ҚЫСҚЫ СПОРТТЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ

Жуырда ғана пайдалануға берілген мұз айдынында ересектер арасында шайбалы хоккейден аудандық ашық турнир өтті. Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынық- тыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа Исатай, Құрманғазы, Махамбет аудандары мен Атырау қаласынан командалар қатысып, тартысты ойын­дар болды.

«Алтын шайба» турнирінің ашылу салта­натында Махамбет ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Алшынбек Мұқанғалиев, ардагер спортшы Абат Қабенов жүрекжарды лебіздерін білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнирдің басты мақсаты - қысқы спорт түрле- рін аудан көлемінде дамыту, спортшылардың белсенділігін арттырып, ойыншылардың шеберлігін шыңдау. Ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Бүгінгі жарыс жай ғана спорттық турнир емес, ол жа­старды ынталандырып, қызықтырып, спорттың жаңа дәуіріне жол ашары сөзсіз. Келушілер мен ойыншылар үшін әрбір хоккей ойыны нағыз мерекеге айналуы керек. Махамбет ауданын­да хоккейдің болашағы зор, ал ол қанат жайған сайын жаңа жетістіктер мен жеңістерге жетері сөзсіз,-деді А.Қабенов.

Турнирге қатысушылар шайбаны таяқшаларымен бір-біріне белсенді түрде тапсыра отырып, оны мүмкіндігінше жиі қақпаға лақтырып, сонымен бірге өз аумағына қарсыласты өткізбеуге тырысты. Айналым жүйесінде өткен жарыс қорытындысымен қарсыластарын қақпасын 18 мәрте дәл көздеген Махамбет ауданының «Alimay» командасы тур­нир жеңімпазы атанды. Ал екінші орын Атырау қаласының «Еркінқала» командасына бұйырса, үшінші орынды Құрманғазы ауданының ко­мандасы місе тұтты.

Өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білген Бекбол Қыдыров «Үздік қақпашы», Айбек Шаждекеев «Үздік қорғаушы», Болат Қалыбек «Үздік шабуылшы», Жасұлан Оспа­нов «Үздік ойыншы» атанса, Теміржан Төлеуов «Үздік төреші» аталымына ие болды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің кубок, медаль, диплом, сыйлықтармен марапатталды.

Хоккей спортынан жас жеткіншектер де жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Көрші- лес Исатай ауданында «Спорт нашақорлыққа қарсы» ұранымен өткен шайбалы хоккейден оқушылар арасындағы аудандық ашық турнир­де Махамбет ауданының «Alimay» командасы қатысып, турнир жеңімпазы атанды. Коман­да сапында өнер көрсеткен Мансұр Айтжа­нов турнирдің «Үздік қақпашысы» аталымы­мен марапатталды. Жасөспірімдерді баптаған бапкерлері әкелі-балалы Теміржан, Әли Төлеуовтердің еңбегі ақталып, аудан намысын абыроймен қорғай білді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT