«Келешек мектептері»: сапалы білімге кең жол ашатын бағдар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – білім саласын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған аса маңызды бастама. Бұл – еліміздің ертеңі саналатын өскелең ұрпаққа сапалы білім беру жолындағы нақты әрі нәтижелі қадамдардың бірі.

Себебі жаңа мектептердің салынуы тек оқушы орнының тапшылығын жоюмен шектелмейді. Бұл – білім беру сапасын арттырып, балаларымыздың заманауи талапқа сай жағдайларда білім алуына жол ашады. Жобаның аясында 217 мектептің салынып, соның 150-і қазірдің өзінде іске қосылғаны – жұмыстың қарқыны жоғары екенін көрсетеді. Қалған мектептердің алдағы үш айда толық аяқталуы – мемлекет тарапынан білімге жасалып отырған үлкен қолдаудың айқын дәлелі.

Аудандағы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа оқу кабинеттерін, пәндік зертханаларды, спорт және шығармашылық алаңдарын қалыптастыру – тек білім сапасын емес, балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде ауыл мен қала арасындағы білім теңдігін қалыптастыруға зор үлес қосады.

Мұндай жобалардың жүзеге асуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.Жаңа мектептердің салынуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жас мамандардың ауылға келуіне, жергілікті инфрақұрылымның жақсаруына мүмкіндік береді.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің болашағына жасалған стратегиялық инвестиция. Аудан тұрғындары бұл бастаманы толық қолдайды және жастарға заманауи, қолжетімді, сапалы білім беру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың жалғасатынына сенімді.

 

Ж.МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT