ТЫЛДАҒЫ ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК БАСТАЛҒАН УАҚЫТТА ХАДИША СЕРТАЕВА АПАМЫЗ НЕБАРЫ 4 ЖАСТАҒЫ БАЛА ЕДІ. ӘКЕСІ НҰРТАЙ СЕРТАЕВ АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БІРІ БОЛЫП, МАЙДАНҒА АТТАНАДЫ. АЛ АНАСЫ ЗИБА «ЗАГАТСКОТ» ДЕГЕН ЖЕРДЕ КҮНІ-ТҮНІ ЕЛМЕН БІРДЕЙ ЕҢБЕК ЕТІП, ТӨРТ ТҮЛІК- ТІҢ ЖЕМ-ШӨБІН ӘЗІРЛЕУГЕ АТСАЛЫСАДЫ.
Күндіз қорада бел жазбаса, кешке май шамның, пілтелі шамның жарығымен шұлық, қолғап тоқып, жүн түтіп, ұршық иіретін. Осы істің бәрінде анасына қолғабыс болып, кішкентай Қадиша жүретін. Екі ұлдың ортасындағы жалғыз қыз әке мейірімінен ерте айырылса, қара жұмыстан қажыған анасын да көріп жарымайтын. 1943 жылы бұл отбасына бір хабар жетіп, соғыстағы әкелері Нұртай қатты жараланғанын естиді. Содан оны госпитальдан шығарып, бір ай үйіне демалысқа жібереді. Алайда бір айлық демалыс бір күннен аспай, шақыртумен жаралы жауынгер қайтадан майдан даласына кетеді. Сол кеткенінен Қадиша анамыздың әкесі оралмаған. Кейіннен Беларусь жеріндегі шайқастарда қаза тауып, Бауырластар зиратына жерленгені анықталады. Бүгінде жат жердің топырағынан мәңгілік мекенін тапқан батыр жауынгер Нұртай Сертаевтың жалғыз қызы Хадиша – Сарытоғайдың тұрғыны. Апамыздың туған жері, өз айтуы бойынша бұрынғы Бақсай ауылы. Өзінен үлкен бір ағасы мен бір інісі болған. Ағасы 24 жасында дүниеден озса, інісі де 60- қа таяған шағында бақилық болады. Бір әке мен анадан жалғыз қалған анамыз өзімен замандас, тағдырлас Елешов Ерсайын есімді азаматпен отау құрып, өмірге 4 ұрпақ әкелген. Жастық шағын «Орал» кеңшарында, Сарытоғай алма бағында суарушы қызметтерінде өткізген ол талай мәрте қалтқысыз адал еңбегі үшін марапаттар да алған. Жолдасы 1994 жылы дүниеден озып, төрт баласын өсіріп-жеткізген анамыз 2005 жылға дейін қызметтен қалмай, «Орал» кеңшарының орнында жұмыс жасаған. Бүгінде сексеннің сегізіне келген Хадиша Сертаева ауылдастарына сыйлы, ел дамуына еңбегі сіңген жандардың бірі. Адам өмірі мен бостандығы сынға түскен шақта дүниеге келіп, бір дәуірдің күйреуін, бір дәуірдің гүлденуін көрген анамыз балаларының жанында, немере- жиен сүйіп, бақытты ғұмыр кешуде. Өткен күндер есінде еміс-еміс қалғанымен, бақытты балалық шағын соғыс пен қара жұмыс ұрлағанын ешқашан ұмытқан емес.
А.САТАЕВА