Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиұлын еске алуға арналған тағылымды шара өтті

Ұйымдастырушы – «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі.

Ұлағатты ұстаз, Атырау облысының Құрметті азаматы, «КСРО Халық мұғалімі», профессор Құсиын Айтқалиевті еске алуға арналған тағылымды шара өтті.  Махамбет ауданына қарасты Алға ауылында өткен шараға облыстағы білім беру мекемелерінің ұстаздары, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, Құсиын ағаның шәкірттері қатысты.

q

Абыз ұстаз тұрған үйдің маңдайшасына ескерткіш тақта қою рәсімімен басталған шара Алға орта мектебінде жалғасты. Қонақтар атаулы мектептегі «КСРО Халық мұғалімінің» өмірі мен ғылыми-педагогикалық және шығармашылық ғұмырнамасынан сыр шертетін «Ұстаз жолы» атты шараға қатысты.

q

Шығармашылық шабытымен, жаңашыл ізденісімен, ерен еңбегімен танылған ұстаз тұңғыш рет атаулы мектеп жұмыстарын ұйымдастырушы, ғұмыры ұрпағына өнеге болған еді. Ұстаздың мектепте қолданған құнды заттары, естелік суреттерінен жасақталған мұражай, сынып бөлмелері таныстырылды. Сонымен қатар жиналғандар «Қазақфильм» киностудиясының Құсиын ағаның өмірі туралы ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында түсірілген деректі фильмді тамашалады.

qusiyn1010-13

– Өзінің атаулы мектебінен талай білімді мамандар шықты. Бір кездері Алға орта мектебі бүкіл облысқа тәжірибе таратын білім ошағы болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен білікті мамандар келіп, Құсекеңнің сабақтарына қатысып, жоғары бағасын беріп кеткен еді. Бүгінгі күні Құсиын Айтқалиевтың туғанына 92 жыл толғанда үлкен көлмеде шара өтіп отыр. Бұл шараны республика деңгейінде өткізілсе де артық болмайды. Құсекең әруақытта біздің жүрегімізде. Ешқашан ұмытылмақ емес,- дейді филиология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп.

qusiyn1010-6

Облыстық шара «Алға» ауылдық мәдениет үйінде Құсиын Айтқалиевке арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты салтанатты жиынмен жалғасты. Қонақтарға жерлес қаламгер Сәтқали Әуелбаевтың бір актілі, үш көрністі «Аманат» драмасынан үзінді қойылды. Сахналық қойылымда кезінде өзінің туған ауылындағы Халық таетрының негізін қалаушы атақты ұстаздың шәкірттері, түрлі мамандық иелері өнер көрсетті. Онда Халық мұғалімінің балалық және жастық шақтағы бейнесі көрермен алдында шынайы сахналанды. Кейін Құсиын Айтқалиевқа арналған «Үздік педагогикалық қызметі үшін» төсбелгіге облыстың үздік 34 ұстазы лайықты деп танылып, салтанатты түрде табысталды.

qusiyn1010-15

– Құсиын Айтқалиевтың есімін ардақтау мақсатындағы шығарылған төсбелгіге үміткерлерді іріктеуде арнайы комиссия жұмыс жасады. Біраз талқылаудан кейін 34 мұғалімге медальді табыстау туралы шешім шықты. Басты мақсат – Құсиын ағайымыздың педагогикалық жұмысын насихаттау, жалпы ұстаздар қауымының еңбегін жоғары бағалау. «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев айтпақшы, біздің бірлестік барша мұғалімді төрге шығару бағытында жұмыстарды жалғастырады,- дейді облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы.

qusiyn1010-5

Салтанатты шараға қатысушылар Құсиын Айтқалиұлының өнегелі өмір жолын айтып, ізгі тілектерін жолдады. Ғибратты ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған аңыз ағаның ұрпақтары да өз ризашылықтарын жеткізді. Шара соңында ауылдың өнерлі жастары жергілікті ақын-сазгерлердің ұстазға арнаған әндерін шырқап, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ,

Махамбет ауданы, Алға ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT