Өткен бір әзірде Құрманғазы ауданының Сафон ауылында тұратын ананың 80 жасқа толу салтанатына куә болғанымыз бар. Өзгешелеу форматта ұйымдастырылған шараның тағылымды жақтары есте қалды. Шаңырақта жеті ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, бәрін оқытып-тоқытып, жоғары білім алуларына жағдай жасаған алтын құрсақты анаға арналған кездесу жиыны ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, онда саналы ғұмырын колхозда сауыншы болып өткізген қайсар ананың еңбек жолы, көрген бейнеті туралы тұстастары, абысын-ажындары шынайы естеліктерімен бөлісіп, ананың мерейін тасытты.
-Он жеті жасында келін боп түскен Мұғипаны көре қалдық, қаншама қиындық көрсе де, бір қабақ шытуды білмейтін,-дейді кезінде ұзақ жылдар бойы колхоз басқармасы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған Файзулла ағамыз өткен күндерге ойша оралып. Бір сауыншыға 28 сауын сиыры бекітілген. Таңғы төрт жарымда сауын басталады. Өйткені, күн қызбай тұрып, 40 литрлік флягаларға құйылған жаңа сауылған сүтті колхоздың жалғыз Газик машинесіне тиеп, аудан орталығындағы сүт зауытына жеткізу керек. Сүт ашып кетсе, еңбегіміз еш кетеді. Сиыр күніне екі мезгіл сауылады. Бұзауларды баптап күту де сауыншылардың мойынында. Үйде шиеттей бала-шаға, күн сайын келімді-кетімді кісілер бір арылмайды. Қолында қабағымен үйдегілердің бәрін ығыстырып отыратын ел ішінде патша кемпір атанған адуынды енесі бар. Оның бабын табу да оңай емес.
Ал ері Құмар болса, бала-шағасының несібесі үшін айлап, үйдің бетін көрмей, ашық теңіздің үстіне шығып, белуардан су кешіп, ау қайырып жүргені. Шүйкедей ғана әйел жалғыз өзі осыншама шаруаға жыл он екі ай бойы бір бітпейтін колхоздың күйбің тірлігіне қалай шыдап жүрді екен деп осы күнде таң қаламын. Қазіргі келіндер мұны ертегі-аңыз санайтын болар, міне, кімнен үлгі алу керек,-деп ауылдастарына сөз арнаған Файзулла ақсақал ұрпақтар сабақтастығы жөнінде ойларын ортаға салды.
Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Атырау қалаларынан келген шаңырақтың құдалары да қарапайым еңбек адамына көрсетілген ауылдастардың, жергілікті басшылықтың ықыласына риза болып, үйренетін үрдіс екен, елімізге айта барамыз деп біраз қауқылдасып қалды.
Мұның бәрін неге тәптіштеп айтып отырмыз? Екінің бірі сексенге келіп жатыр емес пе? Жоқ, мәселе басқада. Елбасы пәрменімен аз қамтылған отбасы балаларына берілетін 21 мың теңгенің төңірегінде әңгіме көп. «Естіген құлақта жазық жоқ», тіпті кейбіреулер үйдегілердің отбасылық табысы шекті межеден асып кеткендіктен ерлі-зайыптылар уақытша, шартты түрде ажырасайын деп жатқан көрінеді... дейді. Бұл не деген сұмдық? Ал бірге тұратын қартайған аналарын басқа мекен-жайға тіркеуге әрекеттеніп, әбігерге түсіп жүргендер де жоқ емес. Мұндай ар-ұяттан жұрдай пысықайларға не айта аламыз? Әлі де болса, ойлануға кеш емес. Бір сәтке бір өзі қолмен күніне екі мезгіл 28 сиырды сауған, жоғарыда аталған тоғыз баланың анасының жанкешті тірлігін көзге елестетіп, бәлкім тәубеге келер деген сенімдеміз. Мемлекет жарылқайды екен деп, бала туғанына бәлсініп, қол қусырып отыруға бола ма?!..
Н.ТЕЛЬМАН.