Келісіп пішкен тон, келте болмайды

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында білім саласында басшылық қызметте болған ардагерлермен Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналған кездесу жиынын кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы былай деді:

- Тәуелсіздік жылдарында өркендеген, алға қарыштап қадам басқан құтты мекеніміз-Махамбет ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерейлі мерекесі шеңберінде ұйымдастырылған түрлі ауқымды шаралар жалғасы ретінде сіздерді салтанатты жағдайда қабылдауды ұйғардық. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, ұлағатты үлгілеріңіз, биік беделдеріңіз, абырой мен арды биік ұстанған қадір-қасиеттеріңіз кейінгі ұрпаққа өнеге мектебі екені даусыз,-дей келіп, шақырылған қонақтарды ауданның 90 жылдық мерейтойына арналған естелік медальмен марапаттап, кәдесый ұсынды. Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Саменов, аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев ардагер ұстаздарды құттықтап, марапаттау рәсімін жасады. Білім саласын дамытуға қосқан үлестері үшін сала ардагерлері Қ.Тағамбаева, Р.Құлшорина, Б.Тасқалиевалар аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың біріккен «Құрмет грамотасына» ие болса, С.Жайлашев, Г.Мырзагереева, М.Есенғалиев, Х.Ахтаубаев, Б.Масалимова, М.Бисеновалар мерекелік медальды омырауларына тақты.

Ұзақ жылдар бойы Д.Төленов мектеп-гимназиясын басқарған ұлағатты ұстаз М.Есенғалиев өзінің өмір жолына қысқаша тоқталып, ұстаз мәртебесі туралы әзірленетін заңға қатысты өз ұсыныс-пікірін білдірді. Кезінде Есбол орта мектебінің даңқын асырған білікті басшы, аудандық мәслихаттың қатарынан төрт шақырылымының депутаты болып сайланған М.Бисенова әріптесінің сөзін іліп әкетіп, кейде ескерусіз қалатындарын базына ғып айтты. Сондай-ақ өзі мектеп директоры болып қызмет атқарған жылдары мектептің қосалқы шаруашылығын ұйымдастырып, мал ұстап, бау-бақша егіп, өнімдерін базарға шығарып сатып, түскен қаражат есебінен мектеп оқушыларын жазғы каникул кезінде Батыр қала Волгоградқа, басқа да тарихи орындарға саяхатқа апарғаны туралы өткен күн естеліктерімен бөлісті. Қазіргі мектеп асханаларының жағдайына байланысты проблемалық мәселе көтеріп, нақты ұсынысын айтты. Ардагер ұстаздың ұсынысы аудан әкімі тарапынан қолдау тауып, ақылы қызметпен айналысу үшін арнайы есепшот ашудың заңдылығын зерттеу жөнінде жауапты адамдарға тапсырма берді. Мектепке дейінгі бала тәрбиесімен түбегейлі айналысқан Б.Масалимованың да айтар ұсыныс, ортаға тастар ойлары көңілге қонымды болды. Жалпы кездесу жиынына қатысқан ардагер ұстаздардың қай-қайсысы да қоғамнан тысқары қалмай, Елбасы Жолдауын насихаттауға, ұрпақ тәрбиесіне белсенді араласуға мүдделі екендіктерін айтты. Кездесу жиынын қорытындылаған аудан әкімі Ж.Ахметов алдағы уақытта осындай ардагер ұстаздардың басын біріктіріп, ортақ мәселені талқылайтын ақылдастар алқасын құру жөнінде ұсыныс берді.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT