«КЕЛЕШЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында 5 жастан асқан балаларға арналған «Ке­лешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілетінін айтқан болатын. Ол мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, жүйе жоқ екендігін айта келіп: «...Сондықтан бес жа­стан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мем­лекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», - деді ол өз сөзінде.

Ата-аналарға балалардың оқуына ақша жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» бағдарламасы биыл қыркүйек айында іске қосылады. Жаңа жүйе қазіргі «AQYL» депозитіне ұқсас. Бірақ олардың өз ерекшелігі бар.

«Келешектің» басты айырмашылығы – ақшаның көптеп жиналуы. Себебі, есепшотқа ақша бірнеше көзден түсіп тұрады. Ал ең соңында баланың ұлттық қордағы үлесі ау­дарылады. Бірақ 18 жасқа толған жасөспірім грантқа түссе, ақшаны шешіп алуға бол­майды. Қазіргі жоспарға сәйкес, оны тек ба­спана сатып алуға жұмсауға болады.

Ал «AQYL» депозитінің шарттары бойынша бала грантқа түскен жағдайда барлық ақшаны мемлекеттік сыйақысымен бірге шешіп алуға болады. Сосын ақшаны басқа баланың атына аударуға мүмкіндік бар. «AQYL» депозитінің ақшасын шетелдің колледждері мен жоғары орындарының ақысын төлеуге де рұқсат берілген.

ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған жүйе шеңберінде балаға арнайы шот ашуға болады. Оған мемле­кет 60 АЕК (қазіргі 207 000 теңге мөлшерінде 5 жастағы балаларға) бастапқы капитал са­лады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осы­лайша, айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ. Ал ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке(10 350 теңге) дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың қосымша шаралары көзделеді, әсіресе өзгерістер жетім бала­лар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты болады. Сондай-ақ, ақшаның құнсыздануынан қорғау құралдары қарастырылған.

Өздеріңізге белігілі, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылған болатын. Бір айта кетерлігі, осы Ұлттық қор мен «Ке­лешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінде жиналған балалардың қаражатын біріктіріп, болашақта оқуға немесе баспанаға жұмсауға болады. Бұл жайлы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

– Бұл екеуі – екі түрлі бағдарлама. Бірақ бұл ақша оқуға түскен кезде бірігіп кетеді. «Келешек» бағдарламасына тоқталсақ, қазіргі таңда заңға өзгеріс енгізіліп жа­тыр. Сол себепті де қаражаттың қай банк арқылы берілетіні әлі нақтыланған жоқ. Бірақ банктерді таңдауда сенімді әрі қаржылай тұрақты банктерге басымдық берілетіні анық. Келесі жылдан бастап кез келген ата- ана банктерге барып, арнайы қорғалған есеп­шоттар аша алады. Ол жерге ең аз дегенде 1 АЕК көлемінде – 3450 теңге қаражат түсіп отырады. Бұл қаражат бала оқуға түскен уақытқа дейін жиналатын болады. Ата-ана­лар «Келешек» бағдарламасымен жинаған ақшасы мен Ұлттық қорда жиналған ақшаны сол кезде біріктіріп, баланың білім алу­ына жұмсай алады. Ал егер бала грант ала­тын болса, бұл қаражатты баспана сатып алуға жұмсай алады немесе оны бауырының оқуын төлеуге қалдыра алады. Бұл қаражатты жинаудағы басты мақсат – балалардың жоғары білім алуына жағдай жасау,-деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Сондай ақ, ол елімізде болашақта гранттар саны өзгеріп немесе азаюы мүмкін екендігін жасырмады. Сол себепті, қолданысқа енгізілгелі отырған бағдарлама ата-аналарға мемлекеттік грантқа сенім артпай, баланың оқуына алдын ала ақша жинауға мүмкіндік береді.

Б.САПАРОВА

 

«КЕЛЕШЕК» БІРЫҢҒАЙ ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУ ШАРТТАРЫ:

Бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бір реттік бастапқы капитал – 60 АЕК (қазіргі 207 000 теңге) түседі;

ата-ананың міндетті салымдары – ай сайын 1-3 АЕК (3 450 – 10 350 теңге);

мемлекеттің 7 пайыздық сыйақысы;

банктердің сыйақысы;

Бала 18 жасқа толғанда Ұлттық қордан түсетін ақша.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT