-Қайрат Есқабылұлы, ең алдымен сұхбат беруге келісім бергеніңізге алғысымызды білдіре отырып, жалпы өзіңіз басшылыққа келген уақыттан бері атқарылған жұмыстардың ауқымдыларына тоқталсаңыз?
- Махамбет ауданының әкімі лауазымына 2022 жылдың 14 қыркүйек күні тағайындалдым. Аудан басшылығына кіріскен сәттен бастап, алғашқы кезекте шешуді қажет ететін мәселелерді зерделеп алдым. Бұған дейін де біршама жұмыстар атқарылған. Дейтұрғанмен, өмір болған соң қажеттілік те көбейетіні сөзсіз. Әр тоқсан сайынғы халықпен кездесулерде көтерілген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңге бөліп жасауды жоспарладық.
Ауыз сумен қамту. Бұған дейін аудан халқын ауыз сумен қамтып отырған су тазарту қондырғылары әбден ескіріп, 8-10 жылдан бері жөндеу көрмеген. Суды тазарту сапасы мен көлемі ешқандай сынды көтермейтін күйде болды. Сондықтан аудандағы 15 су тазарту қондырғысына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, облыс басшысы Серік Шәпкеновке аудандағы су тазарту қондырғыларына күрделі жөндеу мен қайта жарақтандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті жоба жасақтауға және жөндеуге қаржы бөлуді сұрап, өтініш жасадым. Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдап, облыстық бюджеттен қаржы бөлді. 2022 жылдың соңына дейін 2 су тазарту қондырғысын жөндеуден өткіздік. Қалған 13 су тазарту қондырғысын жөндеу мақсатында 2023 жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаттама жасақтап, 2024 жылдың басында 13 су тазарту қондырғысына жөндеу жұмыстары басталды. Ол жұмыстар 2024 жылдың соңында аяқталып, аудан тұрғындарына сапалы ауыз суды үздіксіз беруге қол жеткізілді. Бұл жұмыстардың көлемі 5 млрд. 800 млн. теңгені құрады. Одан басқа бұрын ауыз сумен қамтылмаған 4 елді мекенге (Есмахан, Көздіқара, Атамбаев, Бала Ораз) округ орталықтарынан таза су құбыры тартылып, су тарату мұнаралары қойылды. Жұмыс толығымен аяқтала келді. Осы санаулы күндерден кейін бұл ауылдарға да таза ауыз су берілетін болады. Ауданымызда ауыз сумен қамтуды жүйеге келтіру мақсатында «Махамбет-Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылып, барлық ауылдардағы су тазарту қондырғыларының жұмысын жүргізу тапсырылды. Барлық ауылдардағы ауыз су берудің тарифі қорғалып, бекітілді. Қазіргі уақытта «Махамбет-Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қажетті арнаулы техникалар мен ғимараттар алынып беріліп, халыққа қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ауылдарды жазғы сумен қамту да осы мекеменің еншісінде. Ауылдардың жаңа ықшам аудандарын жазғы су құбырымен қамту мақсатында өткен жылы Жалғансай ауылында жаңадан жазғы су құбыры тартылды. Еңбекшіл ауылының ішіне толығымен жаңадан жазғы су құбыры жүргізіліп, пайдалануға берілді. Биылғы жылы Талдыкөл және Алға ауылдарындағы жазғы су құбырларын жөндеу жоспарланып отыр. Сметалық құжаттамалары дайын. Сондай-ақ, Сарытоғай ауылы және Махамбет ауылының Жаңа ауыл ықшам ауданындағы жазғы су құбырларын жөндеуге жобалық- сметалық құжаттама жасақталуда. 2023 жылы Махамбет ауылындағы 82 тұрғын үйге, Талдыкөл ауылындағы 12 үйге ауыз су құбыры жүргізіліп берілді.
Автомобиль жолдарының жайы. Аудандағы күрделі мәселенің бірі – ауылішілік жолдардың жеткіліксіздігі мен 2 ауылдың кірме жолының нашарлығы. Ауылдарға кірме жол және ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу және салу бойынша да бірқатар жұмыстар ұйымдастырылды. 2023-2024 жылдар ішінде барлық құны 13 млрд. шамасында, ұзындығы 72 шақырымды құрайтын 9 ауылішілік және 2 ауылға кірме жол, барлығы 11 жол жөндеу жобасы басталды. Жалғансай ауылына 9,6 км, Сарайшық ауылына 14,1 км, Талдыкөл ауылына 2,4 км, Алға ауылына 5,2 км, Ортақшыл ауылына 3,2 км, Ақтоғай ауылына 2,1 км, Таңдай ауылына 6,1 км және Махамбет ауылына 21 км жалпы ұзындығы 72 км құрайтын жолдар негізінен салынып, аяқталуы жақын. Осы 2025 жылы бұл жұмыстар толығымен аяқталады. Махамбет ауылішілік жолдармен бірге 39 жерге автобус аялдамалары да салынды. Қазіргі уақытта Талдыкөл және Ақтоғай ауылішілік жолдары толық аяқталды. Сонымен қатар, өткен жылы Талдыкөл ауылына 6,2 км және Ақтоғай ауылына 2,1 км кірме жолына жөндеу жұмыстары басталған болатын.
Одан басқа Есбол және Еңбекшіл ауылдарының қалған көшелеріне тас жол төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтті. Енді құрылысына қаржы сұралатын болады.
Көшелерді жарықтандыру және электр желісі. Аудандағы елді мекендердің көшелерді жарықтандыру бойынша атқарылған бірқатар жұмыстарды атап өтуіміз қажет. Махамбет ауылының көше жарықтарын жөндеу және жаңадан көшелерге жарық шамдарын қондыру жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы Махамбет ауылындағы 38 көшенің бұрынғы ескі ДРЛ шамдары ауыстырылып және жаңадан ЛЭД жарық шамдары, 1 көшеге жаңадан 55 дана ЛЭД шамдар, барлығы 890 дана шам орнатылды. 2024 жылы Махамбет ауылындағы 2 көше жарықтандырылды. Көшелердің жарықтандырылуынан ауылдық округтер де кенже қалған жоқ. 2023- 2024 жылдары Сарайшық ауылының барлық көшелеріне толықтай жаңа жарық ЛЭД шамдары орнатылып, Сарытоғай ауылы көше жарығымен толықтай қамтамасыз етілді. Сондай ақ Жалғансай, Ақтоғай ауылдарына және Атамбаев, Бала Ораз, Есмахан, Көздіқара, Есбол, Еңбекшіл елді мекендеріне жаңадан ЛЭД жарық шамдары қондырылды. Биылғы жылы Алға және Бейбарыс ауылдарына жаңа электр бағаналарымен бірге көше жарықтары орнатылды. Мамыр айында тапсырылады. Ақжайық және Жалғансай ауылдарының қалған көшелеріне көше жарығын қондыруға жобалық- сметалық құжаттама дайындалды. Ақтоғай ауылының көше жарығына жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр.
Махамбет ауылының «Мерей» ықшам ауданы және Жалғансай ауылдарына жаңа электр желісін тарту, Бейбарыс және Алға ауылдарына электр желісін тарту жұмыстарының негізгі бөлігі аяқтала келді. Сондай- ақ, Алға ауылының жаңа ықшам аудандарына газ және су желілері тартылды. 2023 жылы қысқа дайындық жұмыстары аясында Жалғансай, Бейбарыс, Талдыкөл ауылдарына жаңа трансформаторлар орнатылды. 2024 жылы Ортақшылдан Ақжайық ауылына дейінгі тартылған жоғарғы кернеулі электр желісінің жарылған ескі бағаналары жаңа бағаналарға ауыстырылды.
Білім беру саласы. 2023 жылы Махамбет ауылындағы «Шолпан» бөбекжай-бақшасының ғимараты балаларды оңалту орталығына беріліп, ондағы балаларға қызмет көрсету 4 сағаттан 8 сағатқа дейін ұзартылып, тиісті жағдайлар жасалды. Биыл осы мекемеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. 2023 жылы жаңа мектеп-интернат құрылысы аяқталып, Д.Төленов атындағы мектеп жаңа ғимаратқа көшті. Таңдай ауылындағы интернат Махамбет ауылына ауыстырылды. Таңдай ауылындағы интернаттан босаған орынға өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балабақшаға қосымша 25 орынға топ ашылды. Жаңа мектептің қосымша ғимаратына З.Ещанова атындағы балалар саз мектебі көшіріліп, саз мектебіне қосымша топтар ашуға мүмкіндік жасалды. Осы саз мектебіне су жаңа «Газель» автокөлігі де алынып берілді. Алға ауылынан 290 орындық жаңа балабақша және Ақжайық ауылынан 160 орындық балабақша құрылысын жаңадан салуға жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Өткен жылы Сарытоғай ауылындағы «Балбөбек» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Денсаулық сақтау. Өткен жылдың басында Талдыкөл ауылынан жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт және Еңбекшіл, Көздіқара ауылдарынан жаңа медициналық пункттер құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жылы Аққайың елді мекенінен жаңа медициналық пункт пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта Сарытоғай ауылынан жаңа емхана құрылысын салуға жобалық- сметалық құжаттама жасақталып жатыр. Ауданның денсаулық сақтау мекемелеріне 2023 жылы 5 дана, 2024 жылы 4 дана жаңа автокөлік алынып, берілді. Сонымен қатар, 2023-2024 жылдары ауданның денсаулық сақтау мекемелерін жетіспейтін дәрігерлермен толықтыру мақсатында 9 дәрігер шақыртылып, жұмысқа орналастырылды. Оларға заңдылыққа сәйкес әлеуметтік қолдау көрсетіліп, қызметтік пәтерлермен қамтылды.
Мәдениет саласы. Аудандағы мәдениет үйлерінің тозғанын ескеріп, өткен жылы Алға, Сарайшық, Ортақшыл және Талдыкөл ауылдарына 200 орындық жаңа мәдениет үйлерін, аудан орталығы Махамбет ауылынан 400 орындық жаңа мәдениет үйін салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Биыл наурыз айында Сарытоғай ауылындағы жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ақтоғай мәдениет үйіне жаңа ЛЭД экран орнатылды. Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйіне жаңа музыкалық құрал-жабдықтар мен аспаптар алынып берілді және биыл ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарымызда. Аудандық орталық кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоршаулары ауыстырылды. Жөндеу жұмыстары жүргізілген ғимараттар қатарында Ақжайық ауылындағы мәдениет үйі де бар. Сондай-ақ, 2023 жылы аудандық әкімдіктің қолдауымен бұрынғы прокуратура ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің редакциясы осы ғимаратқа көшірілді.
Жолаушылар тасымалы. Аудан орталығы жыл сайын үлкеюіне орай ауылішілік жолаушылар тасымалдайтын автобус маршруттарын ұйымдастыру да өзекті мәселеге айналды. 2023 жылдың басына дейін Махамбет ауылы мен Сарытоғай ауылдары арасында тек 1 автобус маршруты жүріп келсе, Махамбет ауылы тұрғындарының сұранысын ескеріп, аудандық бюджет қаржысының есебінен қосымша тағы бір автобус маршруты шығарылды. Бұл маршруттарды аудан орталығындағы мектептерге баратын етіп ұйымдастырдық. Өткен жылы Махамбет ауылының бірнеше көшелеріне жаңа асфальт жол төселуіне байланысты тұрғындардың сұранысына сәйкес зерделеп, осы жылдың басынан бастап жаңадан 3-ші автобус маршруты қосылды. Бұл өз кезегінде Махамбет ауылішілік және Сарытоғай ауылдарымен қатынасты одан сайын жақсартты. Бұл маршруттарда заман талабына сай QR код арқылы жол ақысын төленеді және жол картасы көрсетілген.
Аудан тұрғындарының облыс орталығымен қатынасын жақсарту мақсатында Атырау-Махамбет- Сарытоғай автобус маршрутындағы 33 орындық автобус 56 орындық автобусқа ауыстырылып, күніне 3 рет қатынайтын етіп жүргізуге қол жеткізілді. Және Махамбет ауылынан арнайы автобекет ашып, билетті онлайн және қолма-қол алатындай жағдай жасалды. Аудандағы ауыл тұрғындарының облыс орталығымен қатынасын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Атырау-Бейбарыс» автобус маршруты шығарылды. 2024 жылы «Атырау-Таңдай» автобус маршруты ұйымдастырылып, жүре бастады. Енді осы жылдың мамыр айынан бастап, «Атырау-Ақтоғай» автобус маршрутын шығару бағытында жұмыстар жүргізілуде. Алдағы жоспарда «Атырау-Ортақшыл- Ақжайық» автобус маршрутын шығару мәселесі тұр.
Ауыл шаруашылығы саласы. Аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, ауданда көкөніс, бақша егу дамыған. Ауданда 2023 жылы егін көлемі 4500 гектарға жетсе, 2024 жылы көктемгі тасқын су көп келуінен егін көлемі 1800 гектарға дейін азайып кетті. Бірнеше шаруашылықтың егіні, егін егетін жері суға кетті. Бірақ егінмен айналысатын ірі шаруашылықтар биыл да жұмыстарын жалғастыруға ниетті. Биылғы егін егу маусымына дайындық жұмыстары да жүргізілуде.
2023 жылы Ақжайық ауылынан «Н.Жұмағалиева» шаруа қожалығы көлемі 4 гектар болатын жаңа жылыжай құрылысын аяқтап, пайдалануға берілді. Жылыжайдың қуаты – жылына 1600 тонна қияр және қызанақ өндіру. Болашақта жылыжай кешенін кеңейту жоспарлары бар. Сонымен қатар, 2023 жылы Бейбарыс ауылдық округінде «Айдана-Агро» шаруа қожалығының көлемі 5,6 гектар болатын жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Бұл жылыжай құрылысы осы жылы аяқталуы керек. Одан басқа, аудан көлемінде 2023 жылы «Атырау-Чикен» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 5000 тонна құс етін өндіру жобасының құрылысы басталды. Бұл жұмыстар да аяқтала келді. Осы жылдың маусым айында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Тағы бір жоба – «А-Дана» жеке кәсіпкерлігінің жылына 15 млн. дана бекіре шабақтарын өсіретін және 130 тонна балық етін өндіретін балық зауытының құрылысы 2023 жылы басталды. Бұл соңғы технологиялармен салынып жатқан зауыт құрылысы осы жылы аяқталып, пайдалануға беріледі. Аталған жобалар іске қосылған кезде ауданның бірталай тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Тазалық және көгалдандыру жұмыстары. Аудан бойынша тазалық мәселесі бір күн болса да бақылаудан түскен емес. Ауылдардың тазалығын сақтауда бірқатар жұмыстар атқарылды. 2023-2024 жылдар ішінде Махамбет ауылының сыртына қатты қоқыс қалдықтарын сұрыптайтын құрал-жабдықтар алынып, ғимарат салынды. 196 дана жаңа қоқыс контейнерлері сатып алынды. Махамбет ауылынан 34 нысанға қоқыс контейнерлерінің алаңы салынды. Биыл тағы 10 нысанға қоқыс алаңдары орнатылуда. Сарайшық ауылының жаңа жерінен аумағы 2 гектарды құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар жинайтын орын салынды. Ақжайық ауылының қатты тұрмыстық қалдықтар жинау орны жаңа орынға көшірілді. Ауылдық округтерге тазалық жұмыстарын және басқа да қажеттіліктеріне, округтегі шаруаларына пайдалану үшін 2022 жылы 4 округке, 2023 жылы 1 округке, 2024 жылы 1 округке МТЗ-82 тракторы тіркемесімен, аспалы тиегішімен, күрегімен және сыпырғышымен, шөп шабатын агрегатымен бірге алынып берілді. Биылғы жылы 1 округке тап осындай техника алып берілуде. 2024 жылы аудан орталығына тазалық жұмыстары үшін 1 қоқыс шығаратын «КамАЗ» арнаулы автокөлігі, 1 «Шантуй» бульдозері, 2 фронтальдық тиегіш-экскаваторы сатып алынды. Ауданның елді мекендерінде болып жататын дала өрттерін сөндіруге тез жұмылдыру мақсатында Алға, Бейбарыс, Сарайшық ауылдарына облыстан бұрын қолданыста болған, бірақ жарамды 3 өрт сөндіру автомашиналары алынды. Бұл өрт сөндіру автомашиналарына арнайы жүргізуші тұрақты жұмысқа алынып, қажетті қосалқы бөлшектері алынып берілді. Махамбет ауылындағы 4 жердегі (Жаңа ауыл, «Жайық шұғыласы» газетінің 50 жылдығы атындағы көше, Сарытоғай ауылында) балалар ойын алаңына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ойын құралдары жаңартылды. 2024 жылы Сарайшық ауылындағы 2 саябақ күрделі жөндеуден өткізілді. Сарайшық ауылындағы зират темірбетон қоршаулармен қоршалды. Сонымен қатар, ауылдағы археологиялық қазба аумағы қоршалып, батыс қақпасы салынды.
Жаға бекіту жұмыстары. Қазіргі таңда Жайық өзенінің Махамбет ауылының тұсындағы 4,5 км жаға бекіту жұмыстары және Алға ауылындағы 3,2 км жаға бекіту жұмыстары жүргізілуде.
2023 жылы ауылдарды судан қорғау мақсатында Талдыкөл ауылының 1,4 км, Бейбарыс ауылының 2 км және Сарайшық ауылының 0,8 км жаға бекіту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстары басталды. Осы жылы мемлекеттік сараптамадан өткізіліп шығады.
- Енді тұрғындардың тілегіне қарай ойыссақ. Махамбет ауданының жері жасыл желек өсіруге қолайлы. Аудан орталығына кіреберістің екі жағында орналасқан саябаққа ағаш отырғызып, жасыл желекке айналдыруға болмас па екен? Іргеміздегі Жайық суын тиімді пайдалана алмай отырған жоқпыз ба? Жылда осы «Жасыл белдеуде» ағаш егу акциялары өтеді, бірақ нәтиже жоқтың қасы. Бұл туралы не айтасыз? Қандай шаралар жасау ойда бар?
- Орынды сұрақ. Бұл мәселе тұрғындармен кездесулерде де қойылып жүр. Жалпы осы «Жасыл белдеуді» реттеп, көгалдандыру ойымызда бар. «Жасыл белдеу» ішіндегі қураған ағаштардан тазарту жұмыстары 2022 жылы басталған екен. Біз қураған ағаштарды кесу, қоршауларын жөндеу, сырлау, ішін қоқыстардан тазалау, бағусыз жүрген малдан қорғау, су құбырларын жөндеу жұмыстарын 2023 жылдан бері жалғастырып келеміз. Өкінішке қарай, сол жылы «Жасыл белдеудің» жұмыстарын атқаруды конкурспен жеңіп алған мекеме жауапсыздық танытып, өз жұмыстарын жасамады. Сондықтан ол мекеме сотқа беріліп, келісімшарт үзілді. Бірақ соттасып жүргенде жыл соңы болып, жұмыстар аяқсыз қалды. 2024 жылы көктемгі су тасқынына орай бұл жұмыстар толық жасалмады, себебі қаржыландыру да қысқартылды. Енді биыл бұл мақсатқа қаржы бөлініп, жасалатын жұмыстар тізбесі шығарылды. Қазіргі уақытта мердігер мекемелер анықталу үстінде. Ағаш кесетін мекеме анықталып, жұмыстар басталып жатыр. Махамбет ауылдық округінің әкімі Н.Сапаровқа «Жасыл белдеу» аумағын осы ауыл басындағы мекемелерге бөліп беріп, тиісті жұмыстар ұйымдастыру тапсырылды. Қазіргі уақытта секторларға бөлініп, мекемелерге бекітілді. Енді осы сәуір айында тазалық жұмыстары мен ағаш егу жұмыстары атқарылатын болады. «Жасыл белдеу» ішімен жаңа ықшам аудандар тұсынан жол ашып беру туралы ауыл тұрғындарының тілектері ескеріліп, 2023 жылы үш жерден адам өтетін жол өткелі жасалды. 2024 жылы «ҚожанОйл» мұнай өндіру мекемесі тарапынан «Жасыл белдеуге» 3000 дана ағаш отырғызуға келісім жасалып, өткен жылы күзде ағаштар отырғызылды.
- Жол мәселесі өзекті. Жолдың жырын өзіңіз де жақсы біліп тұрған шығарсыз. Ең алдымен, аудан орталығынан бастасақ. «Атырау- Орал» республикалық трассасының Махамбет ауылына кіреберісі, аудан орталығындағы Алаш Тұржанов, Зәмзәм Ещанова көшелерінің жағдайы көліктердің жүруіне ыңғайсыздық туғызуда. Одан қалса, Талдыкөл ауылының кірмежолы да облыс көлемінде көтерілді. Жуық арада бұл мәселелер шешімін таба ма? Қаржылық мүмкіндіктер қалай болып жатыр?
- Республикалық дәрежедегі «Атырау-Орал» трассасының Махамбет ауылы тұсындағы жол жағдайы бойынша құзырлы органдарға жеткізілді. Осы жылы жөндеуді сұрайтын боламыз.
Махамбет ауылының ішкі жолдарын салудың ІІІ кезеңі басталады. Ол 18 шақырымды құрайды. Бастапқы қаржысы бөлінді. Осы жұмыстар аяқталған кезде Махамбет ауылының көшелері асфальтпен толық қамтылады. Аудан орталығындағы А.Тұржанов, З.Ещанова атындағы көшелердің бұзылған жолы осы биылғы басталатын ІІІ кезең жөндеу жұмыстарының жобасында қаралған. Яғни, осы жылы жасатып алуға жұмыстанамыз. Одан басқа Есбол және Еңбекшіл ауылдарының қалған көшелеріне тас жол төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтті. Енді құрылысына қаржы сұралатын болады. Ал, Талдыкөл ауылының кірме жолының жобасына түзетулер енгізу бойынша жұмыс осы сәуір айының ортасына дейін аяқталады деп күтіп отырмыз. Осы құжат шыққан соң, толыққанды жұмыстар атқарылатын болады.
- Тұрғындар көкейіндегі тағы бір сұрақ – ол әрине көктемгі өр суына қатысты. Былтыр аудан халқы көп болып, көлемдеп жүріп, бөгет салып, өр суынан, тасқыннан аман қалды. Биылғы судың деңгейі қалай болады? Қандай болжамдар айтылуда? Қауіп бар ма?
- 2024 жыл ауданымыз үшін оңай болмады. Тасқын су шамадан тыс көп келіп, елді мекендерді су басу қаупі төнді. Ауданның елді мекендерін тасқын судан қорғап қалу үшін халық та, мемлекет те аянып қалған жоқ. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдаландық. Халықпен бірге күні- түні жүріп, ауылдарды аман алып қалдық. Осы орайда аудан халқына тағы да өз ризашылығымды білдіргім келеді. Биыл тасқын судан қорғану үшін өткен жыл соңынан бастап дайындық жұмыстары жүргізілді. Бөгеттер нығайтылып, жаңа бөгеттер де соғылды. 39,4 шақырым бөгеттің 39 шақырымы нығайтылды. 8,3 км жаңа бөгет салу жұмыстары аяқталды. Су деңгейі туралы ақпаратты облыстан күнбе-күн алып отырмыз. Қазіргі уақытта су деңгейі көтеріліп жатыр, 5 метр 52 сантиметрді құрап отыр. Қауіпті деңгей – 9 метр. Қазіргі алдын ала болжамға сәйкес биылғы келетін су өткен жылғыдан аз болады деп айтылып отыр. Бірақ босаңсуға негіз жоқ. «Судан қауіп бар немесе жоқ» деп кесіп айта алмаймыз, бірақ су деңгейін қатаң бақылап, қажеттілігіне байланысты тиісті жұмыстар ұйымдастырып отырамыз.
- Махамбет ауданы ауыл шаруашылығы саласына бейімделгені бұрыннан белгілі. Өткен жылғы тасқыннан кейін шаруалар биыл егін салудан тартыншақтап қалып жатқан жоқ па? Биылғы өнім көлемі қалай болады деп ойлайсыз? Картоп, ет секілді өнімдердің бағасының қымбаттауы ауыл шаруашылығы саласына жаңа реформаның қажет екендігін көрсетпей ме?
- Ауданда 2023 жылы егін көлемі 4500 гектарға жетсе, 2024 жылы көктемгі тасқын су көп келуінен егін көлемі 1800 гектарға дейін азайып кетті. Бірнеше шаруашылықтың егіні, егін егетін жері суға кетті. Бірақ егінмен айналыстатын ірі шаруашылықтар биыл да жұмыстарын жалғастыруға ниетті.
2025 жылы 500 га жерге картоп, 1060 га жерге көкөніс, 440 га жерге бақша, 2500 га жерге мал азықтық дақылдар егу жоспарланды. Барлығы – 4500 га. (2024 жылы 2388 га). Биылғы егін егу маусымына дайындық жұмыстары да жүргізілуде. Аудан егіншілері егін егуге толық шығады деп ойлаймын.
- Баспана мәселесі де ауданда өткір тұр. Біраз жылдан бері үй жалдап жүргендер немесе апатты үйді паналап отырғандар 60 пәтерлік көп қабатты үйдің тезірек пайдалануға берілгенін күтіп жүргені белгілі. Тұрғындарды баспанамен қамту, жаңа баспаналар салу, сатып алу жөнінде кеңірек айтып кетсеңіз.
- Ауданда тұрғын үймен қамту мәселесі өте өзекті. Қазіргі уақытта аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1361 адам кезекте тұр. Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауымен тұрғын үйлер салынып, сатып алып, берілуде. Заңдылыққа сай тұрғын үй тек кезектілікке сайкес беріледі. 2023 жылы аз қамтылған отбасыларына 22 үй алып берген болсақ, 2024 жылы 46 отбасына жаңа тұрғын үй берілді. Биыл осы жұмыстар жалғасын табады деп отырмыз.
Апатты тұрғын үйлердегі тұрғындарды көшіру мақсатында 2024 жылы Махамбет ауылындағы Абай көшесі, №169 үй және Ж.Қартқожақов көшесі, №20 үй тұрғындарын көшіруге облыстық бюджеттен 540 млн. теңге бөлініп, 31 отбасына үй алынып беріліп, көшірілді. Сондай-ақ, Бейбарыс ауылынан да бір отбасы апатты үйінен көшірілді. Сарайшық ауылындағы екі қабатты ескі 8 пәтерлік үй тұрғындарына 8 үй алынып берілді. Биыл Махамбет ауылындағы 3 апатты тұрғын үйді көшіруге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта жұмыстар жүргізілуде. Махамбет ауылынан 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй құрылысы аяқтала келді. Осы бірінші жарты жылдықта пайдалануға берілетін болады.
- Білім, спорт саласына ауыссақ. Қазіргі уақытта апатты мектептер қатарында Қ.Ахмедияров атындағы мектеп бар, Ақжайықтағы бөбекжай-бақша да апатты деп танылып, жабылып қалған. Жаңа мектеп, бөбекжай-бақша салу бойынша қандай жоспарлар бар? Аудан орталығындағы жаңа спорт кешенінің құрылысына сын айтушылар бар. Спорт алаңдарының, кешендерінің құрылысын кім бақылайды? Қазіргі уақытта ауданда қанша спорт алаңы бар?
- Білім, спорт саласындағы мекемелер қазіргі уақытта толығымен облыстық басқармалар арқылы қаржыландырылады. Мектептердің м а т е р и а л д ы қ - т е х н и к а л ы қ жарақтандырылуына жыл сайын қажеттілікке сәйкес қаржылар бөлініп отыр. Пән кабинеттері жаңартылып, ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары кезектілікпен жүргізіліп келеді. Таңдай ауылындағы Қ.Ахмедияров атындағы мектептің апатты жағдайда екені расталып, сарапшының қорытындысы жасалып, облыстық білім беру басқармасына сұраныс жолданды. Ақжайықтағы бөбекжай-бақша апатты жағдайға байланысты жұмысын тоқтатты. Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Алдағы уақытта Алға ауылынан 290 орындық, Ақжайық ауылынан 160 орындық балабақша салу және Таңдай ауылынан 320 орындық мектеп салу жоспарланып, облысқа сұраныстар берілді.
Аудан орталығындағы жаңа спорт кешенінің құрылысында болған кемшіліктер жойылып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жұмыс жасап жатыр. Жалпы, әр салынып жатқан құрылыстың конкурспен анықталған техникалық бақылаушысы болады. Ең алдымен сол маман қадағалауы тиіс. Сол үшін оған бюджеттен қаржы төленіп отыр. Әрине, құрылыстың тапсырыс берушісі де бақылауды әлсіретпеуі керек. Күні бүгінде ауданда екі жасөспірімдер спорт мектебі үш спорт кешенінде жұмыс жасаса, мектептердегі 22 спорт залы және ауылдық елді мекендерде спорттық ашық алаңдары пайдаланылып отыр.
2023 жылдың күзінде Таңдай ауылынан жаңа дене шынықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл кешен құрылысы 2025 жылы аяқталады. Ортақшыл, Сарайшық ауылдарынан жаңа дене шынықтыру кешенінің құрылысын жүргізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, сараптамадан өтті. Демеушілер есебінен Алға, Бейбарыс және Талдыкөл ауылдарынан жаңа дене шынықтыру кешенін салуға қажетті жобалық-сметалық құжаттама жасалу үстінде. 2024 жылы Сарайшық ауылынан ашық спорт алаңы, биыл аудан кәсіпкері Ерлан Андашевтың тікелей демеушілігімен «Туған жерге тағзым» форумы аясында жаңа ашық хоккей алаңы пайдалануға берілді. Жалғансай, Ақтоғай, Есбол, Талдыкөл, Таңдай ауылдарынан ашық спорт алаңының құрылысы 2023 жылы басталған болатын. Бұл жұмыстардың үшеуі аяқталды, қалған жұмыстар осы жылы аяқталатын болады.
