Автокөліктегі өрттердің орын алуы көп жағдайда көліктердің техникалық ақауы және қозғалтқыш бөлігіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болып жатады. Сол себепті автокөлік жүргізушілеріне көліктегі электр сымдарына назар аудару маңызды екенін ескерген жөн.
Көліктегі өртті болдырмауға және өрт қаупін төмендетуге болады. Ол үшін жүргізушілер автокөлікті уақытында техникалық тексеруден өткізуі және техникалық жай-күйін бақылап отыруы қажет. Ең алдымен әрбір автомобильде ақаусыз өрт сөндіргіш болуы керек. Қажет болған жағдайда өрт ошағын барынша тез және қысқа мерзімде сөндіруге кірісу үшін өрт сөндіргіш қолжетімді жерде болуы тиіс. Өрт сөндіргіш қозғалыс кезінде жүргізушіні көлік құралын басқарудан алаңдатпағаны жөн. Өрт сөндіргіштің жағдайын үнемі тексеріп тұрыңыз. Оның майысқан және ісінген жерлері болмауы керек. Баллонның қызып кетпеуі маңызды, бүріккіш еркін қозғалып, ал оның элементтері деформацияланбауға тиіс.
Кез келген өрт сөндіргіштің жарамдылық мерзімі төрт жылдан аспайды. Пломбасы сақталуға тиіс. Сонымен қатар өрт сөндіргіштің автокөлік ішінде орналасу қажеттігін ұмытпау керек. Баллонды жүк салғышқа лақтыра салудың қажеті жоқ. Өрт сөндіргішті салонға бекітіңіз, алайда қауіп туындаған жағдайда оған оңай жету үшін тым алысқа орналастырмаңыз. Өрт сөндіргішті пайдалану жөніндегі нұсқаулықты елемеуге болмайды. Төтенше жағдайға дейін пайдалану ережелерін оқу және есте сақтау керек. Жану белгілері – түтін, жалын немесе бір түрлі иістер байқалса, автомобильді дереу тоқтатып, электр тізбегін ажыратыңыз. Жолаушылардың денсаулығына және өміріне зиян келтірмеу үшін көлік құралын жедел түрде босату қажет.
Төтенше жағдайлар бөлімі