады. Алайда қыз құлдыққа түсуді намыс көріп, еркіндігінен айырылғысы келмейді. Сондықтан жол бойында өз-өзіне қол жұмсап, ар-намысын қорлатпастан жан тапсырады екен.
Көне дәуірлерде бұл аймақта 360- қа жуық осындай бекініс болған, ал осы қамал солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі саналады. Тарихшылар мен археологтар бұл құрылымды VI–VIII ғасырларға жатқызады. Жүздеген жыл өтсе де, бұл қамал Табасаран халқының ерлігі мен бауырмалдығының символы ретінде әлі күнге дейін тұр. Табасаранның табиғаты мен тарихи мұралары бұл өңірдің бай мәдениетін айқын көрсетеді.
СУЛАК ШАТҚАЛЫ – АДРЕНАЛИН МЕН ТАБИҒАТ ТОҒЫСҚАН МЕКЕН
Дағыстанда «роуп-джампинг» аттракционындағы тарзанкадан секіруге қызығатындардың саны күн санап артып келеді. Бастапқы деңгейдегі экстремалдар үшін Сулак шатқалындағы тарзанка қолайлы. Бұл жерде экскурсия барысында «Нохъо» үңгіріне де соғып кетуге болады. Ол – «Главрыба» экотуризм кешенінің бір бөлігі. Еуропадағы ең терең каньондардың бірі саналатын Сулак шатқалы 53 шақырымға созылып, тереңдігі 2 шақырымға дейін жетеді. Мұндағы көрініс ерекше әсер қалдырады. Бұрын бұл жерлерге жету қиын болса, бүгінде шатқалдың ең тар жерінен Сулак өзені арқылы аспалы көпір салынған екен. Секіруге дейін нұсқаушылар егжей- тегжейлі нұсқаулық беріп, арнайы альпинистік құрал-жабдықтармен жабдықтайды. Мұнда секіру бағасы – 7000 рубль. Тағы бір экстремалды ойын-сауық – зиплайн (болат арқанмен әуеде сырғанау). Туристер 500 метрлік ұзындықпен, 250 метр биіктікте Сулак шатқалының үстінен сырғанаудың ерекше әсерін сезіне алады.
Міндетті қауіпсіздік нұсқаулығы беріліп, секіру тәжірибелі инструкторлар мен ассистенттердің бақылауымен өтеді. Бірақ бәрінің жүрегі дауалай бермейді, сондықтан кейбір туристер жай ғана көрермен болып, батыл жандардың ерлігін тамашалағанды жөн көреді. Өзім үшін ерекше сынақ ретінде биіктіктен «роуп-джампинг» тарзанкасына секіріп, адреналиннің шарықтау шегін сезіндім. Кейін сол жердегі мейрамханада теңіз тағамдарынан дәм татып, сапарымызды тәмамдадық.
ДАҒЫСТАН ДӘМДЕРІ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ДӘМІ
Дағыстан – тек табиғатымен ғана емес, ұлттық асханасымен де есте қалды. Туристер арасында ең танымал тағам – чуду. Бұл – әртүрлі салмамен дайындалатын жұқа қамырдан жасалған бәліштер. Оның ішіне тимьян, жалбыз, тмин, ұнтақталған жаңғақ, ет, көкөніс, ірімшік, картоп, тауық еті және асқабақ салуға болады. Сондай-ақ Дағыстанның ең танымал тәттілерінің бірі – урбеч. Бұл – зығыр, өрік сүйегі, жаңғақ, бидай, жүгері, асқабақ, күнбағыс және қарасора тұқымдарын тас диірменде ұнтақтау арқылы жасалатын тәтті паста. Оған қыздырылған сарымай мен бал қосылады. Бұл - ерекше дәмімен танымал дәстүрлі дағыстандық тағам.
Дағыстаннан кешке қарай шығып, жолай посттарда тоқтап, тексерістерден өтіп, Астрахан шекарасы арқылы Атырау қаласына таңғы уақытта жеттік. Бұл сапар маған жаңа әсерлер мен ұмытылмас естеліктер сыйлады. Сонымен қатар «Saphar_kz» турагенттігі ұйымдастырған турдың нәтижесінде саяхатшы достармен таныстым. Ең бастысы, Дағыстанның бай мәдениеті, таңғажайып табиғаты мен қонақжай халқы жүрегімде ерекше орын алды. Сіздерге де осындай әсерлі саяхаттар тілеймін!
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ
Атырау-Дербент-
Табасаран-Каспийск