- 2025 жылы аудан халқын қандай жағымды жаңалықтар күтеді? Атқарылатын жұмыстардың бірқатарына тоқталып кетсеңіз.
- Мемлекет басшысының адамдардың өмір сүруіне қолайлы орта жасау тапсырмасына сай 2025 жылға жоспарланған бірқатар жұмыс бар. Соның бәрі қаржымен бекітіліп, орындалса, нәтижесі көрініп, оны халық сезінсе, біз үшін, яғни менің әріптестерім үшін үлкен қуаныш. Ауданның дамуына осы аудандық мекеме басшылары мен қызметкерлері де мол үлестерін қосуда. Сондықтан барлық әріптестеріме, аудандағы барша ұжымға бірлескен еңбегіміз нәтижелі болғай деген тілегімді жолдаймын. Бірлесіп атқарған қызметтеріне ризашылығымды білдіремін.
2025 жылы Махамбет ауылішілік жолдарды жөндеудің ІІІ кезеңі басталады. Ұзындығы 18 км құрайтын ауылішілік көшелерге асфальт төсеу жобасына қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізіліп, мердігер мекеме анықталды. Өткен жылдары басталған Алға, Ортақшыл, Таңдай, Ақтоғай, Сарайшық, Махамбет, Жалғансай ауылдарындағы ауылішілік жолдарды салу жұмыстарының барлығы аяқталса, Махамбет ауылының ішкі жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Талдыкөлдің кірме жолы да биылғы жылы аяқталады деп күтіліп отыр.
«Мерей-Жалғансай», «Бейбарыс», «Алға» электр желісі жобалары осы жыл ішінде аяқталады. Бұл жұмыстар аяқталғанда аудан елді мекендерінің электр энергиясымен қамту қуаттылығы мен тұрақтылығы нығаятын болады. Және жаңа ықшам аудандарды электр көзімен қамтиды. Махамбет ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілсе, 3 апатты үйде тұратын 21 пәтер иелері жаңа баспанаға көшіріледі. Таңдай ауылында жаңа дене шынықтыру кешені, Ақтоғай, Жалғансай, Таңдай, Есбол, Талдыкөл ауылдарында ашық спорт алаңдары пайдалануға беріледі. Ақжайық ауылындағы ашық спорт алаңы жөнделеді.
Есмахан, Көздіқара, Атамбаев, Бала Ораз ауылдарына құбыр арқылы таза ауыз су беріледі. Талдыкөл және Алға ауылдарындағы жазғы су құбырлары жөнделіп, пайдалануға беріледі. Махамбет және Сарытоғай ауылдарындағы ауыз су желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Махамбет ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын үйдің кәріз суларын айдау станциясын жаңартып, модульдік насос станциясы орнатылады. Махамбет ауылының кәріз суларын шығару алаңына қосымша алаң құрылысы жүргізіледі. Сарайшықтағы ескі тұрғын үйден босаған әкімшілік ғимараты жөнделіп, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Алға және Бей барыс ауылдарының жаңа әкімшілік ғимараттары пайдалануға беріліп, жаңа ғимаратқа көшіріледі.
Талдыкөл ауылының көшелеріне, Махамбет ауылының көше жарығы жоқ кейбір көшелеріне жаңадан көше жарығы орнатылады. Аудан орталығының көшелері безендіріліп, үлкен ЛЭД экран орнатылады. Махамбет ауылының тұрғындары сұранысына орай қосымша 10 жерге автобус аялдамасы салынса, Алға ауылына екі жерге, Сарайшық ауылына бір жерге автобус аялдамасы орнатылады. «Атырау-Ақтоғай» қоғамдық көлігі ұйымдастырылады. Махамбет ауылында қосымша 10 жерге қоқыс жинау контейнер алаңы салынады. Ақжайық, Таңдай, Махамбет ауылдарындағы балалар ойын алаңдарына жөндеу жасалса, аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сарытоғай ауылындағы су тазарту қондырғысы тұсындағы жаға бекіту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалады.
- Қайрат Есқабылұлы, сізге және әріптестеріңізге табыс тілей отырып, алға қойған мақсатқа жетуге тілектестік білдіреміз. Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Қ.АЙТҚАЛИЕВ