Көз дәрігері керек

Көп жылдай мектепте ұстаздық етіп, балаларды білім нәрімен сусындатқан едік. Қырық жылға жуық мектепте еңбек еткенде оқушы дәптерін тексеріп, көзімізге көп ауырлық түсті. Сондықтан ерте көзілдірік киіп, бірнеше жылдан бері көз дәрігеріне қаралып келемін.

Күні бүгін аудандық ауруханада көз дәрігері жоқ. Аптасына бір рет қаладан келетін көз дәрігеріне жазылып, енді соған қаралатын болдық. Соңғы кездері балалардан да көз аурулары шықты. Әр адам көзін тексертіп, көзілдірік алғаны дұрыс. Дәрігерлер көз ауруын ерте жастан емдеп жазуға болатынын айтып отыр. Балалар көбінесе компьютер, ұялы телефонға үңілгендіктен көзі кетпегенде қайтеді?

Біз әр ауданда көз дәрігері болғанын қалаймыз. Мәселен, көршілес Индер ауданында бірнеше жылдан бері көз дәрігері тұрақты жұмыс істейтінін білеміз. Зейнеткерлер қауымы үшін көз дәрігері керек-ақ. Өздігінен жүруі қиын зейнеткерлеріміздің өзі аптасына бір рет келетін көз дәрігеріне кіре алмай қиналуда. Махамбеттегі ауруханада дәрігер-маман отырса, кез келген уақытта барып, қаралмаймыз ба? Қалаға сабылып, немесе келетін дәрігерді күтудің өзі уақыт алады.

Сондықтан ауданға халық үшін көз дәрігері керек екенін «Жайық шұғыласы» газеті арқылы тиісті орындардың қаперіне бергім келеді.

С.ШАЛТАНОВА,

зейнеткер-ұстаз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT