Қиғаш жағасындағы ғажайып

ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНЫҢ ТЕҢІЗ АУЫЛЫНДА АЛҒАШ РЕТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН «LOTUS FEST – 2025» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘДЕНИ-ТУРИСТІК ФЕСТИВАЛІ ӨҢІР ТУРИЗМІ МЕН ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІНЕ АЙНАЛДЫ. ЕРЕКШЕ ТАБИҒИ ҚҰБЫЛЫС – ҚИҒАШ ӨЗЕНІНІҢ САҒАСЫНДА ШІЛДЕ МЕН ТАМЫЗ АЙЛАРЫНДА ЖАЙҚАЛА ГҮЛДЕЙТІН ЛОТОС АЛҚАПТАРЫ ФЕСТИВАЛЬДІҢ БАСТЫ НЫСАНЫ БОЛДЫ.

Қазақстанда лотос табиғи түрде тек Құрманғазы ауданында өсетіндіктен, бұл шара еліміз үшін теңдесі жоқ оқиға ретінде бағаланды. Лотос гүлінің нәзіктігі мен сұлулығын өз көзімен көруге алғашқы күннен-ақ 8000-ға жуық турист келген. Жал­пы фестиваль барысында 3000- нан астам турист арнайы тіркеліп, Қиғаш бойындағы алқызыл алқапты тамашалауға 30-дан астам қайық қызмет көрсеткен.

Фестиваль ресми түрде Атырау об­лысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың қатысуымен ашылды. Ол өз сөзінде бұл шараның еліміздегі ішкі және шекара маңындағы туризмді дамытуға, мәдени байланы­сты нығайтуға серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ, ол облыс әкімі Серік Шәпкеновтің құттықтау лебізін жеткізді.

Мерекелік шара этноауылдан ба­стау алды. 20-дан астам ақшаңқан киіз үй тігілген этноауылда қонақтарға қазақ халқының салт-дәстүрі та­ныстырылып, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Құрманғазы ау­данынан – 25, облыстың басқа өңірлерінен – 10, ал көршілес Ресей­ден 3 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Туристер ұлттық нақыштағы заттарға, тағамдарға, әсіресе қазақтың кәуәп, бауырсақ, қымыз секілді дәмдеріне қызығушылық та­нытты.

Фестиваль аясында өткен мәдени бағдарламалар да әсерлі болды. Астра­хань облысынан келген Құрманғазы атындағы Өңірлік мәдениет орталығы мен жергілікті өнерпаздар театрландырылған көріністер мен концерттік қойылымдар ұсынды. Фестивальдің алғашқы күні таны­мал әнші Ғазизхан Шекербековтің қатысуымен өткен гала-концерт пен отшашумен аяқталды.

Ұлттық спорт түрлерінен жары­стар да ерекше қызығушылық ту­дырды. Қол күресі, қазақ күресі, садақ ату, асық ату және арқан тар­ту сайыстарына Атырау қаласы мен бірқатар аудандардан келген спорт­шылар қатысты. Әсіресе, 80 келіге дейінгі және одан жоғары салмақта белдескен балуандардың бәсекесі қызу өтті. Сонымен қатар, «Алып­тар сайысында» 11 спортшы күш пен төзімділік сынағында 7 түрлі жаттығу бойынша бақ сынап, үздік атанған қатысушы қыркүйек айында Алматы­да өтетін «Ақбидай» республикалық турниріне жолдама жеңіп алды.

Фестиваль барысында фотозо­налар, қайықпен серуендеу, ат­пен қыдыру, ұлттық ойындар, гастрономиялық байқаулар мен спорттық турнирлер өткізілді. Суретшілер көрмесі де өтіп, табиғатпен үйлескен өнер туындыла­ры көпшіліктің көңілінен шықты.

«LOTUS FEST – 2025» – өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық мұра мен табиғи байлықты насихаттаудың тамаша үлгісіне айналды. Келушілер үшін Атырау қаласынан арнайы автобу­стар ұйымдастырылып, логистика мәселесі де оңтайлы шешілді.

Айта кету керек, лотос гүлі тамыз айының соңына дейін гүлдейді. Де­мек, Қиғаштың ғажайып табиғатын тамашалап, ерекше сұлулық әлеміне сапар шегемін деген туристер үшін әлі де уақыт бар.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT