Баспасөз тарихы – елдің шежіресі

Мұнайлы өлке шежіресін хаттап, жылнамасын жүйелеген облыстық «Атырау» газетінің алғаш шыға бастағанына 95 жыл толу мерейтойы кең көлемде атап өтілді.

Осынау мерекелік шараға алыстан ат арытып, арнайы келген Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетов, орынбасары Мереке Құлкенов бастаған шығармашылық топ алдымен сөз зергерлері Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсынованың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, олардың рухына тағзым етті.

Бұдан әрі бағдарламаға сәйкес «Атырау-Ақпарат» ЖШС ғимаратында медиа-музей салтанатты жағдайда ашылды. Көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетов пен облыстық «Атырау» газетінде ұзақ жылдар бойы редактор болған ардагер журналист Қилыбай Қуанышбаев жаңа руханият орталығының лентасын қиып, жүрекжарды тілектерін арнады. Атырау журналистикасының дамуына зор үлес қосып, шәкірт тәрбиелеген марқұм Теңдік Жауыровтың зайыбы Рахима апай өзінің естеліктерімен бөлісіп, медиа-музейге Теңдік ағаның қолжазбаларын табыстады. Сүйікті басылымдарының мерейтойына жиналған жұртшылық жаңадан ашылған медиа-музей жәдігерлерін тамашалады. Онда Атырау баспасөзінің негізін қалаған танымал тұлғалардың журналистік қызмет барысында тұтынған дүниелері қойылған.

Елбасының тікелей бақылауындағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жергілікті жерде орындалысының жар- қын көрінісіндей интернет каналдың ашылуы да баспасөз нарығындағы «Атырау-Ақпарат» медиа холдингінің аршынды адымын аңғартады. Серіктестік ғимаратының жоғарғы қабатында орын тепкен хабар тарату орталығында журналистерге шығармашылық ізденіспен жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Күңгірт әйнек қабырғаның арғы жағында ерке Жайық өзені толқындана ағып, шалқар шабытқа жетелейді. Жаңа орталықтың лентасын қию құрметіне атыраулық ардагер журналист Айтқали Құмарғалиев пен ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, шырайлы шығыстан келген мәртебелі мейман Жұмаш Кенебай ие болды. Сол бойда экраннан «Еріктен» басталатын бүгінгі 95 жасқа толып отырған облыс айнасы- «Атырау» газетінің әр жылдардағы сарғайған парақтары кино лентасындай сырғып өтіп жатты.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік универ- ситетінің мәжіліс залында ұйымдастырылған медиа конференцияны «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Конференцияда сөз алған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жарға соққан толқындай қаншама жаһандану екпіні сезілсе де, ғасырлар бойы қағазға хатталған тарих өшпейтінін алға тартып, қай кезеңде де баспасөз беделі бәрінен биік болатынына нақты мысалдар келтіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов, жазушы Мереке Құлкенов, саясаттанушы Айдос Сарым өз сөздерінде қазіргі заманауи технологияларға негізделген журналистиканың бағытына, аяқ алысына тоқталып, өздерінің талқылауға ұсынылған тақырыпқа байланысты ойларын ортаға салды. Қазіргі әлеуметтік желі, интернет дегендерге үрке қарауға болмайтынын, олар бөлінбейтін біртұтас дүние-ақпарат кеңістігін қалыптастыратынын, бірін-бірі толықтыратынын айтып түсіндірді. Ардагер журналист Төлеген Жаңабаев өзі ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған облыстық «Атырау» газетінің арғы-бергі тарихынан сөз қозғады. Конференция жұмысына мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Светқали Нұржан, Ақтөбе облыстық медиа орталығының басшысы Раукен Отыншин, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин және басқалары қатысты.

Н.ЕРҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT