Қыз – қылығымен көркем

Қазақта қыз баланы кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Бар нәзіктік пен инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген халықпыз.

 «Қызға қырық үйден тыйым» десек, бүгінде осы қағиданы баса назарда ұстау әр ананың міндеті екендігі баршамызға мәлім. Ақтоғай орта мектебінің 5-11 сы­нып қыз балаларының қатысуымен «Қыз - қылығымен көркем» тақырыбында оты­рысы болып өтті. «Қызыңды өзге үйге қондырма, ұлыңды өзге үйден тойдырма» деген қазақтың керемет сөзін ойталқыға салып, қыз балалар өз пікірлерін білдірді.

5-7-сынып қыз балаларының «Баян Сұлу» қыздар ұйымының жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гаухар Мұхтарова «Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі» бейнеролигі арқылы қыз балаларға керемет ой сала білді. Ал, 8-11-сынып қыз балаларының «Қыз Жібек» қыздар ұйымының жетекшісі тарих пәні мұғалімі Саягүл Құмашева қыз баланың әдебі тақырыбында әңгіме өрбітті.

Бауыржан Момышұлының келіні Зей­неп апамыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызынa жaсаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп, қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жoрғaны мінгізген. Үйдің oң жaқ төріне отырғызғaн. Тұрмысқa шықпаған қызды «оң жaқтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыc-керіc естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бaқыты бaйлaнaды, жoлы кеciлeдi» деп қызғa қoл көтeрмeгeн. Тіпті, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Mұны кесір деп түсіндірген. Өйткені, еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Оң жақта отырғанда жүз жiгіттің ар­маны болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз», – деп жазады.

Міне, қазақтың дәстүрі қандай десеңізші?! Осындай құрметтің қыз балаға жасалуы, осындай дәстүрдің қыз баласына арналуы бұл тәрбиенің тереңдігіне болса керек. Себебі, қыз – болашақ ана. Ана дегеніміз – дені сау, са­налы, тәрбиелі ұрпақты дүниеге әкелетін адам. Сондықтан қыз балаға қырық үйден тыйым жасай отырып, ұлт болашағын ойлаған ата-бабамыздың салт-дәстүрін, қадір-қасиетін жеткізетін бүгінгі өсіріп отырған қыздарымыз инабатты, ибалы, сыпайы, мейірімді де қарапайым бо­лып өсуіне өз үлесімізді қосып отырсақ, ұлтымызға деген сүйіспеншілігіміз, құрметіміз болар еді.

Ләззат МАРАТЖАНҚЫЗЫ,

Ақтоғай орта мектебі директорының

тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT