2014 жылы өзіміздің осы «Жайық шұғыласы» газетінің 22.05 күнгі санында менің «Киізден көпір салған немесе қос Құрақтың құрметіне» деген мақалам шыққан еді.
Онда көтеріліс жеңілгеннен кейін ығысып, Жайыққа тірелген Исатай-Махамбеттің шағын тобын 1937 жылдың 13 желтоқсанында жаңа қатып әлі беки қоймаған өзеннен киіз төсеп өткізіп алған Маябасов Құрақтың жанқиярлық ісі жөнінде жазып, Махамбет селосының тұсынан салынып жатқан көпірге оның атын беруге ұсыныс жасаған едім.
Менің бұл ұсынысымды кейбір азаматтар қолдап, әр жерде жиналыс өткізіп, хаттамаларын аудандық әкімшілікке ұсынды. Оған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен жауап келді. Олар «жер-су аттары халыққа белгілі адамдардың аттарына беріледі» дей келе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы №78 Жарлығының көшірмесін жіберіпті. Біз одан ештеңе түсіне алмай, облыстық әкімшілікке өтініш жаздық.олардан да осы тектес жауап келді. Онда да Заңның баптарын айтқаны болмаса, шешуші пікір айтылмапты.
Қысқасы Маябасов Құрақты «ондай құрметке лайық тұлға емес» дегенге меңзеп отырды. Бұл енді біздің шын ренішімізді туғызды. Маябасов Құрақтың ерлік ісі Исатай мен Махамбет көтерілісін арнайы зерттеген тарихшылардың, махамбеттанушы әдебиетшілердің, олар туралы қалам тартқан жазушылардың еңбектерінде кеңінен баяндалып, батырлармен бірге аталады. Оны сол ісі үшін патша Үкіметі Сібірге жер аударып, топырақ сол жақтан бұйырған. Бұдан артық не керек?! Осы оймен біз енді Президент әкімшілігіне шықтық. Соған байланысты қыркүйек айының алдынғы күндерінің бірінде қасында аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева, аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев, бөлім меңгерушісі Н.Аруев бар облыс әкімінің орынбасары Ә.Нәутиев Ақтоғай ауылына келіп, жиналыс өткізді. Мәселенің басынан бастап мен баяндап бердім. Оның жауабы жазбаша келді. Облыс әкімінің орынбасары Н.Сайлауовадан келген жауап хатының қысқаша мазмұны төмендегідей:
«...Құрамдас бөліктерге атау беру мәселесіне қатысты тәртіптер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысымен бекітілген "Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына» сәйкес жүргізіледі. Яғни қазақ елінің батырлары Исатаймен Махамбеттің есімдерімен қатар ел есінде ерлікке пара-пар ерекше ісі сақталып келген Құрақ Маябасовтың есімін Махамбет ауданынан қарасты құрамдас бөлік-көпірге беру жұмыстарын қолданыстағы заң актілеріне сәйкес жүргізуге пәрмен берілді. Сондықтан ұжымдық өтініш- теріңіз тиісті заңнамалық тәртіптер шеңберінде қаралып, өз шешімін табатын болады».
Енді мәселе шешілгендей болып жүргенде, Есбол селолық округінің тұрғындары біздің ұсынысымызды қолдамайды екен деген хабар алдым. Олар көпірге Айтуар бидің есімін беруді ұсынады екен. Ондағы бір «білгіш» батырлардың қалдық жасағын ертіп келіп, Айтуар би өткізді деп дәлелдемекші көрінеді. Бұл бидің де белгілі адам болғаны, халықтың сөзін сөйлегені рас(Ұлттық энциклопедия, Алматы 1998, 148 бет. Махамбет энциклопедиясы, 17 бет). Бірақ олардың ешқайсысында оның көтеріліске қатысы айтылмайды.
Содан 23 қараша күні Ортақшыл ауылында жергілікті қоғамның жиналысы өтіп, осы мәселені талқылапты. Мен оған жағдайымды баяндап, біте келген іске белден қос аяқ салмай, мәселені әділ шешуді сұрап хат жазып, оған қоғам мүшесі Тюрина Фазилаға беріп жібердім. Жиналыс өтіпті, бірақ оған қатынасып, пікір алысуға барған Құраққа көпір атын беру ұсынысын қолдаушылар тобын кіргізбепті. Онда не айтылғаны, қандай шешімге келгені бізге белгісіз. Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатым – басталғанына төрт жыл болған мәселені аудан тұрғындары біліп жүрсін деген ой. Екінші жағынан оған байыпты қарап, зиялы азаматтардың ол туралы пікірін жинақтау. Қымбатты жерлестер! Көпір әлі біткен жоқ. Шындап келгенде, іште жатқан баланың атын қоюға таласқандай күлкілі жағдай. Алайда, сөз басталып кеткен екен, пікір қосыңыздар, ұсыныс жасаңыздар!
Мұрат АТАШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
ТАҢДАЙДЫҢ ТАҢДАЙЫН ҚАҚҚАН КҮН БОЛДЫ
Сонау алпысыншы жылдардың орта шенінде «Бақсай» кеңшары орналасқан Таңдай ауылының оңтүстік шығысынан «Боқсақ» өзегінен өтетін көпір салуды ең алдымен қолға алған сол кездегі кеңшар басшысы марқұм Оңайбай Көшеков ағамыз болатын.Жуан томарларды құрастыру арқылы «Боқсақтан» көпір салынғанда көп мәселе оңтайлы шешіліп еді. Сол кездегі облыс орталығынан құрылыс материалдары, жанар-жағармайлар, жемшөп басқа да қажеттілер осы көпір арқылы тасылатын. Тіпті егіс учаскілеріне де қатысуға тиімді қатынас құралы болды әрі тұрғындардың ірілі-ұсақты малдары осы көпір арқылы өріске шығатын. Көпірден шыққан тарам-тарам жолдардың бастысы тіп-тіке Сарайшық ауылының тұсынан барып, ұзын жолға тірелуші еді.Осы көпір 90-жылдардың басында әбден ескірді,тек мал өтетіндей ғана күйге жетті. Тіреулер шіріді,беткі тақтайлары сөгілді.
Міне, осы мәселені тұрғындар талай жерге айтып, бірнеше рет мәселе көтергенімен дұрыс шешімін таппап еді. «Айта - айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, көпір мәселесін біраз жерге дейін айтқан азаматтардың біразы дүниеден өтті. Ауылға да талай әкімдер тағайындалып, олар да қажетті қаражат көзінің жоқтығынан ба әйтеуір мәселені оңынан шеше алмады. Өткен жылы Бақсай ауылдық округіне әкім болып Қайыржан Мәжиев тағайындалғанда таңдайлықтардың қойған мәселелерінің бастысы да осы көпір болды.Орайы келер істің кейде оңынан шешіле кететіні бар.
Биылғы жылы Таңдай аулына келген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев аталмыш көпірдің жайымен әдейі танысқан болатын.Сөйтіп сең қозғалды. Аудан әкімінің қолдауымен Махамбет ауылында Жайық өзенінен өтетін көпір құрылысын салып жатырған «Энергомост» ЖШС мен «АтырауСушардың» Махамбеттегі филиалы бұл іске білек сыбана кірісті. Бірі топырағын тасыды, бірі көпір бетін бетондады, астына плита төсеп, тұрбаларын салды. Шіліңгір шілдеде басталған жұмыстың біраз бөлегі атқарылмай да қалған. Жаңа көпірдің екі бетін су шайып кету қаупі туды. Сөйтіп, ауыл тұрғындары «БатысАльянсСтрой» ЖШС–нің басшысы,облыстық мәслихаттың депутаты Әділ Орынбасаровқа хат жазып, өтініш жасаған болатын.
Облысқа аты белгілі кәсіпкер азамат, халық қалаулысы еш әңгімеге келместен бірден келісе кетті. Уағдаласқан уақытта Әділ жіберген құрылысшылар көпірдің екі бетін бетондау жұмыстарын үш күн ішінде тап-тұйнақтай етіп бітіріп берді. Қазір Бақсай ауылдық округінің тұрғындары «АтырауСушар» мекемесінің Махамбеттегі филиалының басшысы Бейбіт Бисалиевке, «БатысАльянс Строй» ЖШС-нің басшысы Әділ Орынбасарұлына ақ алғыстарын жаудырып жүр. Өйткені, таңдайлықтар бюджет қаржысынан бір тиын да жұмсамай, басталған істі созбалаттырмай аудан және ауыл әкімінің бақылауымен әрі ауыл азаматтарының қолдауы арқасында көпірдің шаруасын бітіртіп алды.
Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ.