Қазақ тарихында ұлттың, мемлекеттің тағдырына байланысты маңызды құрылтайлар көп болды. Құрылтайда әрдайым халық үшін маңызды, мемлекеттің егемендігі мен болашағына қатысты кезеңдердегі мәселелер қарастырылды. Тарихтағы құрылтай жиындары халықты біріктірген, ортақ мәселелерді шешу кезінде құрылған.
Төл тарихымызға үңілсек, ұлт тағдырын шешкен құрылтай көп екеніне куә боламыз. Әсіресе өте маңызды кезеңде түгел Алаш жиналып, келелі мәселені кеңесіп отырған. Мәселен, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік алғаннан кейін өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында сырттағы қандастарымызды атамекенге шақырдық. Осылайша, нәубет жылдары үдере көшкен ел тәуелсіз Қазақстанға оралды. Ендеше Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына елеулі өзгеріс әкелді десек қателеспейміз.
Соңғы екі жылда ата-бабалар дәстүрін ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаңғыртқан ол Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев болды. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы тарихқа толы Ұлытауда, екіншісі киелі Түркістанда, үшіншісі биылғы жылы шежірелі мекен Атырауда өтті.
Атырау - тасын түртсең, тарихы сөйлейтін шежірелі аймақ. Ежелден бері талай атақты хан-көсемдер дәл осы жерде бұрынғы Сарайшық қаласында ордасын тіккен. Яғни мұнда тұтас ұлттың тағдыры, қазақтың қордалы мәселелері шешілген. Арада ғасырлар өтті. Тәуелсіз Қазақстанның игі жақсылары шежірелі мекенге қайта жиналды. Уақыт өзгергенімен, мақсат – бұрынғыдай елдің даму жолын саралау.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысының алғашқы күні төрт тақырып талқыға түсті. Ол – мәдениет пен өркениет, азаматтық қоғам, білім-ғылым, әлеуметтік салаға серпіліс әкелудің жай-жапсары. А.Жұмаділдаев: «Ғалымдарға берілетін грантты бөлу жүйесін өзгерту керек», -деді. Жеті жылдық тіл саясаты тұжырымдамасының негізгі бөлімдерін осы құрылтай мүшелері енгізді. Ел руханиятына арналған сессия да қызу талқымен өтті.
Жоғарғы буын өкілдері «қазақ киносы келемежге айналды» деп комедияға шектеу қоюды талап етті. Алайда, сала мамандары бұнымен келіспеді. Керісінше әзіл кино өнерін дамытуға сеп береді. Енді осыны пайдаланып, көрермендер талғамы дұрыс арнаға бұру ғана қалды деген болатын. Күн тәртібінен түспей тұрған мәселелердің бірі- отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы кеңінен талқыланды. Заңды күшейту, әйел теңдігі мәселесі айтылды. Бұл өткен жылғы Құрылтайда да көтерілген мәселе еді. Биыл да қатысушылар бұл мәселеге айрықша мән берді.
Президент халықтың береке- бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін айтып, оған қажетті алғышарттар мен нақты істерге тоқталды.
- Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет- деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Соның бір томы дербес Жошы ұлысына арналмақ. Өткен жылы Қазақстан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Қ.Тоқаев жерасты мешіттерін, Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырмалар берді. Сонымен қатар Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзек, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды(петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылданды. Жалпы тарихымызды, тарихи мұраларымызды сақтау, археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түсу мәселесіне Президент биыл да тоқталды. Өйткені бұл – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Осының нәтижесінде қазір қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық, деді Мемлекет басшысы. Оның ішінде кітап басу ісі мен аударма мәселесі өзекті.
Тәуелсіздік кезеңінде елде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Сондықтан Президент кітапхана ісін дамытуға баса мән беруді тапсырды. Әрі көптеген мемлекеттегідей Ұлттық кітап күнін атап өтуді ұсынған болатын.
Ұлттық құрылтай дала демократиясын қайта жаңғыртты.Бұрын Парламенттің рөлін атқарған кеңес қазір де мәртебесінен айрылмады. Жиын жүйесі өзгерді, бірақ түпкі міндеті қаз-қалпында. Қара мен хан, билік пен бұқараның арасындағы көпірді нығайтып тұр. Бұл басқосу жай ұран емес, нақты орындалатын салмақты ұсыныстар. Айтылған ой қағаз бетіне түседі. Яғни қараусыз қалмайды. Сөз соңында Президент Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келер жылы Көкшетауда өткізуді ұсынды.
Ұлттық құрылтай ол халықтың рухының, рухани құндылықтарының, жігерінің, мемлекеттің мызғымастығы мен беріктігін қалыптастыру үшін жасалатын шара. Халық пен билік арасындағы диалогтың сапасын арттыратын негізгі институт ретінде рөлі жоғары.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА