«ХАТ ТАСУШЫ»

Өткен аптада Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Све­точ-Атырау» славян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жас актерлердің гастрольдері» жобасы аясында жерлес жазушы Ж.Нәжімеденовтың «Хат тасушы» шығармасының желісінде дайындалған драмалық қойылымы көрермен назарына ұсынылды.

Сұрапыл сұм соғыстың қасіретті жылдарын көз алдымызға әкелген шығарманың басты кейіпкері – хат тасушы Темірхат атты бала. Хат тасу жұмысы жеңіл боп көрінгенмен, өзіне ауыр. Ауыл адамдары май­дан даласынан хабар алуды сарыла күткенімен, хат бәріне бірдей келе бермейді. Ал ең ауыры – қара қағазды тапсыру. Сол хат салынған сөмкені арқалағалы қанша үйге қайғылы ха­бар әкеліп жүріп, «қара хабаршы» атанды. Бұл қызметі оны құрбы- құрдастан да айырды. Оны бәрі өзекке теуіп, маңайына жолатпауға тыры­сады. Осының бәрі жанына мықтап батқан кезде бір сәт қолындағы кенеп сөмкені алып ұрып, өртегісі келеді. Темірхаттың басынан өткен осындай ауыр сезімдері мен майданға аттанған әкеге, туған-туыс, бауырға деген ауыл балаларының мұңды әрі сағынышқа толы сәттерін «Театр тарландары» үйірмесінің жастары және жетекшісі Жайнар Қарабалина көркем түрде көрерменге жеткізе білді. Әр кейіпкердің рөлін сомдаудағы жас таланттардың шеберлігі көпшілікті тәнті етіп, ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, «Театр тарландары» үйірмесі 2011 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Бүгінгі таңда үйірмеде алпысқа жуық бала бар. «Хат тасушы» драмалық қойылымның режиссеры – М.Томанов. Бұл қойылымның пре­мьерасы Атырау қаласында өткен болса, одан кейін ауданымызда сах­наланып отыр. Үйірме жетекшісі Ж.Қарабалинаның айтуынша, «Те­атр тарландары» алдағы уақытта өзге де аудандарға гастрольдік сапармен баратын болады.

Қойылым соңында аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Г.Бекбаева «Све­точ-Атырау» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Р.Битковаға аудан әкімдігі атынан алғыс хат та­быстап, Атырау облысы «Қоғамдық келісім» КММ-өкілі Н.Есоваға рахметін айтты.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT