Жетпіс бала жаңа жылдық сыйлық алды.
Облысымызда әлеуметтік саланың дамуына айтарлықтай үлестерін қосып жүрген мұнай компаниялары аз емес. Соның бірі Каспий құбырлар консорциумы.Дүйсенбі күні аталған компания мамандары ауданымыздағы облыстық көмекші мектеп-интернатына келіп, жаңа жыл қарсаңында балаларға базарлық үлестірді.
Облыстық көмекші мектеп-интернаты директорының міндетін атқарушы Үміт Қабазованың айтуынша, мұнда бүгінде ерекше оқыту мен тәрбиелеуді қажет ететін 70-тен аса бала тәрбиеленуде. Оның ішінде үйден оқытылатыны – 2, жартылай жетім – 23, ата-анасы бар – 44, жетім -1, ата-аналары құқығынан шектелген балалар -5.
Бес жылдан бері балаларға қайырымдылық көрсетіп келе жатқан консорциум биылғы жылы мектеп-интернатта тәрбиеленуші 70 балаға қысқы күрте мен аяқ киім, төсек жабдықтары, оған қоса жаңа жылдық тәттілерін ала келіпті.
- Каспий құбыр консорциумы өндірістік жұмыстармен қатар, қайырымдылық жобалалармен де айналысады. Соның ішінде, жыл сайын жаңа жыл қарсаңында жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті киім-кешек, сыйлықтармен көмектесіп келеді. Биылғы жылы облыс бойынша 500-ден аса баланы қыстық киімдер, күнделікті тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырмыз.
Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады, - дейді компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі аға маманы Айна Жетісбаева.
Б.Сапарова